Жаңалықтар

Мүмкіндігі шектеуліге – кең қолдау

Мемлекеттің әлеуметтік саладағы басымдық берген бағыттарының бірі – еліміздің кедергісіз аймаққа айналу мәселесі. Оған жетудің басты амалы – қоғамдық ортаны мүгедектердің еркін өмір сүруіне бейімдеу. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі адамдардың жұмыспен қамтылуы – бірінші орында.

Әрине, бұл санаттағы адамдардың өзіндік қажеттіліктері бары анық. Барлық жұмыс түрлері оңтайлы бола бермесі де сөзсіз. Жұмыспен қамту кезінде осынау маңызды жайтты ескерген абзал. Облыс өңірлерінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары әр адамның ерекшелігіне қарай бос жұмыс орындарын ұсынуда. Соның нәтижесінде мемлекет қолдауын тауып, өз кәсіптерін бастаған мүмкіндігі шектеулі азаматтар баршылық.

Нұра ауданында жыл басынан бері 40 кембағал жан 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына қатысқан. Аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді оқыту курсына бір адам жіберілсе, екінші бағыттағы «Бастау бизнес» курстарына сегіз адам қатысу мүмкіндігін алды. – Аудандық жұмыспен қамту орталығы мүмкіндігі шектеулі 11 адамға уақытша жұмыс орындарын тауып берді. Ал, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл адамдар айрықша назарды талап етеді. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарды бірінші орынға қоямыз, – дейді Нұра аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақбала Диханбайқызы.

Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс істеуге деген ынтасы мен жауапкершілігі жоғары.

  • Мүмкіндіктері басқа адамдармен бірдей болмаса да, ол кісілердің ерікжігері мықты. Тек оларға жан-жақты қолдау қажет, – деді ол.

Жезқазған қаласында жұмысқа орналасу бойынша өтініш білдірген мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатары әлдеқайда көп. Қаладағы халықты жұмыспен қамту орталығына келген осындай 86 адам «Еңбек нарығы» базасына тіркеуге алынды. Оның жартысы әйел адамдар болса, 28-і жастар екен.

  • «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру аясында, қысқа мерзімді оқуға 10 адам, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқуға 3 адам жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 8 адам орналастырылды. Сонымен қатар, жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша бір адам жұмыспен қамтылған болса, 58 мүмкіндігі шектеулі жан қоғамдық жұмыс орындарына тартылды. Мемлекеттің қолдауынсыз тұрақты жұмыспен қамтылған мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 32 адамды құрады, – деді Жезқазған қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Абай Әзімбаев.

Мамандар мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алатындығын айтады. Жалпы облыс бойынша 784 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылды.

Осындай адамдарды жұмысқа орналастырып сауапты іспен айналысамын деген кәсіпкерлерге де мемлекет айрықша қарайды. Әлеуметтік кәсіпкер ретінде оларға бірқатар қолдау бар. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты жұмыспен қамту бағдарламасы нәтижесінде осы санаттағы азаматтар үшін арнайы жұмыс орындарын ашқан жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялайды.

Сондықтан, халықты жұмыспен қамту орталықтары бизнес құрылымдарын әрі сауапты, әрі пайдалы іспен айналысуға шақырады. Тұрақты жұмыс орындары – мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамның белсенді мүшелеріне айналудағы негізгі жолы екенін естен шығармайық.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button