Абай ауданының “Тең қоғам” ресурстық орталығында мүгедек балаларды қолдау және әлеуметтендіру мәселесіне арналған кездесу өтті.

Бұл шараға Абай ауданы әкімінің орынбасары Дәріжан Мырзахметова, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Ольга Матакова, аудандық білім беру және әлеуметтік бөлімдерінің басшылары, аудан әкімінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, аудандық орталық аурухана директорының орынбасары қатысты.
Жиын барысында мүгедектігі бар балалардың қоршаған орта мен балалар ұжымдарына бейімделуі, олардың мектептер мен балабақшаларда әлеуметтенуі, сондай-ақ қолжетімді түзету және оңалту орталықтарын дамытудың қажеттігі талқыланды.
Мұнда мүгедек балалардың толыққанды дамуы, оқуы, қатарластарымен қарым-қатынас орнатып, қоғамдық өмірге белсене қатысуы үшін қолайлы жағдай жасау, олардың заңды өкілдеріне қажетті қолдау көрсету мен сүйемелдеуге ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу ашық әңгіме түрінде өтіп, оған қатысушылар бұл мәселеде туындайтын мәселені шешу жолдарын да белгіледі.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы



