Руханият

Ұлы Абайдың жеті қыры

Қазақ елінің бүгінгі тәуелсіздігі биігінен көз салсақ, ұлттың руханият әлемінде тереңдеп зерттелмеген, әрі әділ бағасын ала алмаған талай «ақтаңдақты» көруге болады. Ал халықтың даму, өсіп-өркендеу тарихында «ақтаңдақтардың» болуы оны бұрмалауға, ұлттың мәйегі мол руханият мұраларының еленіп-ескерілуіне әкеп соғатыны белгілі. Сондықтан, түпкі мақсаттың бірі – Абай заманындағы тұлғаларға, қазіргі заман мен уақыттың биігінен, жаңаша көзқараспен зерделеу. Қазақ елінің бостандығын сақтап қалуға бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстың ұлттық санада тудырған сілкінісі мен серпілісі, оның көсемдері, ұлттық болмысымыз бен бітіміміздің, қайсарлығымыз бен ерлігіміздің символы – халықтан шыққан билерге саяси-құқықтық дәрежеде әділ бағасын беру.

Ал, енді, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы жағымсыз жағынан көрінген кейіпкерлер туралы, мұрағат деректеріне сүйене отырып, мағлұмат беріп кеткенді жөн көріп отырмын, оқырманның өзі әділ бағасын берер.

„Алшеке, алтын толған етегіне, Орыс, қазақ, бәрі ерген жетегіне…“ –деген Алшынбай Тіленшіұлы (1790-1868) шамамен 1790 жылдары туған, бабасы Қаздауысты Қазыбектің аруағы көтеріп, Орта жүздің төбе биі болған. Айбике-Шаншар елінің болысы әрі 1844 жылы Қарқаралы дуанының заседателі болған. Алшынбай Абайдың шешесі – Ұлжанның (1810-1887) аталас туысы да, әйелі – Ділдәнің (1848- 1924) атасы болып келеді. Ең сорақысы – бүгінгі күнге дейін ресми жарияланымдарда Ділдә Алшынбайдың қызы деп жазылып келе жатыр.

Сол шын асылдың сынығы Алшынбай – өз заманында ірі тұлға, қоғам қайраткері атанған адам, даланың әкімшілік тізгінін ұстаған. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенге сайып, ағымдағы сол кездегі саясатқа орайлас әрекетке көшкен.

1830 жылдың 24 сәуірінде Ресей патшасының арнайы шақыруымен (депутация) Петербургке барған. Аға сұлтан Тұрсын Шыңғысов пен сұлтан Құсбек Таукинмен бірге патшаның қабылдауында болып, Ресей Императорының қолынан бриллиантпен көмкерілген Анненск лентасындағы алтын медаль, қымбат тастармен әшекейленген қанжар және аса бағалы киімдер және 150 күміс рубль алады. Енді сол кездегі 150 күміс рубльдің қанша құнды екенін салыстырмалы түрде көрсетіп кетейік. Сол Санкт-Петербургке барған 7 адамға 4 сәуірден 26 сәуірге дейін, яғни, 22 тәулікте жұмсалған шығын 73 рубль болған. Оның ішіне, олардың сойған қойлары, ішіп-жеген тамақтары, жаққан ағаш пен көмірі, аттарға берген шөптері, жандырған майшамдарының құны кірген. Сол кезде ту биенің бағасы 20 рубль болған. Осы қабылдауда аға сұлтан Тұрсын Шыңғысов патшадан өзіне хан дәрежесін беруді, ол дәрежеге мұрагерлік жолымен баласы Төлекті тағайындауды, Бөкейдің тұқымдарына «князь» деген атақ беруді және тағы да депутацияны басқарып келуді өтінеді. Бірақ, ол өтініштерді патша құптамайды және тәртіп бойынша депутаттарды патша бір-ақ рет қана қабылдай алатын болған (ҚҰА. 338-қор. 1-байлам. 410- іс. 232-237, 345 беттер).

Алшынбай би басындағы патша саясаты – аға сұлтандыққа тек сұлтандар (төрелер) сайлансын деген саясатты бұзған адам. Қарқаралы округіне (дуанына) өз беделін және төбе би дәрежесін пайдаланып, сол кездегі әлі де болса ел тізгінін ұстап тұрған ірі шонжарлар, кәдімгі шынжырбалақ, шұбартөс байлар, Шыңғыс ұрпақтары – Бөкейханның немерелері бұрын аға сұлтан болып тұрған Кұсбек төре мен Жамантай (Тұрсын) Шыңғыс ұлдарын сұлтан етіп сайлатпай, өзінің әрі күйеу баласы, әрі құдасы Абайдың әкесі Құнанбайды сайлатып жібереді. Нәтижесінде Құнанбай Өскенбайұлы 1849 жылы Қарқаралы дуанына аға сұлтан болып сайланып, Алшынбайдың арқасында қарадан туып, хандыққа қол жеткізеді. Аға сұлтандықта қаламын деп әрекеттеніп, Алшынбайдың аузын алу үшін Құсбек төре оған төрт мәрте сыйлық жіберіпті (ҚҰА. 374-қор. 1-байлам. 2695-іс. 41-42 беттер).

Қуандық-Алтай елінің шежіресін жазған, елімізге белгілі ғалым-жазушы Рашит Каренов өзінің «Қареке Таңшолақ би» деген еңбегінде былай деп жазады: «Әрі би, һәм болыс болып, ел басқарған Алшынбай Қуандық Таймас болыстың үйінде қонақта отырып, осы үйге кіріп келген қауғадай қара сақалды Таңшолақты көріп: «Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін Қареке руының Таңшолақ шешені осы ма?» – депті. Бірақ, Таңшолақ жауап қатпапты. Кейіннен Таңшолақтан: «Неге Алшынбайға жауап бермедің?» – деп сұрағанда, ол: «Жауап берем деп ыңғайлана беріп қарасам, Алшынбайдың екі иығында екі періште отыр екен, осыдан кейін тілім байланды да қалды. Екеуі аузыңды ашып көр, тұрған бойында жұтып жібереміз дегендей, маған екі айдаһар болып көрінді» – жауап беріпті.

Осы арада Алшынбай би мен Құнанбайдың арасындағы бір әңгімені келтіре кетейік.

Алшынбайдың қартайып, тұғырдан түсуге таянған шағы болса керек. Ол Құнанбайға: «Екеуміз Құдай қосқан құда болдық. Менің де шапағатым тиген шығар, әйткенмен, Алла жар болып, қарадан шығып хан болып, аға сұлтандық дәрежеге жеттің, бүкіл дуанды биледің. Енді маған өкпең болмас» – десе керек. Құнанбай: «Алшеке-ай, менде қандай өкпе болсын, аға сұлтандықтың атағы менікі, ал абыройы сіздікі болды ғой. Аға сұлтан бола тұрып, мен бес болыс Тобықтының басын қоса алмадым. Ал, сіз ешқандай да лауазым иесі болмай-ақ, Қарқаралы дуанының жиырма төрт болыс елін ашсаң алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда ұстадың» – деп жауап берген екен.

Алшынбай Ағыбай батырды ақтап алу үшін көп еңбек сіңірген, 1858 жылы Қарқаралыда Ағыбай батырды ақтап алу мақсатында Орта жүздің игі жақсыларын жинап «съез» ашып, қазақ халқының атынан 65 болыс қол қойып, патша ағзамға кешіру хатын Ағыбаймен бірге Омбы генерал-губернаторына өзі алып барған.

Кемеңгер Қаздауысты Қазыбек ұрпақтарының бәрі де зор болғанын мына әңгімеден көреміз. Өзі шешен әрі ісмер, қолөнер шебері болған Абайдың әйелі Ділдә бір жақсы тон тіккен екен. Құнанбайдың тәрбиесінде болған Абайдың үлкен баласы Ақылбай тонға қызығып, сұраса Ділдә күліп: «Тонды өз балаларым киеді, сен атамның баласы едің ғой» – депті. Сонда Ақылбай:

„Қазыбек арғы атаң әулие өткен,

Дүниеден фәни-жалған о да өткен.

Қиыр шеттен бір адам «баба» десе,

Аруағы сол сағатта келіп жеткен.

 

Бекболат туып қалған артық заттан,

О дағы қарғағанын дереу атқан.

Орта жүзді билеген Абылай да,

Қаймығып, ақыл алған Бекболаттан.

 

Тіленші одан туған ел билеген,

Одан қорқып Арғынға жау тимеген.

Алдына барған жанға әділ екен,

Тентекті, тәртіпсізді нанша илеген.

 

Алшынбай одан туған орны басқа,

Ешбір жан сөз асырмас жүйрік қасқа.

Алқа қотан халқына ақыл айтса,

Теріс деп, ұзақ тартып шайқамасқа.

 

Одан соң мырза Жүсіп нағашы атам,

Сөзімді сөкпеңіздер болса қатам.

Әрі бері әулетін түгел айттым,

Анама осы өлеңді тонға сатам» – депті өлеңдетіп.

Осы кезде Абай күліп: «Ділдә, тонның құны жетерлік болды!» – дейді. Ділдә Ақылбайдың мандайынан сүйіп, тонды өз қолымен кигізіпті.

Алшынбайдан кейін елді көп жыл бойы оның үлкен баласы – Абайдың әйелі Ділдәнің әкесі, шамамен, 1817 жылы туған Жүсіп мырза басқарады. Жүсіп мырза Айбике-Шаншар болысын 20 жылдан аса басқарған, одан кейін билікті Алшынбайдың екінші баласы Қақабай алған. Атап айтқанда, Едірей болысын 1887 жылдан бастап, Алшынбайдың екінші баласы Қақабай Алшынбаев басқарады және ол Мемлекеттік думаға депутат сайлаушы болады.

Ділдә Жүсіпқызы (1848-1924) туралы тарихшылар мен зерттеушілер осы күнге дейін бірнеше жаңсақ деректер жариялап келеді. Атап айтқанда, Ділдәнің әкесін Жүсіп емес, Түсіп деп атау және Ділдә Абайдан бірнеше жас үлкен екен деген мағлұматтар жиі кездеседі. Бірақ, 1867 жылғы Қарқаралы округінің аға сұлтаны Шалғынбай Биралин дайындаған ресми анықтамада (формулярный список) Жүсіп мырзаның (барлық мұрағат құжаттарында Юсуп Альчинбаев деп көрсетілген) Айбике-Шаншар болысының басқарушысы, 50 жаста екені, екі әйелі, ұлдары: 20 жастағы Бекжан, 18 жастағы Қадыр, 14 жастағы Надыр, 9 жастағы Сасанбек және қызы 19 жастағы Ділдәнің (мұрағат құжаттарында Тильда деп көрсетілген) бар екені көрсетілген (ҚҰА. 345-қор. 1-байлам. 961-іс. 66-69 беттер). Шындығында, Ділдә 1848 жылы туған болса, яғни, Абайдан үш жас кіші болғаны және ол ел ішінде беделді, орысшаға жүйрік, жан-жақты білімді, сөзге шешен болған.

Ділдә Жүсіпқызынан Абайдың ең дарынды балалары – Ақылбай, Хакімбай, Әбдірахман, Мағауия және Күлбадан мен Райхан деген қыздар туған. Абаймен қосылып, балаларының бәріне өзі білім берген. Тек ұлдары емес, қыздары да орысша оқып, жаза білген. Ділдә мен атақты Мәди немере туыс болып келеді. М.Әуезовке Абай туралы кең көлемде деректер берген де осы Ділдә апамыз еді. Апамыздың жазығы – Қаздауысты Қазыбектен бастап, атақты би-болыстардың ұрпағы болғаны. Атақты жазушы романның бірінші нұсқасында Ділдә апамызды тек жағымды жағынан көрсеткен. Одан кейін коммунистік режимнің қысымымен Ділдә апамызды жағымсыз кейіпкерге айналдырғаны тарихи шындық.

Құнанбай Өскенбайұлы (1805-1885) өзінің өткірлігімен, шешендігімен танымал болып, әуелі старшын, одан кейін болыс болған, хорунжий шенін алған. 1849-1852 жылдары Қарқаралы дуанында аға сұлтан болып қызмет атқарды. Аға сұлтандықтың соңғы кезінде көп қиыншылықтар көріп, өз руластарының патша чиновниктеріне жазған шағымының кесірінен, Омбыда алты ай абақтыда да отырады. Ел жақсыларының өтініші бойынша ғана босатылады. Сол кезде Құнанбай: «Қазақ десем өзіме тиеді, соқыр десем көзіме тиеді» – деген екен. Төрт жылға созылған Меккеге қажылыққа барған сапарында бірге барған қазақтың бірнеше игі жақсыларымен бірігіп, «Тәкие» деген қонақ үйін салғызған. Осы қажылықтан қайтқаннан кейін, ешқандай да ел арасындағы билік, дауларға араласпай, мұсылмандық жолымен ғана өмір сүрген. Құнанбай қажы қайтыс болғаннан кейін, көп жылдық тарихы бар Кеңгірбай әулетінің басына көп қиыншылықтар түседі. (ҚҰА. 374-қор. 1– байлам. 861,1937, 2545, 4967 -істер).

Тәттімбет Қазанғапов (1817-1864) – Қаракесек Шаншар Бертіс ханның ұрпағы, Шаншар-Нұрбике болысының басқарушысы әрі елімізге белгілі күйші. Өз заманының озық ойлы адамы, жан-жақты білімді, орыс тілін жетік білген. Тәттімбет – Абайдың шешесі Ұлжанның інісі. 47 жасында қайтыс болған. Ол 1842-1854 жылдары болыс болып, өз өтінішімен отставкаға кеткен. 1855 жылдың 24 наурызында Ресей патшасы II Александрдың таққа отыру тойына, арнайы шақырумен Петербургке барып, сол кездегі қазақ зиялылары, оның ішінде, аға сұлтандар – Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шормановпен бірге патшаның қабылдауында болады. Еуропаның өнерсүйер қауымы алдында домбыра тартып, күміс медаль иеленеді. Тәттімбеттің бізге дейін жетіп, нотаға түскен 27 белгілі күйі бар. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі кезінде шертпе күй бай-шонжарлардың өнері саналып, оларды халық арасында кең таратуға тыйым салынған. Тек, Әбікен Хасеновтің қайсарлығы арқасында үнтаспаға жазылып, бізге дейін жеткен. Кезінде елімізге белгілі күйші Мағауия Хамзиннің: «Жан сақтау үшін, біз төкпе күй мен шертпе күйден «гибрид» жасап, халыққа шертпе күйлерді жеткіздік қой» – деп айтқаны бар.

Тәттімбет белгілі көпес Варнава Ботовпен бірігіп, қазақ даласындағы тұңғыш тауар биржасы – Қоянды жәрмеңкесін ашады. Бұдан бұрын қазақтар малдарын Қытай мен Ресейге айдап апарып сататын немесе алыпсатарларға арзан бағаға өткізетін. Енді қазақтар ауыл шаруашылық өнімдерін сол жерде саудалап, тікелей өздері пайда тауып отырды. 1913 жылы Коянды жәрмеңкесінің айналымы 5 миллион рубльге жетіп, мыңға жуық киіз үй тігілген. Сол кезде ең қымбат мал – бір ту биенің құны 20 рубль болған. Осы Қоянды жәрмеңкесінің арқасында сол кездегі қазақ даласындағы ең ауқатты адамдар – Орта Жүздің байлары болды.

Тәттімбеттің енді бір қыры – Шығыс Түркістандағы қандастарымызға арнайы барып, тезірек Ресей империясының қоластына өтуге кеңес бергені. Өйткені, Ресей мен Қытайдың шекарасы жабылса, қазақтар екіге бөлінетінін сол кездің өзінде сезген. Сол уақытта оның шығарған күйлері: «Алшағыр-Шаған», «Қорамжан» және «Жазғы қайғы» осы оқиғаларға арналған. Ол Кенесары ханмен тығыз қатынаста болып, халық көтерілісін белсенді түрде қолдаған. Тәттімбеттің Шығыс Түркістанда болуының басты себебі – Кенесарыны қырғыз жері арқылы Қытайға өткізіп жібермек ойы болған. Бірақ, Кенесары қолы қапыда қырғыздар құрған торға түсіп қалады. Тәттімбет сол қайғылы оқиғаға байланысты «Азына» деген белгілі күйін шығарған. 1849 жылғы Қарқаралы дуанында аға сұлтандыққа өтетін сайлауда, басты кандидат Тәттімбет еді. Өйткені, ол қай жағынан болса да, басқа үміткерлерден оқ бойы алда тұрған. Бірақ, Омбыдағы генерал-губернатордың Тәттімбеттің кандидатурасын өткізбей тастауының басты себебі – оның Кенесары ханмен тығыз байланыста болғаны.

Тәттімбет қазақ жерінде алғашқылардың бірі болып, кен өңдейтін завод ашқан. Архив құжаттарына сәйкес, 1856 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Х.Гасфортқа және Алтай тау-кен заводының басқармасына хат жолдап, алтын кен орындарын барлауға рұқсат сұрайды. Осыдан кейін Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесінде алтын кен орындарын барлаушы Тәттімбет Қазанғаповқа арнайы іс ашылады. 1856 жылдың 13 тамызында Ресей империясының қаржы министрлігінен, Тәттімбет Қазанғаповқа Орталық Қазақстанда алтын және басқа да бағалы металдарды барлауға және өңдеуге рұқсат қағаз келеді. Бұл рұқсат қағазды Тәттімбетке Томск қаласында орналасқан Алтай тау-кен заводы басқармасының төрағасы арнайы өзі келіп тапсырған. Өмірінің соңына дейін, Тәттімбет өз атағын одан сайын асқақтатқан, әрі сол кездегі басқа да қазақ зиялыларына үлгі боларлық осы кәсіппен айналысқан (ҚҰА. 374-қор. 1-байлам. 2695-іс. 67-68 беттер). Тәттімбеттің жолын ұлы Мұсатай жалғастырады. Мұсатай атақты Шорманның Мұсасының қызын алған.

1847 жылдың 12 қыркүйегінде бір топ ел басшылары Омбы генерал-губернаторының алдына барып, Қарқаралы мұсылмандары үшін мешіт салуға рұқсат сұраған. Акт жасап, қол қоюшы 16 адам болған. Оның ішінде мына азаматтар бар:

  1. Жалықпас болысы – сұлтан Жәңгір Шамаұлы.
  2. Күшік Тобықты болысы – хорунжий Құнанбай Өскенбаев.
  3. Әлтеке-Сарым болысы – Жанқұтты Ботантаев.
  4. Нұрбике Шаншар болысы – Тәттімбет Қазанғапов.
  5. Кәрсен-Керней болысы – Есберген Садырбаев.
  6. Мәмбетей Тобықты болысы – сұлтан Шалғынбай Бірәліұлы.
  7. Тарақты болысы – Боқтыбай Дайырбайұлы.
  8. Байбөрі болысы – Алдаберген Еділбайұлы.
  9. Керей болысы – Үйсінбай Жанұзақұлы.
  10. Қояншы-Тағай болысы – Қадыр Айтпекұлы
  11. Қарауыл Қамбар болысы – Тілеген Нұржанұлы.
  12. Надан Тобықты болысы – Сармантай Байзақұлы.
  13. Дүйсенбай Шекшек болысы – Ақберген Дәулетұлы.
  14. Қара Әйтімбет болысы – сұлтан Тәуке Бөкейұлы.
  15. Көшім болысы – Бегайдар Құрманұлы.
  16. Төлеңгіт болысы – Сұлтан Хұдайменде.

Осы құжат Қарқаралы дуанының аға сұлтаны Кұсбек Таукиннің басшылығымен дайындалған. Мешіт салуға рұқсат 1847 жылы алынып, 1852 жылы Құнанбай Қарқаралыға аға сұлтан болып тағайындалған соң мешіттің салынып бітуін ұйымдастырған. Бір айта кететін жайт, мешіт салуға Қарқаралы дуанының барлық халқы ат салысып, әркім өз шамасына қарай қаражат бөліп, демеушілік жасаған, яғни, Қарқаралы мешіті – бүкілхалықтық құрылыстың нәтижесі. Осысы тарихи құжатта генерал-губернаторға Нұрбике Шаншар елінің атынан қолын қойып, мөрін басқан және генерал-губернатордың қабылдауында болған, мешіт салуға Қарқаралы халқын жұмылдырған және өзі де қомақты қаржы бөлген Тәттімбет Қазанғапов (ҚҰА. 374-қор. 1-байлам. 2545-іс. 74-115 беттер).

***

Абайдың философиялық тұжырымы мен лирикалық межелері, халқының ортақ ойы, ортақ мүддесін, ортақ ұлттық мәдениетін толығымен қамтыды.

Айуандық пен әділетсіздікке қарсы күрескер, еркін азамат – Абай концепциясы ақын шығармаларының биік рухани бағасы болып табылады.

Ақынның ерекшелігі – өмірді тек қана сүйіп-күюдің ордасы немесе тағдырдың межелі бөлігі ғана емес, ұзақ, күрделі күрес жолы деп ұғынуында.

Абай өлеңдері поэтикалық шарттылыққа емес, ұстамды ой әлемінің толассыз көшіне ілесті. Бұл сөз қадірін биік деңгейге көтерді. Ақын шығармашылығының басты бағыты – адам мен ғарыштың, жан мен тіршіліктің тынымсыз бірлікте екенін ұғындыру болды. Абай өлеңдерінде рухани һәм тарихи құбылыстардың ажары терең бейнелене түскен.

Абай әлемінің шын мәнін, қазақтың ой кеңістігіндегі алатын орнын пайымдағанымыз – тек жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдарында ғана.

Абайдың пайымдауынша, адамзат баласы, ызалы жүректің құлы емес, сондықтан да, адам өмір сүруі, еңбек етуі және барынша адамгершілікке ұмтылуы қажет.

Көп жылдар бойы, жанын толғантқан мазасыз ойын, іздегені мен тапқанын, оқығаны мен тоқығанын, үрейі мен жанталасын, қапасы мен қуанышын, рух ұмтылысы мен азапты өмірін, көңілінің көгендегенін, ыза мен құлшылығын жинап жазғаны – «Қара сөз» жиынтығы және ақиқат үшін жан салған ақын ойы. Бұл сөздердің идеясы – қарапайым да құдыретті.

Дүниенің теңдессіз жетістігі – адам, адамның жаны мен тәні, сұлулық пен келісімнен айнымауы керек деп айтудан Абай жалыққан емес, осы сөзінен ол тайған да емес.

Заман өзгерсе де, адам өзгерген жоқ. Абайдың сөздері өзінің мәңгілігін, мәнін, қажеттілігін, өзектілігін ешқашан да жоғалтқан емес.

Сондықтан, Абайдың қара сөздерін әр қазақ білуі керек.

Мектептерде, арнаулы оқу орындарында, жоғарғы оқу орындарында «Абайтану» пәнін міндетті түрде енгізу қажет.

Өмірімізде болған бірақ мысал, Кеңес Одағының басшылары К.Маркстің «Капиталын», В.Лениннің көп томдарын, Коммунистік партияның тарихын, әр Совет азаматы білуін заң жүзінде міндеттеді. Егер, студент осы пәндерден емтихан тапсыра алмаса, стипендия ала алмайтын, тіпті, оқудан шығарып жіберетін жағдайлар да болды. Басшы қызметтерде, тек коммунистер ғана қызмет атқарды, ал коммунист болудың алғышарты – жоғарғы аталған еңбектерді жатқа білу болатын.

Ал, бізде бүгінгі күнге дейін сол науқаншылық басым. 2020 жыл – «Абай жылы» деп аталып еді, жаппай науқаншылық басталды. Бұл үрдіс дұрыс та шығар, бірақ оны популизмге айналдырмай, дұрыс тенденция ретінде бүкілхалықтық сипатқа айналдыру қажет.

Ал, Ұлы Абай айтқан «толық адам» болу үшін, тұрып жатқан мемлекетіміз де, өмір сүріп отырған де ортамыз да толық болу керек. Ал, бізге толыққанды болу үшін талаптанып, көп ізденіп, жатпай-тұрмай еңбек етуіміз қажет.

Қазіргі кезде басшылар Лао-цзы мен Конфуций, Платон мен Сократ, Достоевский мен Толстой, Вольтер мен Руссо былай айтты деп солардың сөзін жатқа айтып, цитата келтіріп жатады. Солар Абайдың айтып кеткен сөздері деп, жиын-кеңестерде хакім Абайды неге үлгі етпейді?!

Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет мен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де, өз маңызын жоғалтпақ емес. Өйткені, ақынның мұрасы – бүкіл қазақ халқының рухани азығы.

Абайды ұлтымыздың мақтанышы ретінде насихаттаудың ең оңтайлы амалы – оның ақылын алып, айтқанын істеу. Сонда ғана Алаштың темірқазығы Ұлы Абайды дүниежүзіне паш ете аламыз.

Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,

публицист, ағыбайтанушы, өлкетанушы.

Басқа материалдар

Back to top button