Руханият

Мұраты асқақ Мәңгілік Ел

Қазақ халқының мыңдаған жылғы тарихи тәжірибесінен, Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен қазақстандық жолдан туындаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен мазмұндас.

Осылайша, кемел келешекке байсалды қадамдар жасау жолындағы Ұлы Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты артта қалған ғасырлар құндылығымен сабақтасып, жалғасып жатыр.

«Мәңгілік Елдің» мақсаты – ұлттық сана-сезім мен отаншылдықтың дамуының жоғары деңгейіндегі, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімі бар қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелерін тәрбиелеу.

Орта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының басты міндеттерінің бірі – еліміздің болашағының біртұтас іргетасын және жалпыазаматтық біріктіруші мақсат жүйесінің негізін құратын жаңа идеологиялық тұжырымдама «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық патриоттық идеясы мен Патриоттық Актісін жүзеге асыру болып табылады. Ол мектеп мазмұнына академиялық пәндер, зерттеушілік және сабақтан тыс іс-әрекет, тәрбиелік шаралар, қосымша білім, элективті курстар арқылы енуде.

«Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық патриоттық идеясы құндылықтарының қоғамдық санада, білім беру мен тәрбие жүйесінде бекуін қамтамасыз ету бойынша «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыратын республикалық институттың жоспарына сәйкес жақында 2017 жылдың маусым айында Сарыарқаның сәукелесі, Арқаның алтын тәжі, бақ қонып, қыдыр дарыған қасиетті Қарқаралыда 25 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары көшпелі ««Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы негізінде тәрбие мазмұнын жаңарту» тақырыбындағы қысқа мерзімді курсқа қатысып, біліктіліктерін арттырды.

Курстың мақсаты: білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларының кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру.

Курстағы тыңдаушылардың алғашқы күннен-ақ ынтамақтасқан ортада, бірлескен қарым-қатынаста жұмыс жасауы әркімнің бойындағы оң тұлғалық қасиеттерінің, көшбасшылық сапаларының кеңінен ашылуына түрткі болды. Курстың әрбір күнінде теориялық білім тәжірибемен ұштастырылып отырды, бұл өз ретінде жұмыс тиімділігін көрсетіп жатты. Жеке өзіндік жұмыстар, топтық жобалар, ықшам шараларды жоспарлау, таныстырылымдарды қорғау сынды жұмыстар тыңдаушылардың мектептегі тәрбие жүйесі жұмыстарын тың серпінмен, жаңашылдық және шығармашылықпен атқаруға дайындығын байқатты. Әрине, бұл курс жетекшісінің жоғары біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігінің нәтижесі.

Курс жетекшісі ББЖ ҚБАРИ «Менеджмент және ақпараттық технология» кафедрасының аға оқытушысы К.Жақсылықова «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясы негізінде тәрбиенің мазмұны мен құрылымы, отбасы тәрбиесінің құндылығы, білім беру үдерісіндегі тәрбиелеу әлеуетін жоғарылату, оқыту және тәрбиелеу үдерістерінің интеграциясы, жалпы білім беретін мектептердегі тәрбие үдерісін ұйымдастыру барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тәжірибесімен танысып, өз мектептері үшін бейімдеу мүмкіндіктері жайлы, тұлғаны әлеуметтендірудің және тәрбиелеудің жаңа мазмұнын ендіру, мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарының функциясы және басқару мәдениеті, тәрбиелеу үдерісін психологиялық-педагогикалық қолдау және басқа мәселелерге кеңінен тоқталды. Мектептегі тәрбие жұмысы жүйесін жоспарлауды кемелдендіру, мақсатты дұрыс қоя білу – нәтижеге жетудің бірден-бір шарты екенін түсіндірді. Атқарылып жатқан істерге сараптама жасап, кемшіліктерді анықтау, тәрбие жұмысы түрлері мен әдіс-тәсілдерін жетілдіру секілді жұмыс түрлеріне тоқталып, тиімді әдістердің нәтижелі жағын алуға бағыт-бағдар берді.

Курс барысындағы ББЖ ҚБАРИ профессорлық – оқытушы құрамының (С.Мұхамбетжанова – п.ғ.д, МжАТ кафедрасының меңгерушісі, Ө.Қыдырбек – МжАТ кафедрасының аға оқытушысы) онлайн сабақтары да тыңдаушылар қауымына ерекше әсер қалдырды. Тыңдаушылар онлайн режиміндегі дәрістерді тыңдап, өз білімдерін қашықтықтан оқытудың әдістемесі, қашықтықтан оқытудың жаңа түрлерімен (скринкаст, подкаст, вебинар) толықтырды.

Сондай-ақ, курс тыңдаушылары «Өрлеу БАҰО» АҚФ Республикалық институтының «Менеджмент және ақпараттық технологиялар» кафедрасы «Цифрлық мектеп» идеясын енгізу мақсатында «SMART-сауаттылықты қалыптастыру: ақпараттық және интеллектуалдық технологиялар» тақырыбы бойынша өткізілген республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн семинарға да қатысты. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының мектеп басшылары және орынбасарларымен мобильдік және смарт-технологияларды пайдаланудың мектепті басқару ісінде, оның ішінде тәрбие жүйесін басқару мәдениетін қалыптастыруда маңызы зор екендігі жайлы өз ойларымен бөлісті.

Мектептің тәрбие жүйесін жаңаша құру және дамыту тәсілдері мен дағдыларының жүзеге асырылуы және әріптестермен тәжірибелер бөлісу мақсатында курс тыңдаушылары үшін Қарқаралы ауданы Талды ауылындағы «№19 жалпы білім беретін орта мектеп» КММ-де, Қарқаралы қаласы Мәди Бәпиұлы атындағы №44 орта мектепте көшпелі тәжірибелі сабақтар ұйымдастырылды.

19 жалпы білім беретін орта мектебінде өлкетану мұражайы тәрбие көзіне айналған. Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың мол мұрасы, ауыл тарихы, ұлттық мәдениетімізді ұлықтайтын залдар курс тыңдаушыларына туған елдің тарихынан, дәстүрінен мол мағлұмат берді. Мақсат Оспанқұлов басқаратын ұжым оқушыларға «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясы аясында патриоттық тәрбие беруде көптеген игі істер жүргізуде.

Сондай-ақ, білім беру ұйымында «Салауатты ұрпақ» жобасын кезең-кезеңімен іске асыру барысында балалардың салауатты өмір салтын ұстану дағдыларын қалыптастырудың кешенді, үздіксіз жүйесін құру көзделген. Бұл бағыттағы тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Майра Түсіпбекованың еңбегі зор екендігін атап кетуге болады.

Келесі көшпелі тәжірибелік сабақ Мәди Бәпиұлы атындағы №44 жалпы білім беретін орта мектепте «Тәрбие мазмұнын жаңарту жағдайындағы педагогикалық ұжымның тәрбиелеу үдерісін жетілдіру» тақырыбында семинар жұмысы арқылы ұйымдастырылды. Білім беру ұйымындағы оң өзгерістер, тың жобалар, әріптестердің қоржынына мол ақпарат жиналуына мүмкіндік берді. Білім беру үдерісіндегі тәрбиелеу әлеуетін жоғарылату, оқыту және тәрбиелеу үдерістерінің интеграциясы аясында «Оқу шаттығы», «Жас кәсіпкер», «Жас орманшылар», «Дұрыс таңдалған мамандық-болашақтың жарқын кепілі», «Үш тілді ілгерілету» бағыттарындағы жүйелі жұмыстарын педагогикалық ұжым жоғары деңгейде көрсете білді. Семинар барысындағы «Ынтымақтастық және өзара іс-әрекеттегі жұмыс», «Қабілеті жоғары оқушылармен жұмыс», «Жасөспірім арасындағы зорлық-зомбылықтың және суицидтің алдын алу іс-шаралары» тақырыптарында өткізілген коучингтер өзектілігімен ерекшеленді. Мектеп директорының міндетін атқарушы С.Әкімбеков, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары З.Қайырбекова, Г.Нұрхайдарова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Искакова «Мәңгілік Ел» идеясы негізінде мектепті дамудың жаңа сатысына көтерудегі тың ізденістердің ұйытқысы екендігін көрсете білді.

Курс жетекшісі К.Жақсылықова екі мектептің тәрбие мазмұнын жаңартудағы оң өзгерістерін атап өтіп, педагогикалық ұжымға мектеп әкімшіліктеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, аталған курсты жоғары деңгейде ұйымдастыруда аудандық білім бөлімінің бастығы А.Елеусізов, әдіскері А.Төлеуханованың зор еңбектерін ерекше атап кетті.

Курс соңында тыңдаушыларға сертификаттар табыс етілді.

Курс тыңдаушыларға Мәңгілік Елге бастайтын жаңа серпіліс, жаңа бағыт, шығармашылық белсенділік пен жігерлі рух сыйлады. Курстан қосымша терең мазмұн, рухани азық алған мектеп басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары тың идеямен қанаттанып, ризашылықпен тарқасты.

Курс тыңдаушылары атынан ҚР ББЖКБАРИ ұжымына, курс жетекшісіне үлкен алғысымызды білдіріп, еңбекте шығармашылық табыстар тілейміз.

Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!

Б.Жекенова, Ә.Сәбитова,

6, №17 мектеп

директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button