«Мәңгілік мейірімнің» иесі

Әже мен немеренің арасын не байланыстыруы мүмкін? Бұл сауалға әжесін сағынғандар әрқалай жауап берер. Менің ойымша ол – шексіз мейірім мен риясыз махаббат. Кейіннен ол мәңгілік сағынышқа айналар бәлкім?!

Сағыныш демекші, «жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайтынына» көз жетті. Бәрімізді бір үйдің баласындай бауырына басқан әжеміз тау секілді мұнарланып, бүгінде тек биігінен қарап тұрғандай алыстап кетті. Өткен жыл мамырының ең ауыр қайғысы – әжеміз өмірден өткен күн болатын.

Әже үшін немере «ыстық» болатынын білетінмін. Оны көзі тірісінде бәрімізге күнде сездіретін. Көзі кеткенде керісінше біз жиі іздейтін болдық. Әсіресе, атамның орнын жоқтатпай, Қызыларайдағы қара шаңырақтың егесіне (иесіне) айналған әжеміздің бізден қамқорлығын аямаған шақтары жүрекке ерекше мейірім қалдырған. Мен оны «мәңгілік мейірім» деймін. Сол мейірімге қанған немерелері үшін әрқашан ата мен әже баласы атану – үлкен талас, дау тудыратын.

Жалпы, нағашы атамыз Кәрім мен әжеміз Дәкен Қызыларай кеңшарында дүниеге келген. Кәрім ата(м) еңбекке жастайынан ерте араласқан. Атамыз әкесі Біләл жыраудың арабша хат таныған, сауатты кісі болғанын айтып отыратын. Кеңасу колхозының басқармасы қызметінде болған Біләл ақсақал баласының ұстаздық жолды таңдағанын құп көрген. Содан атам Қарқаралы педагогикалық училищесіне түсіп, бастауыш мектеп мұғалімі мамандығын алғаннан кейін туған ауылы Кеңасудағы мектепте алғашқы ұстаздардың бірі болып еңбек жолын бастаған.

Атамның әскери шені болғанын жақсы білетінбіз. 1954 жылы әскер қатарына алынып, Балтық теңізі әскери флотында үш жыл Отан алдындағы борышын өтеген. Елге әскери теңізші шенімен оралғаннан кейін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Әжеміз екеуі 1958 жылы отбасын құрып, 11 бала тәрбиелеп өсірген. Әрине, әрбірінің өмірден өз орнын табуына айтарлықтай ықпал етті. Ауыл өмірінде, әсіресе 1941-1945 жылдары тылда еңбек етіп, бейбіт күнді жақындатуға қосқан үлестері өз алдына бөлек әңгіме…

Әжем Дәкен Үсенбекқызының әкесі Үсенбек Жүнісов Қызыларай колхозын ұйымдастырып, мал шаруашылығында ферма меңгерушісі болып жұмыс істеген. Анасы Жамал Қанысбайқызы ақжарқын, елге сыйлы, ақкөңіл жан болған.

Бүгінде әжем мен атамның балалары өмірде өз жолдарын тауып, әрқайсы үлкен шаңыраққа айналған. Бала-шағасынан 20 немере, 8 шөбере сүйген жандар.

Біз әлі күнге басқа әжелерді көргенде, өзіміздің І, II дәрежелі «Ана даңқы» төсбелгісімен марапатталып, «Батыр Ана» атанып, «Алтыннан алқа» тағынған аяулы әжемізді сағынамыз. Үлгі алар тұстары көп еді. Алдымен, әжеміздің арқасында ерекше мейірімге бөленіп өскеніміз өз алдына, кісіге қиянат жасамау, міскінге көмектесу, қайырым көрсету секілді қасиеттерді қатар үйреткен. Өсек, ғайбат айтпаудан бастап, үлкенді сыйлауға дейінгі тәрбие жолы әже тәлімінен жетті. Тіптен, бес күн жалғанда уақыттың қадіріне жетуді ерте сезінген әжеміз бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Бәрімізге иманды аналардың озық үлгісін көрсетіп, Алла Тағаладан туыс-жекжаттың, немере-шөбересінің амандығын тілейтін.

Әлі күнге «Пәлі, бесін кіріпті ғой, намазымды оқып алайын» деп отыратынын еске аламыз. Біреуді сыртынан ғайбаттағанға «қойыңдар» деп тиып тастайтын.

Әжемнің өзі ойлап тапқан ерекше дәстүрі бар еді. Ол – берекелі әңгіме айтып, ән салатын алыс-жақын туысты үйіне бір жинау. Ақ дастархан төріне Сүйіндік аға Жанысбай, марқұм Мейірхан аға Адамбеков бастаған құрметті қонақтар жиналатын. Мейірхан аға анасы Раузаның (атамның әпкесі) Қызыларайдағы төркінін сағынып, әнге қосып шығарған «Қызыларай таулары» әнін орындайтын. Әжем көңілі босап, тыңдап қалушы еді…

Атам 73 жасында өмірден өтсе де, әжеміз үнемі «балаларым – байлығым» дейтінін еске салып отыратын. Осылайша, туған-туыс арасындағы татулық дәстүрін сақтай білді. Бар бақытын бала(ларынан)дан көрген әжеміздің ортамызда жоқтығына жыл өтіпті. Ақ жаулығы желбіреп, әлемнің бар мейірімін бізге жиып әкеле жатқан бейнесін сағынамыз.

Өлім барын сездірген ең ауыр қайғы болғанымен, Әжеміз өлді деуге қимайтын жан еді. «Жазмыштан озмыш жоқ». Нұрланған бейнесі мәңгілік сағынышымызға айналды. Жаныңыз жәннаттан болсын, Әжетай!

Аяулым СОВЕТ.