АймақБас тақырып

Ұлытауды ұлықтау – туризмді түлету

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясы бүгінде Алты Алаштан асып, оның негізінде атқарылған істер алты құрлыққа белгілі деңгейге жетті. Мақалада қойылған міндеттер мен мақсаттар тұрғысынан қолға алынған ауқымды іс-шаралар аз ғана уақытта талай белесті еңсеріп, қоғамдық көзқарасты, сана-сезімді дүр сілкіндірді. Біз тегімізге үңіле бастадық, тарихымызды зерделеу үстіндеміз, бүгінгі ұрпақ ұлтымыздың бай рухани қазынасын елдің ертеңіне пайдалану бағытын ұстанды. Соның бір саласы – бүкіл түркі жұртына ортақ мұра іспетті киелі жерлердің мәртебесін көтеру, оны қалың жұртшылыққа кеңінен таныстыру.

Осындай киелі орындардың бірі – Ұлытау. Мемлекет басшысы Ұлытауда туристік орталық қалыптастырып, халқымыз тәу ететін, шетелдік туристер тамсана тамашалайтын орынға айналдыруды күн тәртібіне қойып отыр.

Ұлытау өңірінің жер аумағы бүкіл Қарағанды облысының 30 пайызға жуығын алып жатыр. Археологиялық зерттеулер мұнда алғашқы адамдар қауымдастығының мекендерін, тастан жасалған қару-жарақтары мен құралсаймандарын тапты. Біздің заманы мызға дейінгі IV-III мыңжылдықтарда Жезқазған алқабы әлемдік өркениет орталықтарының бірі болғанын білеміз. Араб географы Әбілғазының жазбаларында Ұлытау мен Кішітауда орналасқан мыс кеніштері VIII-X ғасырларда оғыз-қыпшақтардың «Ыстықкөл, Алмалық, Сайрам, Қаратау сияқты Евразияға танымал елді мекендердің бірі болды» деп жазылған.

Академик Әлкей Марғұланның есебі бойынша Ұлытау баурайында 30- дан астам ордалар мен тұрақтар бар. 736 архитектуралық, тарихи-мәдени ескерткіштер есепке алынған. Оның ішінде республикалық маңызға ие 11 ескерткіш бар. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» тізіміне Ұлытаудан 9 ескерткіш енгізілген. Табиғат ескерткіштері, табиғи ландшафтар ғылыми сараптап, маңызын анықтап, мемлекет қамқорлығына алуды қажет етеді. Осы орайда мемлекет, бақуатты кәсіпкерлер, аудан тұрғындары Алашахан, Жошыхан кесенелерінен бастап 30-ға тарта тарихи ескерткішті қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстарын жүргізгенін айта кету керек.

Ұлытау өңірінде Жошы ордасының орнауы, Шыңғыс тұқымының Еуразиялық саясатында ыңғайлы орталық болуы бұл өңірдің даңқын шығарды. Ол бірнеше жүздеген жылдар түркімоңғолдардың хандары, батырлары, ақсүйектері, дегдар топтары үшін саяси-әкімшілік орталық болды. Қазақ хандарының, атақты тайпа көсемдерінің мүрделері жерленген пантеон да осы өңірде. Жошы мазарының төңірегіндегі қорымдарда үш жүздің іргелі тайпалары мен руларының таңбалары бар. Ел қамын жеген ер Едігенің Ұлытаудың ұшар басына жерленуінде де үлкен мән-маңыз жатыр. Аты аңызға айналған Алашаханның сәулетті әрі айбынды кесенесі Кеңгір өзенінің жағалауында тұр. Ұлытауда Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласты. Үш жүздің өкілдері Таңбалы-Нұра бұлағының жақпар тасына таңбаларын қашап жазды. Осы жерде қазақтар ақ киізге көтеріп, өзінің көшбасшы хандарын сайлаған. Қазақ хандығын құрып, ел тізгінін қолдарына алған Керей мен Жәнібек сұлтандар, қасқа жолдың иесі Қасым хан, кейін Абылай хан алты ай жазда ордасын Ұлытауға тігіп, қазақ елінің төрт құбыласынан туған мәселелерді қарап отырған.

Ұлытаудың ең биік шыңы – Тәңірмен тілдесетін нүкте саналатын Әулиетауға жұрт басын иіп тағзым етеді. Осы тұрғыдан алғанда Ұлытауды өзге рухани-мәдени үрдістердің киелі орындары болып табылатын Шамбала, Иерусалим, Койлас, Фудзияма, Мұса таулары сияқты әлемдік деңгейдегі киелі таулардың қатарына қоюға болады.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, қазіргі таңда шетелдік туристерді бес жұлдызды қонақ үйлер мен қымбат мейрамханалар аса қызықтырмайды. Керісінше, олар 3-4 бөлмелі хостелдер (үнемді пәтерлер) мен шағын қонақ үйлерге жиі тұрақтайды және жүріп-тұру үшін ат, түйе, арба секілді көлік түрлерін немесе кейде жаяу жүруді таңдайды. Әсіресе, шетелдік саяхатшылар жергілікті халықтың ұлттық тағамдарын жеп, сусындарын ішіп, тағамның жаңа түрлерімен танысуды жөн санайды. Жоғарыда айтқанымыздай, осы орайда Ұлытау аймағында туризмді дамытудың мүмкіндіктері өте көп. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда көлік-логистика жүйесі, транспорт және жол құрылысы біршама қарқынды дамыды. «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары іске қосылды. Азия және Парсы шығанағы, Европа елдері арасында тікелей теміржол байланысы орнатылды. Оның үстіне бұл жол Үлкен Жезқазған орбитасына Торғай даласының Оңтүстік-шығыс бөлігін тартуға жағдай жасады. 2016 жылы «Жезқазған-Қызылорда» жолаушылар пойызы жүре бастады, енді Түркіменстан, Иран, Түркия елдерімен, Маңғыстау облысымен байланыстыратын 8 жолаушылар пойызы қатынайтын болады. Мемлекеттік маңызы бар «Жезқазған-Ұлытау» тасжолы күрделі жөндеуден өтті. Кейінгі жылдары «Жезқазған-Қарағанды», «Жезқазған-Қызылорда» көлік жолдарын жөндеуге мән беріліп, қарқыны мен сапасы артып келеді. Облыс әкімі Ерлан Қошанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлытаудың қасиетті нысандарына алып баратын жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын жолдардың жөнделе бастағанын және бұл мақсаттарға 2,7 млрд. теңге бөлінгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Ұлытауда туристерге арналған визит-орталық пен этноауыл салынатындығы белгілі. Бұның барлығы жылына 50 мың турист қабылдайтын туристік кешен қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Ұлытау аймағына келетін туристерді сапарларының мақсатына қарай тынығуға келгендер, таныстары мен туыстарына келушілер, ғылыми-зерттеу, зерделеу үшін келгендер, сырқатына шипа іздегендер, шетелдік қонақтар деп жіктеуге болады. Осы өңірге өткен жылы 11 мыңнан астам турист келіп қайтты. Туристердің сапарын ұйымдастыру, қызмет көрсету түрлерін кеңейту, экскурсиялардың танымдықақпараттық деңгейін сапасы өсіп келеді. Халқымыздың салт-дәстүрлерін насихаттау мақсатында өткізіліп жүрген «Терісаққан көктемі», «Көкмайса» этнофестивальдері, «Мың бала» студенттер жиыны, «Хан қорық» жастар фестивалі, аймақ туристерінің форумы, ат спорты түрінен тартысты сайыстар өткізу дәстүрге айналған.

Туристік-экскурсиялық қызметті ұйымдастыру бағытындағы тәжірибелік сипатқа ие алғашқы қадамдар – аймақта туризмнің заманауи түрлерін дамытудың негізі және басты алғышарты. Бұның бір мысалы ретінде ел Үкіметінің Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтікэкономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасында «Ұлытау-Ел» туристік инвестиция жобасын іске асыруын айтуға болады. Жоспарға сәйкес, Қазақ география қоғамының кешенді экспедициясы Ұлытау өңірінің елді мекендері мен табиғатын, экономикалық жағдайы мен географиялық ерекшеліктерін зерттеді, үш тілде «Ұлытау» жол көрсеткіші шығарылды. «Ұлытау-Ел» туристік-инвестициялық жобасының тұғырнамасы дайындалу үстінде. Аудан орталығы Ұлытау селосын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көшелерді асфальттап, тротуар төсеуде, жарықтандыруда үлкен шаруалар қолға алынғаны байқалады. Аудан орталығында 500 адамға арналған қоғамдық тамақтану орындары, 150 адамдық жатын орындары, жоспарланған этно ауылды қосқанда 200-ге жуық киіз үйлер туристерге қызмет көрсетуге дайын. Спорт кешені пайдалануға берілді. Ауданның тарихи-өлкетану музейінің құрылысы басталды. Кәріз жүйесі тартылып жатыр. Ұлытауда туризм индустриясын құруға бағытталған нақты істердің жалпы көрінісі көңіл қуантады. Енді уақытта әуелі туризмді дамытудың экономикалық негіздемелерін және нақты туристік маршруттарды дайындауды қарастыруы керек. Екіншіден, Ұлытауды ұлттық туристік орталыққа айналдыру мақсатында аудан тұрғындары арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу, оларды жаңа кәсіпті игеруге ынталандыру. Үшіншіден, туризмді әртараптандыру үшін «Ұлытау» ұлттық табиғи саябағы мен «Ұлытау-Арғанаты» табиғи кешенін құру мәселесін шешуді жеделдету қажет. Одан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР ҰҒА Ботаникалық бағымен, Зоология институтымен, басқа да ғылыми-зерттеу орталықтарымен бірлесе отырып, Ұлытаудың орман қорын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтап, қалпына келтірудің, дәруменге бай жергілікті арасан суларының бұлақтарын, емдік қасиеті бар тұзды көлдердің балшықтарын зерттеп, медициналық туризм ге пайдаланудың жолдарын ғылымипрактикалық тұрғыдан түпкілікті шешуі тиіс. Ұлытау флора-фаунасын терең зерттеп, дәрілік өсімдіктерін анықтау мақсатында географ, биолог ғалымдардан құралған ғылыми экспедициялар ұйымдастыру керек. Бесіншіден, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде Жезқазған-Ұлытау аймағындағы туризмді дамыту мәселелерімен айналысатын ғылыми-зерттеу орталығын құру, үш тілді гид-экскурсия жетекшілерін дайындау мүмкіндігін қарастырған жөн. Алтыншыдан, облыстың кәсіпкерлік басқармасы республикалық, халық-аралық туристік көрмелерге Ұлытау ауданының қатысу мүмкіндіктерін қарап, қолдау жасап отыру қажет деп есептейміз.

Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер қауымы Ұлт Көшбасшысының Ұлытауды туристік орталыққа айналдыру жөніндегі бастамасын жүзеге асыруға өз үлестерін қосып келеді. Біздің ғалымдар 2012 жылдан бері бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Солардың ішінде, «Қарағанды облысының Ұлытау-Жезқазған аймағында туризмді дамыту және аумақтық ұйымдастыру» атты жобасы және «Қарағанды облысында туризмді дамыту және аумақтық ұйымдастыру» жобасы (жетекшісі – география ғылымдарының кандидаты, доцент Кания Тұрсынбаева), сондайақ, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Мырзалы жетекшілік еткен 2013-2015 жылдардағы «Ұлытау тауларының флорасын зерттеу» тақырыбындағы жобасы үлкен маңызға ие. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің грантын ұтып алған жобалар. ҰлытауЖезқазған аумағында туризмді ұйымдастыру және дамыту проблемасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Соңғы 4 жылда 7 кітап жарық көрді, олардың арасында 2 монография, 1 оқу құралы, 1 оқу-әдістемелік құрал, туристік шағын энциклопедия, туристерге арналған жолсілтеуіш және тағы басқалары бар.

Әлемдік тәжірибеде туризм табыс көзі жағынан мұнай мен газдан кейінгі орынды иемденеді. Жоғары дәрежеде ұйымдастырылған туристік индустрия әр саяхатшының қаржысы есебінен жаңадан 9 жұмыс орын ашуға мүмкіндік береді. Қазақстан экономистері туризмді дамытуға салған әр 1 теңге 8-10 теңге таза табыс әкелетінін айтып отыр. Бұған қоса өңірдің инфрақұрылымы дамиды, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарады. Түйіп айтқанда, Ұлытауды туристік орталыққа айналдыру – елдің құты, жұртшылықтың игілігі.

Әбділмәлік ТӘКІШЕВ,

Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button