Бас тақырып

Мәдениет майталмандарының мерейі

С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Қарағанды облысы әкімінің дәстүрлі сыйлығын мәдениет майталмандарына салтанатты табыстау шарасы өтті. Ауқымды жиында аймақтағы өнер мен мәдениетке еңбегін сіңірген үздіктер бас қосты. Осымен 18-ші рет ұйымдастырылған шараның «Мамандыққа адалдығы үшін» атты Бас жүлдесін һәм екі миллион теңге ақшалай сертификатын С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, сахна саңлағы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков пен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік басшысының орынбасары Ғазиз Әжбағамбетов жеңіп алды. Ал, әріптесіміз, Қазақстанның Құрметті журналисі Сағат Батырхан «Алтын жолақ» аталымын олжалап, Арқа баспасөзінің мерейін тасытты.

– Қарағанды облысы елімізге табиғи байлығымен ғана емес, сонымен қатар дарынды әрі даңқты өнер саңлақтарымен танымал. Атап айтсақ, Тәттімбет, Мәди, Жүсіпбек Елебеков, Сыдық Мұхамеджанов, Манарбек Ержанов, Күләш Бәйсейітова және Қайрат Байбосынов қасиетті Арқа жерінен түлеп ұшып, күллі қазақтың мақтанышына айналған. Бүгін осы залда ұлт музыкасы мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын ғасырдан ғасырға жалғап келе жатқан кешегі аға буынның сара жолын жалғаушы жандар отыр. Мемлекеттің міндеті мәдениеттегі озық дәстүрді сақтау, жаңа бастамаларға ынталдандыру, тың ізденістерге батыл қадам жасай алатын жандарға қолдау көрсету. Ендеше, өнеріміз бен мәдениетіміз өркендей берсін, – деді облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.

Байқауға облыстың шалғай ауылдарынан да үміткерлер құжат тапсырған. Облыс әкімінің сыйлығы бекітілген күннен бастап, 425 адам осы сыйлықтың лауреаты атанды.

Биыл әкім сыйлығына алғаш рет «Жыл архивисі» номинациясы енгізіліп отыр.

Бұл жылы байқауға 97 өтінім берілген. Облыс әкімінің мәдениет, өнер саласындағы сыйлықтары 24 номинация бойынша табысталды.

– Аймағымыз қашанда таланттарға бай. Театрларымыз, жекелеген әншілер, күйшілер, актерлер түрлі халықаралық бәйгелерде топ жарып жүр. Бұл облыс әкімдігі мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауының арқасы. Осы сыйлықты алып, толқып тұрмын. Барлық номинанттарды құттықтаймын. Мәдениет пен өнерді қолдау осылай жалғаса берсе, біз еңбек етуден, биік шыңдарды бағындырудан шаршамаймыз, – деді Кеңес Нарынбайұлы.

Салтанатты рәсімнің мерекелік бағдарламасына кәсіби әртістер мен көркемөнерпаз ұжымдары қатысып, кештің көрігін қыздырды.

«Жыл артисі» номинациясы – С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының артисі Айдос Нұрмағамбетов пен Академиялық музыкалық комедия театрының артисі Мария Васильеваға, «Үздік эпизодтық рөл» аталымы – Балалар мен жасөспірімдерге арналған Теміртау театрының артисі – Наталья Снегиреваға, «Жылдың театр режиссері» номинациясы – Теміртау қаласындағы «Современник» халық театрының режиссері Виктор Горемыкинге бұйырды.

Ал, «Эстрадалық жанр вокалисі» аталымын – Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арай» ансамблінің солисі Ренат Қонақбаев, «Классикалық жанрдың үздік вокалисі» аталымын – Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігі «Әуен» ансамблінің солисі Нұрбол Темірғалиев, «Халық әнін үздік орындаушысы» номинациясын – Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің солисі Ришат Шабденов жеңіп алды.

«Жылдың инструменталисі» аталымы – Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптар академиялық оркестрінің артисі Амангелді Үсенов пен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің және Академиялық музыкалық комедия театры оркестрінің артисі Вадим Латыповке, «Үздік жеке аспапта орындаушы» аталымы – Қ.Бай­жанов атындағы концерттік бірлестіктің «Мерей» ансамблінің солист-инструменталисі Людмила Пропищанға, «Жыл дирижері» номинациясы – Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің бас дирижері Ерлан Бақтыгерейге, «Жыл композиторы» атағы – Қарағанды гуманитарлық өнер колледжінің директоры Есжан Әміровке, «Жыл хореографы» аталымы – Нұра ауданы мәдениет үйінің «Шұғыла» ансамблінің хореографы Хасимхан Нұрқұланға, «Балет және хореографиялық ұжымның үздік артисі» номинациясы – Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблінің артисі Айсұлу Ахметжановаға бұйырды.

Ал, «Үздік көркемөнерпаздар ұжымының жетекшісі» атағын – «Қайран жастар» халық хорының көркемдік жетекшісі және Қарқаралы ауданының мәдени-сауық орталығының «Салтанат» ән-би ансамблінің хормейстері Темірбек Сыздықов, «Үздік бос уақытты ұйымдастырушы» аталымын – Қарағанды қаласының «Теміржолшылар» мәдениет сарайының басшысы Серік Мұқанов, «Ауылдың үздік мәдениет қызметкері» аталымын – Бұқар жырау ауданы Ақбел ауылының клуб меңгерушісі Гаухар Молдабаева, «Ауылдың үздік кітапханашысы» атағын – Шет ауданы Ақой ауылының кітапханашысы Шолпан Ахметбекова, «Үздік кітапханашы» номинациясын – Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының орта және жоғары мектеп жасындағы балаларға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Марина Подгайнова, «Үздік айтыскер» аталымын – «Айтыстың ақтаңгер» атанған айтыскер ақын Дидар Қами, «Үздік музей қызметкері» атағын – облыс­тық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов, «Жылдың үздік суретшісі» аталымын – қазақстандық танымал суретші Кәріпбек Күйіков, «Үздік архивист» номинациясын – Қарағанды облысының мемлекеттік архив бөлімінің басшысы Ольга Беркун жеңіп алды.

Кәріпбек Күйіков пен Кеңес Нарынбайұлы сахнаға көтерілгенде халық тік тұрып, қол соқты. Адал еңбек ақталды деген осы.

Салтанатты шарада мәдениет пен өнердің үздік қызметкері атанып, «Алтын қобыз» мүсінін иеленген жеңімпаздарға 1 000 000 теңгенің сертификаты мен диплом табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button