Бүгінде Теміртау қаласында жүзден аса ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осында олар құрған 10 ұлттық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осы құрылымдарға қала әкімінің ақшалай сыйлық сертификаттарын тапсыру салтанаты өтті.

Металлургтердің Мәдениет сарайында өткен салтанатта сөйлеген сөзінде Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев:
– Биылдан бастап, қаламыздың әкімі Ораз Тәуірбековтің шешімімен аталған этномәдени бірлестіктерге қаржылай қолдау көрсету ұйғарылды. Қазірде оның қоры 3 миллион теңгені құрайды. Олардың жұмысын одан әрі дамытып, өрістету үшін біз бүгін әрқайсына 300 мың теңгеден табыс еткелі отырмыз, – деді.
Салтанатты шара басталар алдында Мәдениет сарайының фойесінде ұлттық этномәдени бірлестіктердің көздің жауын алатын көрмесі болды. Келген жұрт қаз-қатар тізілген жайма сөрелерден ұлттық нақыштағы бұйымдар мен қолөнер туындыларын көріп, тамашалады. Мәселен, «Қазақ мәдени орталығының» өкілдері Қымбат Ахметова, Сәлима Тоқбаева, Советкүл Бекбосынқызы өздері оюлап тіккен құрақ көрпелері мен жастықшаларын әкеліпті. «Әнвар» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің басшысы Рифат Хакимов өздерінің ұлттық киімдерін жарнамалап жатса, «Понтос» грек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің сөресінен 19 ғасырда жасалынған лира аспабын көре аласыз. Ал «Қарағанды облысы бойынша Жетісу казактарының одағы» қоғамдық бірлестігі филиалының өкілі, казак киіміндегі мұртын ширатқан зейнеткер Евгений Отводенко құрылғанына бір жыл болған өз ұйымдарының казактар қауымдастығының жақсы дәстүрлерін жаңғыртып, жастар бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруды мақсат етіп отырғандарын айтты. Бұдан басқадай немістердің «Видергебурт», әзірбайжандардың «Достлуг», чуваштардың «Шанчек», орыстардың «Берегиня», кәрістердің «Кореяна», поляктардың «Полония» этномәдени бірлестіктері ұсынған жәдігерлер ешкімді де бейжай қалдырмай, көпшіліктің қызығушылығын туғызды.
Келесі кезекте ғимараттың акт залында жоғарыдағы этномәдени бірлестіктердің әрбіріне Самат Саятұлы Теміртау қаласы әкімінің 300 мың теңгелік сыйлық сертификаттарын табыстап, салтанат соңы олар әзірлеген үлкен концертке ұласты.
Жалпы «Қазақстан – ортақ үйіміз» айдарымен өткен бұл шара құрыш қаладағы этникааралық және ұлтаралық келісімді одан сайын нығайта түсері сөзсіз.
Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz