Ұлық мереке

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын! Қасиетті де, қастерлі Құрбан айт мейрамына аман-есен жеткізген Раббымызға сансыз шүкірлер болсын! Құрметті қарағандылықтар, қадірменді бауырлар! Баршаңызды алда келе жатқан ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Құрбан айт – жүрекке жылу сыйлайтын, жер жаһандағы адамзаттың барлығын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратын күн. Адамзат баласы бұл күні құлшылық, ғибадаттарын арттырып, құрбандық шалу сияқты сауапты істерімен Аллаға жақындай түсуге ұмытылады. Құрбан сөзінің өзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағынаны береді. Әлем мұсылмандарының басы бір жерде қосылып, қажылық парызын өтейтін де осы кез. Биылғы жылы қасиетті мекенге аттанған бауырларымыз ерекше көп. Қажылық орнына аяқ басқан біздің жерлес, қандастарымыздың да аман-есен елге оралуын нәсіп етсін деп тілейміз!

Жылдан жылға дәстүрлі дініміз қанатын жайып, халқымыздың дені дінге бет бұрып, Құрбан айт мейрамының да маңызы артып келеді. Елімізде мерекеге орай демалыс күні жарияланып, ұлық мереке мемлекеттік деңгейде тойланып жүр.

Мейрам күні айт намазынан кейін орындалатын құлшылықтың бірі –құрбандық шалу екені белгілі. Алла жолында құрбан етілген мал еті ағайын-туыс, жағдайы жоқ отбасылар мен жетім-жесірлерге үлестіріледі. Құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін төмендегі мына хадистен білуге болады: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан, құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» (Тирмизи, Адахи,1).

Құрбан айт – отбасылық мереке! Ата-аналарыңызға, балаларыңызға сыйлық сыйлау мерекенің сәнін кіргізе түседі. Өскелең ұрпаққа да мұндай үрдіс үлгі болады.

Мүбәрак мерекені жоғары деңгейде атап өту үшін Қарағанды облыстық орталық мешіті алаңында бірқатар игі іс-шаралар атқарылатын болады.

Құрбан шалу 12-ші қыркүйектен айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күнінің ақшам намазына дейін жалғасады. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдары жарамды. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы, бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.

Айт намазы Қарағанды өңірі мешіттерінде сағат 7.30-да оқылады.

Сіз бен біз болып қасиетті Құрбан айтты төрт көзіміз түгел, жақсы көңіл күйде қарсы алуға жазсын!

Құрметті ағайын! Шалған құрбандықтарыңыз, ниет-тілектеріңіз қа­был болсын! Алланың рақымына, Пай­ғамбарымыздың шапағатына бөленіңіздер!

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА,

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.