Басты тақырыпРуханият

Ұлтжанды ізгілік иесі

   Балалар әдебиетінің бірегей өкілі, ақын, журналист Жеңіс ҚАШҚЫНОВТЫҢ 75 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада өтті.

Балалар әдебиетінің жолы ауыр да азапты. Әсіресе ақындар үшін. Өйткені ақындық түйсік, көкірекпен шыққан рухани биігіңді балалар түсінігіне құлдырату – өзіңді құрбандыққа шалумен пара-пар құбылыс. Азабы мен ғажабы қатар жүретін әдебиеттің бұл саласына жаны сәбидей пәк, ұлтжанды ізгілік иелері ғана барады. Балалар үшін ғана емес, ұлтқа қызмет етудің бір шеті осында. Қысқасы, балалар әдебиетіне бару – ұлтқа қызмет етудің үлкені. Өз әлемін осы жолға жаялық еткен Жеңіс Қашқынов рухына қандай құрмет қылсақ та лайықты.

Ән мен жыр қатар өріліп отырған кеш тізгіні Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай қолында. Шара шымылдығы ақынның көзі тірісінде жазылып, бейнетаспаға түсірілген өлең-жырларын тыңдаумен түрілді. Жеңіс атамыз – қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі ғана емес, ұлттық радиожурналистиканың көкжиегін кеңейтуге еңбек сіңірген тұлға. Ақынның алтын қордағы даусы қандай?! Қоңырлаған қою үн кей тұсына барғанда, саңқ ете қалып, сезім оятады.

Кешке халық көп жиылыпты. Кітапхананың кең залы сықап отырды. Оқырмандар мен өнерсүйер қауымнан бөлек, Ақтоғай ауданынан бір топ делегат келіпті. Астанадан келген ақынның туыстары, ұрпақтары бар. Олардың арасындағы айтөбелі – асылдың сынығы Ернат Қашқынов. Ақын мұрасының жоқшысы, соңындағы еңбектерін жинақтап, кітап қылып бастырушы, бастысы, аталған кітапхана мен бірігіп, осы кешті ұйымдастырушы да осы жігіт. Соның көрсеткішіндей, шара барысында Жеңіс Қашқыновтың «Тағзым» атты өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Кітаптағы біз бала күнімізден білетін «Бесік» өлеңі көзімізге оттай басылды.

Ақынның көзін көрген қаламгерлер мен ғалымдар естеліктерден сыр ағытты. Филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Жандос Смағұлов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-журналистер – Сүйіндік Жанысбай мен Төрехан Майбас, ақтоғайлықтарды бастап келген ақын Мүсіркеп Сейдахмет – бәрінің сөзі бір жерден шықты десе де болады: «Жеңіс Қашқыновтың ақындығы қандай болса, азаматтығы да сондай биік еді», – десті.

Жеңіс Қашқыновтың сөзіне жазылған бірнеше ән орындалды. Мектеп оқушылары ақынның жауһар жырларын жатқа оқыды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button