Руханият

Ұлыны ұлықтау – ұлт мерейі

   Әсілі, ұлыларды ұлықтау, жақсыларымыз бен жайсаңдарымызды дәріптеу – баршамыздың қастерлі парызымыз. Соның бірі – ұлттың ұлы ұстыны, Алаштың алдаспан абызы, майталман мәмілегер, сұңғыла саясаткер Қаздауысты Қазыбек би. Дала данышпаны, біртуар бірегей тарихи ірі тұлға, әз бабаның туғанына – биыл 350 жыл. Бұл мерейтой – күллі қарға тамырлы қазақ баласына ортақ, бірігіп атқарар сауапты әрі жауапты іс.

Сонау ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың 60 жылдары аралығында өмір сүрген Алаштың асыл перзенті елінің еркіндігі, ұлтының тәуелсіздігі, азаматының азаттығы жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, ат үстінде күн кешті. «Жар астынан жау, бөрік астынан бөрі шыққан» алмағайып аласапыран, ауыр заманда туған елі мен қасиетті жерін анталаған ашкөз дұшпандардан қызыл тілдің күшімен де, ақ найзаның ұшымен де қызғыштай қорғады. Кемеңгер бабаның ұлт пен ұрпақ алдында атқарған орасан зор еңбегі еш нәрсемен өлшенбейді. Бағасы жоқ. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында өмір мен өлім кескілескен қиын-қыстау кезеңде туған халқын алапат қырғыннан аман алып қалған баһадүр бабаларымыздың ерен ерлігі Мәңгілік Ел шежіресіне алтын әріптермен жазылып қалды. Бүкіл саналы ғұмырын ел шетінде, жау бетінде өткізген ғазиз баба – ұлт мақтанышы, қасиетті халқымыздың үлгі тұтар дана, дара тарланбозы.

Жаратқанның мейірімі түсіп, маңдайын күн сүйген Ұлы дала данагөйінің торқалы тойын жоғары деңгейде атап өту – жаны қазақ, қаны қазақ әрбір Алаш баласы үшін үлкен сын, зор мәртебе. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, той – көптеп-көмектеп атқарар аса маңызды игілікті шара. Сондықтан, баба аруағын ардақтаған әрбір ұлтжанды азамат шама-шарқына қарай қолғабыс тигізсе, қандай ғанибет! Мұсылман қауымның мүбәрак Рамазан айы басталды. Бұл – қайырымдылықтың, ізгіліктің, мейірбандықтың ұлық мерекесі. Бірлік пен ынтымақтың жарасқан жаймашуақ жарқын айы. Ендеше, осы сәтте ортақ іске жұмыла жәрдемдесу барша жамағаттың ардақты борышы болса керек.

Қазіргі уақытта баба тойына әзірлік қызу басталып кетті. Қарқаралы ауданының басшысы Халел Мақсұтов бастаған азаматтар осы жауапты істі өз дәрежесінде өткізу үшін нақты іс-шараларды бекем қолға алды. Қарқаралы-Егіндібұлақ өңірінен шыққан танымал азаматтар көмек қолын ұсынуда. Жаңадан ашылған баба қорына алғашқы болып заң ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ғалым, ел жанашыры Бақтыбай Жүнісов ағамыз бес миллион теңге қаржы аударды. Астанадан арнайы келген баба елінің тумасы, кәсіпкер Ғани Омаров мерейтойға арнап өз қаражатына ескерткіш (стелла) жобасын ұсынды. Осы ретте, ардақты ағамыз бен інімізге айтар алғысымыз шексіз.

Баба мерейтойының қорытынды шарасы 2017 жылдың 18 тамызында, жұма күні кемеңгер бидің Ата қонысы Егіндібұлақ ауылында өтеді. Тойға шет жұрттан Қытай, Монғолия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен ақын қандастарымыз келіп, жыр додасына қатыспақ.

Мерейлі тойға тарту-таралғы беруге пейілді азаматтар, ұйым-мекемелер мен кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары төменде көрсетілген есепшотқа қаржы аударса, нұр үстіне нұр болар еді. Алла істеріңізге сәттілік беріп, әулие баба аруағы Сіздерді үнемі қолдап-қорғап жүргей!

Мейір МҮБӘРАКҰЛЫ,

қор президенті, Қарқаралы аудандық

мәслихатының депутаты.

«Балқантау» қайырымдылық қоры»

жеке қоры

Есеп шот номері

Банк реквизиттері

ИИК: KZ136010191000354050

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ БАНКІ» АҚ

БИН: 170440035941, КБЕ18

БИК:HSBKKZKX, БИН:961041000115

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button