«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»Бас тақырып

Мүмкіндігі шектеуліге шектеу бар ма?

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастырып, оларды қоғамның бір мүшесі ретінде сезіндіру үшін мемлекет ауқымды шараларды жүзеге асырып жатыр. Ал, екінші жағынан еңбек өнімділігі төмен деген желеумен ондай азаматтарды жұмысқа алудан қашатын мекемелер де жоқ емес. Дегенмен, бүгінде барлық мекемелер, ұйымдар мен кәсіпорындарда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмыс орны қарастырылған. Ол үшін арнайы квота бөлінеді. Мұнда бастысы – адамның жұмыс істеуге ынтасы және мүмкіндігінің болуы. Себебі, облыста барлығы 68 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның барлығы жұмыс істей алады деген сөз емес.

Облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиевтің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамның жағдайы мен денсаулығына қарай жұмыс табу қиын емес.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында да жұмыс істеуге қабілеттілері бар. Денсаулығы жарап тұрса, жұмыс табу проблема емес. Жергілікті жұмыспен қамту орталықтары немесе Еnbek.kz порталы арқылы жұмыс таба алады. Мәселен, порталда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы баған бар. Онда адам өзінің қалауына, еңбекақы көлеміне, жеңіл- ауырлығына қарай жұмыс таңдай алады. Айтқанымдай, денсаулығы жараса, жұмыс істегені жақсы ғой. Әйтпесе, мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы жетпейді, – дейді ол.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұсынған дерегіне сәйкес, өткен айда жұмыс сұрап келген 816 мүмкіндігі шектеулі жанның 735-і жұмысқа орналасқан. Басқарманың баспасөз қызметі мәлімдегендей, 324 адам бос жұмыс орындарына, 343 адам қоғамдық жұмыстарға, 26 адам әлеуметтік жұмыстарға, 8 адам жастар практикасына жіберілсе, 4 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысуда. Одан басқа 30 адам кәсіптік білім алуға жіберілген.

Қазақ соқырлар қоғамының Қарағанды оқу-өндірістік кәсіпорны тікелей мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасайды. Кәсіпорын директоры Бақытбек Бейсебаевтың айтуынша, биылғы жылдың өзінде 13 адам жұмысқа орналасқан.

– Олардың барлығы жұмыспен қамту орталықтары арқылы келгендер, – дейді Бақытбек Бейсебаев. – Әлеуметтік, қоғамдық жұмыс орындарында істейді. Мәселен, тігін цехында, қаптау, гүлдерді сорттау, себет тоқу, үй жинастыру деген сияқты қолдарынан келетін жұмыстар беріледі. Біз оларға кейін тұрақты жұмыс тауып беруіміз керек.

Алайда, тұрақты жұмыс табу қиындау. Көп басшылардың мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алғысы келмейтіні жасырын емес. Дегенмен, «оларға ренжуге болмайды» деп санайды Бақытбек Бейсебаев.

– Әдетте жұмыс беруші бір адамның 2-3 міндетті қатар орындағанын қалайды және соны жасай алатын адамдарды алады. Бұл – коммерциялық жағынан, әлбетте, тиімді. Оның да басқа жұмыскерлері, міндеттемелері, жауапкершілігі бар. Ол адами тұрғыдан жұмысқа алғысы келсе де, коммерциялық жағынан алмайды. Оны да түсінуге болады деп ойлаймын. Сондықтан, ренжудің қажеті жоқ. Көбінесе мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін түсіне алатын өз ортасында болғанды жөн көреді, – дейді Б.Бейсебаев.

Биыл облыстың 80 кәсіпорнына 207 квота бөлінген. Ол осыншама мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыруды міндеттейді. Мемлекеттің бұл талабы бойынша олар жұмыс тауып беруден бас тарта алмайды. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 244 адам жұмысқа орналасқан. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында айтқандай, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту үлесі – 36,1%. Бұл жоспардың асыра орындалғаны екен.

Жансая ОМАРБЕК.

 

Басқа материалдар

Back to top button