Руханият

Ұлыны құрметтеу – ұрпақты тәрбиелеу

Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды.

Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды.

Иса Байзақов.

«Басты бағыт – Рухани жаңғыру» деген Елбасының көсемдік сөзінен бергі ұмыт болған ерлері мен әкелерінің сырын білгісі келетін бүгінгі ұрпақтың екі-үш тобымен кездескенімнің бірін көпшілікке айтпақшымын.

Үстіміздегі жылдың шілде-тамыз айларында бұрын өзім қызмет еткен Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылының Базартай Бектұрғанов, Кәрібек Жолманов бастаған бір топ жігіттері Ұлытау өңіріндегі Қотырбұлақта жатқан бабалары Қаражігіт Төлебайұлының басына барып, бейітінің орны жоғалмай тұрғанда қоршап, көрнекті белгі қалдырғысы келетіндерін айтты. Жастардың жақсы ниетін аяқсыз қалдырғым келмеді. Жасым сексенді алқымдаған қарт адаммын. Жастардың маған қолқа салу себебі – өткен ғасырдың 50-ші жылдарының аяғы мен 60-шы жылдардың басында педагогикалық институтта оқитынмын, сол кез Ғылым академиясының әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінде істейтін ғалым Балтабай Адамбаевтың тапсыруымен Алшын Қаражігіт би туралы облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне шағын мақала бергенмін. Балтекең бұдан кейін де «Сен тұрған ауылда (ол кездегі Карл Маркс атындағы кеңшар) Қаражігіт Төлебайұлының ұрпақтары бар, солармен сөйлес» деген болатын. Рас, ауылдағы Есжан Орынбаев, Әубәкір Шалов молла,  Оңғар Махамбетов, Рамазан Елеусізов ақсақалдар Қаражігіт биден тараған ұрпақтар екен.

Бір әңгімеде Рамазан мерген Елеусізұлы Қаражігітке «Би бол» деп бата берген Бала би Досбол дегенді айтқан болатын. Ол әңгіме мынау еді. Алшын ішінде бір ер өлімі болып, ер құнын шығаруға билер жиналса керек. Билер сапырулы қымыз, бал шырын қаймақ, сары қазыдан дәм татып, ешнәрсеге асықпайды. Ел ығыр болады. Төрде Бала би (Досбол) сөйлеп отырғанда үйге бір қара жігіт кіріп:

– Билер, дат! – дейді. Бала би:

– Датың болса, айт!– дейді. Сонда әлгі қара жігіт:

– Асқар тауда мін бар – желге

көшу бермейді.

Тулаған теңізде мін бар – елге

көпір бермейді.

Билерде де мін бар – дауға

шешу бермейді, – депті.

Бала би:

– Сөзің түйеден түскендей, өзің кімсің? – депті.

Қара жігіт тосылмай:

– Әкем – қара түн, шешем – қара күң. Мен бір туған ұл едім, мәнісін сұрап не ететін еді, – дегенде, Бала би тағы да:

– Әкең – қара түн, шешең – қара күң болса, мын сөз саған қалай жұғысты болған? – депті. Қара жігіт болса:

– Көлден ұшқан қоңыр қаз көл қадірін

білмейді.

Шөлден ұшқан дуадақ шөл қадірін

білмейді.

Тауда туып, таста өскен, ағайыннан

басқа өскен,

Ел қадірін білмейді.

Таудан аққан тас бұлақ теңізіне тартады,

Атадан туған асыл ұл негізіне тартады.

Мен елде туып, ер жеттім – алтын бесік елім бар, арманым елімнің ұлы болу, – деген.

(Қаражігіттің әкем – қара түн, шешем – қара күң дегені Төлебай ағасы өліп, жеңгесіне аяқ салған, Қаражігіт Төлебайдың жеңгесінен туған баласы екен).

Қаражігіттің мәнісін білген соң Бала би мына әңгімені айтыпты:

– Біз бала едік. Ауылымыз жұрт жаңартып көшетін, қонатын жер шалқар көлдің маңы болмаса, маржан бұлақтың жаны. Ел жаңа оңашада үй тігіп жатады. Біздің шаруамыз көлдің көктемгі қар суынан шегініп тақыр болған жағасына асық ойнау. Қалың өскен балғын ши, балауса құрақ ешкім көрмейді, тіпті, алысып, еңкеңдеп, тоңқаңдап мәзбіз. Ауылдың тайға мінген бір қарт кісісі біздің үстімізден шығады, тай үркіп басынан бөрік ұшады, тай одан әрі тулап, шал жығылады, жұлыны үзіліп өледі. Ауылдың үлкендері, билер жиналып шалға құн төлеттірмек болады.

Екі-үш би кеңесе келіп:

– Өлген адам – жас емес, қарт адам. Елу қара – ер құны. Балалар жиырма бес қара төлесін, – деп шешім шығарады. Сонда мен дүрмекке ілеспей:

– Датым бар, – дедім. Билер де, жиналған көпшілік те:

– Датың болса, айт, – деді. Мен:

– Елу қара – ер құны. Өлген адам жас емес, қарт. Сондықтан, құны жиырма бес қара десеңіздер, дұрыс. Бірақ, жиырма бес қараны балалардан басқа төлейтіндер, кінәлілер бар. Бірінші – желікпелі тайға мінген шал кінәлі, желігі басылған жуас ат мінсе, ол туламас еді, ел шуламас еді. Екінші – ұшып кеткен бөрік кінәлі, үшінші – тулап жыққан тай кінәлі, төртінші – билікті дұрыс айтпаған билер (саны – үшеу) кінәлі. Балалардың саны жиырма, кінәлілердің саны бесеу, бөліп төлеген мақұл болар, – дедім. Теріс сөйледі деген ешкім болмады.

Сөзімді тыңдап болған ел: «Бала, би болдың. Енді, сен Бала би бол» – деп, содан Бала би атандым. Енді, қартайғанда шилі сөзге араласқаным мақұл болмас, ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады. Ендігі билерің – мына Қаражігіт, – деген екен. Кіші жүзде Бала биден кейінгі әділ би Қаражігіт аты осылай таңбаланыпты.

Сол Қаражігіт  Төлебайұлы 1724 жылы туған екен. 74 жасында 1978 жылы қайтыс болып, Ұлытаудағы Сарыкеңгір ауылына жақын «Қотырбұлаққа» жерленген. 19 қыркүйек 2017 жылы аталарының басына ұрпақтары Базартай Бектұрғанов, Кәрібек Жолманов, Нұрша Игенбаев, Барбол Бахтияров, Махмуд Сүйіндіков, Мұхамеджан Куанышбеков, Сейілбек Мұстафаев, Қуанышбек Сыздықов, Зүлпін Сүлейменов, Берік Тәтиев баба аруағын риза етіп, құран оқытты, көрнекті белгі орнатты. Болашақта зәулім кесене салынып, ауқымды ас та берілер. Әзірге атқарылған істің басты демеушісі Алшынның Атымтай-Жомарты Берік Тәтиев болды. Қалған қаржыны ауылдағы аз ағайын жинаған екен. Қаражігіт баба рухына тағзым етуге қатысты жүргізілген іс-шараларының басы-қасында Ералиев ауылының абызы Қыстаубай Сәмен молла ұрпағы, ауылдың төл тумасы Қажымұрат Сәменов құран бағыштады.

Аз ғана ағайынның бірлігінің арқасында атқарылған осы бір игі істің астарында үлкен ұлағат жатыр. Көпке үлгі боларлық, әркімге ой саларлық ұлағат. Өскелең ұрпақ Рухани жаңғырудың тарихи маңызын терең түсінсе екен. Ауылдасын сыйламау, туысқанын танымау деген сияқты жағдайлар етек алып бара жатқан сияқты. Тіпті, ағайынды екі адам бірімен бірі күндес боп, бірінен бірі дәулетін асырғысы келеді. Өзімнен ешкім озбаса екен деген ниет дендеп барады. Бұл – рухани кемшілік.

Атыңнан айналайын Қаражігіт би Төлебайұлы, Арқа жеріне Батыстың қысымынан қашып қоныс аударғанда өзімен бірге ағайынын бірге ала келген. Елінің көшін бастап келіп, көсем болған, елінің бірлігін сақтап билік айтқан. Сол үшін даңғыл оймен даналық билігі бүгінге жеткен.

Іздеу салар інісі, ескеретін ері мен жері бар, ақылмен айтқан сөзі артыңда қалған ердің аты өлмейді. Бұл айтылған сөздің айғағы Қаражігіт бидің ұрпағының бүгінгі  ісі болды.

Қаражігіт Төлебайұлының аты – мәңгілік, ұмытылмайды.

Жақсыбай СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,

тарихшы – этнограф,

қарт ұстаз.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button