Ұлы Дала сарыны ой-санаға сергектік сіңірді

Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен Ерден Сандыбайұлы атындағы дәстүрлі ІІІ республикалық ұлттық аспаптарда орындаушылар байқауы кеншілер шаһарын үш күн бойы дүбірлі думанға бөледі. Бұрынғы жылдары қазақ халқының бәсі биік өнерін дәріптеуді мұрат тұтқан сынға тек қобызшылар ғана қатысып келсе, биылғы байқауға сыбызғышылар мен сазсырнай шеберлері, сондай-ақ, көненің көзі іспетті жетіген аспабында ойнауды жетік меңгерген өнерпаздар да шақырылды. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайын ұлттық рух кернеді. Ұлағат тұнған Ұлы Дала сарыны көрерменнің көңіл сарайын кеңітіп, ой-санасын сергітті.

Байқау басталмас бұрын оның қонақтары мен қатысушылары қаладағы жаңаша тұрпатты иеленген «Ақындар мен сазгерлер аллеясында» болып, оны абаттандыруға қатысты атқарылған істерді және келешектегі кешенді жұмыстар жоспарын жете бағамдады. Қала әкімдігі тарапынан қолға алынған шараларға тәнтілік танытып, ризашылықтарын білдірді.
Қалың қауым асыға күткен өнер додасының шымылдығы танымал тарихи тұлға, ел серкесі – Ерденнің төл перзенті Байменденің мезгілсіз қазасынан кейін мұң-шерге батқан бақытсыз шағын баяндайтын сахналық қойылыммен ашылды. Көрсетілімде ақиқаттан аңызға айналған сәт – Шоқай би, Досбол би, Асаубай шешен және жас қобызшы, аса дарынды ұлан Ықыластың атағы алысқа кеткен аға сұлтанға ағайындық жолмен қайғысын бөлісе келіп, еңсесін тіктеуіне дәнекерлік етуі, алуан қатпарлы болмысы зар-запыранға тұнған «Ерден» күйінің дүниеге келу тарихы нанымды бейнеленді.
Өзінің құттықтау лебізінде қала әкімі Асқар Ыдырысов өрелі өнер байқауының қоғамға қайтарымы мен құндылық тұрғысындағы мән-маңызын айрықша атап өтті.
– Ойлары мірдің оғындай, сөздері сексеуілдің шоғындай болған батыр бабаларымыз мына Сарыарқаның сайын даласын дүбірге бөлеп өткенін жақсы білеміз. Солардың бірі һәм бірегейі – 21 жасында қол бастаған дулығалы батыр, аға сұлтан, дуанбасы ретінде елге билік жүргізген Сандыбайдың Ердені. Ендеше, ел көңілі құлазығанда жұбатқан, жауға шапқан баһадүрге дем берген, жас өренді қанаттандырған ұлттық аспаптарымызға арналған байқауға Ерден бабамыздың есімі телінуі – заңдылық. Бұл аспаптар – ұлтымыздың тарихи-этникалық мәдениетінің ешқашан көнермес көзі, рухани қазынасы, баға жетпес мүлкі. Жаһандану аранында жұтылып кетпес үшін жан-дүниемізді жадыратып, рухымызды дүр сілкіндіретін осындай байқауларды ұйымдастыру – ұлы борышымыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тереңге тамыр жіберген қасиетті ұлттық кодтарымызды санамызда қайыра жаңғыртуға үндеп отыр. Түпкі мақсат, басты меже – осы. Бүгінгі байқау өнерлі өрендердің қияға қанат қағуына дәнекерлік етеріне күмәнсіз сенуге тиіспіз, – деді қала басшысы қатысушылар мен көрерменге арнаған қысқа да нұсқа сөзінде.
Асқар Абылайұлының айшықты сөзін ұтымды жалғастырған қазылар алқасының төрағасы Ермұрат Үсенов пен Ерден Сандыбайұлының тікелей ұрпағы, еңбек ардагері Қамариден Есназаров конкурсқа қатысушыларға шалқар шабыт пен сәттілік, жалпы жұртшылыққа жағымды көңіл күй тіледі.
Құттықтаулар легінен кейін көрермен назарына Сәтбаевтағы өнер мектебінің ұлт-аспаптары тобы мен Қарағандыдан арнайы келген «Арқа ажары» фольклорлық ансамблінің тартымды концерттік бағдарламасы ұсынылды. Өнерсүйер қауым сонымен қатар, танымал әнші Құрмаш Ыбышев әуелете шырқаған әсерлі әндерге де құлшына қол соқты.
Байқаудың екінші күні бастау алған іріктеу кезеңінде республиканың әр аймағынан келген өнерпаздар өзара сынға түсті. Іркілмеген үміткерлер кие қонған аспаптардан дүркіндете төгілген күй әуенін тыңдарман жүрегіне жеткізу үшін аянып қалған жоқ. Күңіренген қобыз, қоңыр әуезді сазсырнай, сыңсыған сыбызғы мен көңілге әдемі сезім шуағын ұялатқан жетіген үндері зал толы көрерменнің құлақ құрышын қандырып, рухани ләззат сыйлады.
Байқауға қатысушы үміткерлердің аспапта орындау мәнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Ермұрат Үсенов тізгінін ұстаған қазылар алқасы таразылады. Оның құрамында өнер мен мәдениеттің танымал майталмандары – Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің қылқобызшысы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Ықылас атындағы І республикалық қобызшылар конкурсының бас жүлдегері Құрманбек Жүгінісов, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Мұсақожаева, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Гүлфайруз Далғабай, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын қобыз» сыйлығының иегері, белгілі қобызшы Байғара Сәдуақасов және Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, өнертану ғылымының кандидаты Талғат Мұқышев болды.
Талғамы татымды қазылар алқасы ал­ғашқы кезеңде бақ сынаған 34 қатысушының арасынан екінші кезеңге 14 өнерпазды іріктеп шығарды.
Өнерлері бірінен-бірі өткен үміткерлер қазақтың ұлттық аспаптарының құдіретін тағы да қапысыз таныта білді. Десек те, байқаудың аты – байқау. Үшінші күнге ұласып, тартымдылығымен көрермен көңілін баураған қорытынды сын нәтижесінде бабы келісіп, бағы жанған қатысушылардың есімдері айқындалды.
Алғашқы кезекте дипломанттар санатындағы бес өнерпаз бен номинант мәртебесін иеленген екі үміткерге арнайы дипломдар мен сертификаттар табыс етілді. Байқаудың төрт ІІІ дәрежелі жүлдесі мен ІІ орынға тиесілі екі қомақты сыйақы сертификаттарын дипломдарымен қоса қазылар ұйғарымына сәйкес, тиісті тұлғалар еншіледі. Тартысты сынның І орынға тағайындалған екі сыйақы-жүлдесі (әрқайсысы – 200 000 теңгеден) алматылық Мариям Үсен мен Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Айдос Ақылбековке бұйырды.
Көш басынан көрініп, бас жүлдені жеңіп алған елордалық талантты өнерпаз Фариза Қосшығұловаға атаулы диплом мен 400 000 теңгенің сертификатын қала әкімі Асқар Ыдырысов тапсырды.

СӘТБАЕВ қаласы.
Ахат Құрмансейітов.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.