Рухани жаңғыру

«Ұлттық құндылық – ұрпаққа мұра»

   Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  бағдарламалық мақаланы насихаттау жұмыстары бүгінгі күні қарқынды жүзеге асырылуда. Осы орайда, өз заманының жетістігін білімге, өнерге, ғылымға жастарды бағыттау оның жетістігіне елдің қолын жеткізу деп түсінетін Балқаш қаласындағы Өнер мектебі ұлттық қасиетер мен құндылықтар бағытында жобалармен жұмыс жасауда. Бұл жөнінде аталған мекеме директоры Раиса    ЖАНАТҚЫЗЫНАН сұрап білген едік.

– Раиса Жанатқызы, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын. Сіздің ойыңызша қазаққа керек табиғи болмысты сақтау үшін не қажет?

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында   болашақ ұрпақты  туған жерін қадірлеуге, тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, кейінгі ұрпаққа жеткізе алардай саналы болуына баршамызға атсалысуымыз керектігі айтылған. Адамзатты өмірге, қоғамдық ортаға, уақыттқа ақыл парасатымен, білімімен бейімдейтін ұлттық қасиеттер мен құндылықтар. Өркениет көшінің соңында қалуға болмайды. Көшке ілесіп, қанымызда бар қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Елбасының ұлттық кодымыз туралы ой өрбітуінде үлкен мән бар. Ұлттық код – ең алдымен тілде, сондай-ақ, дәстүріміз бен салтымызда, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетімізде екенін ұмытпағанымыз жөн. Атап айтқанда, ұлттық сана, тарихи туралы білу, білім, ұлттық тәрбие, имандылық, тектілік деген қасиеттерге бейжай қарамауға тиістіміз. Бұлар жеке адамды қоғаммен, бүтін бір ұрпақты ұлттық негізімен біріктіретіндігі айқын. Ұлттық құндылық – ұрпаққа мұра. Мақала аясында болашаққа апаратын нақты жоспарға орай, біз, ұстаздар да өз үлесімізді қосудамыз.

– Ұстаздар қауымының мақала аясында жоспарлы жұмыстарды бастағандығын атап өттіңіз. Осы бағытта, атқарып жатқан жұмыстарыңызды тарқата айтсаңыз?

– Бүгінгі күнде «Рухани жаңғыру»  бағдарламасының оқу-тәрбие жұмысындағы ролі жобасы шеңберінде бірнеше жұмыстар қолға алынды. Балалардың ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру және жаңа идеяларды іздестіру, жасөспірімдердің рухани дамуын қалыптастыру, жас таланттарды қолдау мақсатында 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап, жыл сайын, ҚР Бірінші Президент күніне орай,  педагогикалық кеңестің шешімімен  биыл  4-ші рет Күләш Байсейітова атындағы стипендия тағайындалуда. Биылғы жаңа оқу жылы да «Рухани жаңғыру» тақырыбы аясында басталды: ата-аналармен, білім саласы ардагерлерімен, қоғам және Балқаш қаласының Құрметті азаматтарымен кездесулер ұйымдастырылып, музыка-теориясы пәндерінің кіріспе сағаттары да осы тақырыпқа арналды. Сонымен қатар, биыл Балқаш қаласының 80 жылдық мерейтойына байланысты «Менің қалам», «Балқаш аңыздары» туралы тереңдетіліп оқытылды. Мектебіміздің музыка мұғалімі Жанар Тілеулина Балқаш қаласының мерейтойына арналған әнұранның авторы екендігінде айта кеткеніміз абзал. Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың өмірі мен өнері жайлы естеліктен бастап, бүгінгі би өнеріндегі аралықты қамтитын тарихи кезеңді оның ішінде Балқаш қаласының тарихын би арқылы жеткізген оқушыларымыздың өнері жоғары бағасын алды. Олардың киімі, қимыл қозғалысы көптің көңілінен шықты. Бұл жерде біздің білікті маман Өнер мектебінің ұстазы, талантты хореограф Ботагөз Тілеуғұлованы ерекше атауға болады.

Әр заманның ұрпаққа қояр өз талабы, өз міндеті бар. Біздің міндет қазақы қалыпты, ұлттық мәдениетті, салт-дәстүр және ұлттық болмысты әр шәкірттің бойына сіңіру. «Менің мектебім-менің мақтанышым!» атты жобамызды жолға қойып, Өнер мектебінен түлеген түлектермен жиі кездесулер ұйымдастырып, тіпті, студенттердің өздеріне сабақ бергізу арқылы тәжірибесін шыңдап келеміз. Қазіргі уақыт та, біздің 9 түлегіміз жоғары оқу орындарын тәмамдап келіп, алғашқы еңбек жолын бастаған жайы бар.

– Тарихи жәдігерлеріміздің, өнер туындыларымыздың түп­нұсқасын сақтап, тарихи маңыздылығын жоғалтпай жеткізу үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қай кезеңді алып қарасаңда, ел мәдениетінің, мемлекеттің жүйелі түрде дамуы ұрпақтың уақыт талабына икемделуінсіз жүзеге аспаған. Ұлттық дәстүрдің озығын таныту мақсатында да бірнеше жобаларды іске қосқан болатынбыз.  Жақында ғана облысымызда  ЮНЕСКО клубтарының алқалы жиыны өтті. Айтулы клуб өкілдері қатысқан облыстық семинарда баяндама жасап, жобаларыммен таныстырдым. Өнер мектебінің ұжымы мен оқушылары өнерін көрсетті. «Шабыт», «Шыңдау» сынды жобаларымызға ерекше баға берілді. «Шабыт» жобасы аясында құрылған «Қайнар» мектеп студиясы бүгінде ұлттық санамен қалыптасқан және ұлттық зердеге бағынатын рухани ізденістерінің негізінде өсіп, кәсіби шеберханаға айналған. Көркем өнер – дегеніміз көркем де бейнелі руханият қазынасы. «Рухани жаңғыру» мақаласымен шеңдестіре отырып, жас ұрпақты ұлттық дүниетаным негізінде тәрбиелеудің баға жетпес, теңдесіз құралы көркем өнер екендігінде ескергеніміз абзал. Ұлттың тарихын, салт-дәстүрін, өткен тұрмыс-тіршілігін бейнелі әрі ұғымға жеңіл де көрнекті түсіндіретін көркем өнерді дамытуға күш салған білікті мамандарымыз Л.Богданова, Л.Үмбетова, Г.Сәдуақасова Балқаш қаласының 80 жылдық тойында көл жағасында тігілген киіз үйде тамашалаушыларды ұлттық көркем өнерімізбен тәнті етті. Қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Шәкірттері халық­аралық жарыстарда топ жарып жүр. «Шыңдау» жобасының да шыққан шыңы биік. Бұл жобаны қолға алғалы «Жетіген» ансамблі құрылып, бүгінде ұжым көне аспапты жаңғыртып жатыр. Сонымен қатар, күй сөз сияқты адамның ойын білдіретін әрі ішкі жан сезімін сыртқа шығаратын дүние ғой. Қайсыбір жағдайларда сөзге қарағанда күй ойды жеткізу үшін ыңғайлырақ та, түсініктірек те әрі ұтымды да болған. Күй өнерін шәкірттерінің бойына дарытқан домбыра сыныбының ұстаздары Ж.Нәдірбеков, М.Ермембетов, Б.Асылжанова, Г.Елеубекова, Қ.Мұхамедқалиеваның еңбегі ерекше. Өнер мектебінде қызмет атқарып жатқан ұстаздардың барлығы да жас ұрпақтың білімге деген құрметі  оның толыққанды білім алуына, рухани деңгейінің қалыптасуына ықпал етіп келеді. Әр ғасырдың ұрпаққа жүктелетін міндеті мемлекеттің қажеттіліктерін өтеу мәселелерінен туындайды. Біздің ұстаздар жүктелген міндетті дұрыс орындай отырып, заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыруға күш салатындығына сенімдімін.

 

Сұхбаттасқан

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button