Мәдениет тазалықтан басталады
16 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күні. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде «World Cleanup day 2023» деп аталған акция өтті. Қарағанды да тыс қалмады. Волонтерлер мен мемлекеттік қызметкерлер және ерік білдірген тұрғындар шаһардың гүлзарларын қоқыстан тазартты.
Акция барысында Қарағандының Оңтүстік-Шығысындағы «Ескі әуежай» аталып кеткен көлік базарының маңындағы гүлзар тазартылды. Демалыс орнын қоқыс басыпты. Пластик пен шыныдан аяқ алып жүре алмайсыз. Тұрмыстық қалдықтар да тау болып үйіліп жатыр. Бір автобус толып келген еріктілер мен мемлекеттік қызметкерлер айналдырған бір жарым сағатта қоқыстың бәрін қапқа салды. Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Айман Құлатаева бұл акцияның маңызы зор деп отыр. Себебі, қала да адам ағзасы секілді тазалықты талап етеді.
– Еліміздің дүниежүзілік акцияға қатысуы – маңызды. Қазақстан «Жасыл экономика» қағидатын іске асыра алатын және 2030 жылға дейін орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге қабілетті екенін көрсете алады. Осы орайда тұрғындардың белсенділігі аса қажет. Тазалық дегеніміз – мәдениет. Мәдениеті жоғары елдің болашағы жарқын. Қарағандылықтар барынша жауапты болса дейміз, – деді департамент басшысының орынбасары Айман Құлатаева.
Тілеужан Әбдірешова есімді еріктілер тобының жетекшісі сенбілікке өзінің достарымен келіпті.
– Меніңше, бұндай акция әр апта сайын өтіп тұруы керек. Осы сенбілік арқылы да елдің дамуына зор үлес қосуға болады. Қарағанды – Қазақстан бойынша ластанған қалалардың бестігінде. Бұл – көңілге үрей ұялатады. Әрекетке көшу қажет, – деді Тілеужан Әбдірешова.
Сенбілікке қатысқандарға ұйымдастырушылар арнайы ойын-сауық бағдарламасын да әзірлепті. Жан-жақтан жиналған экобелсенділер үшін түрлі байқаулар өткізілді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»