Лудомания – қоғам дерті
Бүгінгі күні азаматтардың құмар ойындарға тәуелділігі, яғни жалпы сөзбен айтқанда «лудомания» қоғамда өзекті мәселенің бірі. Лудомания – бұл адамның ойындарға, шамадан тыс және бақыланбайтын әуестігі. Бұл мінез-құлық адамды ойындарға эмоционалды және қаржылық жағынан тәуелді етіп, өмірдің басқа салаларынан елеусіз қалдыруына әкеледі. Осы мақсатта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті аталған мәселе бойынша мемлекеттік қызметшілер және әдеп жөніндегі уәкілдері семинар-жиналыс өткізді, деп хабарлайды Ortalyq.kz ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты аталған дерттің алдын алу үшін елімізде бірқатар шаралар қабылданып жатыр. 2024 жылдың 8 шілдесінде Мемлекет басшысы ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды.
Атап айтқанда, құмар ойындарға бас тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіне толықтырулар енгізілді, оған сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартынуға міндетті.
Аталған жиынға спикер ретінде Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірінші жедел басқармасының аға жедел уәкілі Әділ Бақшиев, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры, PhD докторы Мадина Умуркулова және аталған жоғарғы оқу орнының Психология кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторанты Динара Мұхамедкаримова қатысты.
Іс-шара барысында қатысушыларға ойынқұмарлықтың алдын-алу және мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар түсіндірілді, өз кезегінде қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті.
Шара соңында спикерлер ойынқұмарлықтың алдын-алуға қатысты профилактикалық ұсыныстар берген болса, әдеп жөніндегі уәкілдерге аталған мәселе бойынша әрбір ұжымда Департаменттің қатысуымен түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру ұсынылды.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.