Бас тақырып

Ұлттық киімді ұлықтаған: «Нұрәсем» сән үйіне – 30 жыл

Кеңестік дәуірдің құрсауынан босап, дербес мәртебеге ие болған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Етек-жеңімізді жиып, елдік мұратқа ұмтылған тұста, ұлттық құндылықтарымызға мән бере бастадық. Өткенді еске алып, өшкенімізді жаңғырту жолына бет бұрдық. Оңайға соқпады. Орыстанған ортаға ұлттық әдет-ғұрып, салт-сана сіңіру де оңай емес. Осы тұста «Нұрәсем» сол бір қалыптасқан болмысты бұзып, ортаға сынадай қағылды. Әр ұлттың өзінің басты ерекшелігі ұлттық киімінде екенін назарға алған Венера Исина қазақтың ұлттық киімдерінің қайта оралуына орасан зор еңбек сіңірді. Әсіресе, бұл жобаның Қарағанды қаласында қолға алынуы тарихи маңызға ие болды.

Суреттер; кейпкерден

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу үрдісі басталды. Экономикалық реформалардың негізінде – экономиканы мемлекет иелігінен алу, жекешелендіру, кәсіпкерлікті дамыту, бағаны босату, несие саясатын дамыту сияқты тың өзгерістер орын алды. Нарық саясатының негізгі қағидасы «заманың түлкі болса, тазы боп шал» болды. Жаңа бір кезеңге өту үрдісі ұзақ уақытты қажет ететіні белгілі. Оны түсіну, түйсіну мен үйрену процестері біраз уақыт алады. Дегенмен, бұл сая­сат ондайды қажет етпеді. Тоқырауға түскен халық бірден ес жиып, әркім өз жолын таңдады. Сондай жанның бірі – «Нұрәсем» ЖШС-нің іргетасын қалаған Венера Әбдіғалиқызы Исина болды.

– Заман қожасы нарық келген тұста, қолға алдым бұл істі. Оған дейін «ТекстильТурБаза» деген жерде мата сапасын бақылаушы маман болдым. Осы жылдары басталған тоқырау кезеңінде жұмыс орнымнан өз еркіммен шығып, іс тігуге ден қойдым. Алғаш рет үш бөлмелі пәтерде үш тігін машинасымен бастаған едім. Іс тігу мен үшін таңсық дүние емес. Анам он саусағынан өнер тамған ісмер адам болды. Ауыл адамдарына шапан, тақия, тымақ тігетін еді. Осы қасиеті менің де қаныма сіңген. Тәуелсіздік алып жатқан алғашқы жылдарымыз. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды танытатын кез. Неге ұлттық киімдерімізді тігіп, насихаттамасқа деген ой келді. Сол мақсатпен іске кірістім. Алғаш рет С.Сейфуллин театры мен Кеншілер мәдениет сарайында өзіміздің ұлттық киімдер топтамасын көрсеттік, – дейді Венера апай.

Қазақ халқы қандай нәубетті басы­нан өткерсе де, ата дәстүрін әсте естен шы­ғармады. Халқының осы асыл қасиетін басшылыққа алған Венера Әбдіғалиқызы ұлттық киімдер тігуге баса ден қойды. Өңірлердегі мәдени ошақ өнерпаздарына арнап ұлттық киімдер тікті. Қарқаралыдағы «Салтанат» ансамблінің шетелге шыққанда киген киімдерінде «Нұрәсемнің» қолтаңбасы өрнектелді. Ақтоғайлық «Тоқырауын толқындары» ансамблі де ұлттық киімдер тіккізуді Венера апайдың қолына сеніммен тапсырды.

«Қайтсем де қазақтың ұлттық киімдерін бренд қыламын» деп, жарғақ құлағы жастыққа тимеген кәсіпкер тойға арналған ұлттық нақыштағы киімдерді тігіп, жалға беруді қолға алды. Адал ниет, алға қойған мақсат, ілкімді ізденіс, шалқар шабыт ұлттық киімдердің насихатталуы дәл осы той-томалаққа деп тіккен киімдерден бастау алған еді. Ойға алған іс орындалмаған сәттерде «жабамын» деп жабығып, тіпті басқа шаруамен айналысқан уақыттарды да бастан өткерген «Нұрәсемнің» кәсібі осы 30 жылдың ішінде дамудың даңғыл жолына түсіп, шарықтап, шалқыған сәттермен ұласты. 1999 жылы «Салтанат» халықтық ән-би ансамбліне киім тігіп, Бургас қаласына да барды. «Нұрәсем» ісмерлерінің қолынан шыққан оқалы шапан, бүрмелі көйлек, сәнді сәукеле, әсем тастармен әшекейленген қамзолдар шетелдіктердің қызығушылығын тудырған еді.

– «Нұрәсем» мен «Салтанат» ха­лық­­тық ән-би ансамблі тығыз жұмыс жасады. 1995 жылы Түркияға, 1999 жылы Бургас қаласына барған гастрольдік са­парымызда «Нұрәсемнің» киімдерін ки­дік. Сапасы өте керемет. Әр киімнің мазмұнына ерекше мән беретін. Бас киім, қамзол, аяқ киімнің оюларының бөлек болатындығын Венера Әбдіғалиқызынан алғаш естідім де, таңғалдым. Ол кісі өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Мата таңдау, өлшем алу, пішу, тігу дегенді өзі қадағалайтын еді. Әсіресе, біздің ансамбльге ерекше назар аударды. Түрлі жеңілдіктер де жасап тұрды, – дейді «Салтанат» халықтық ән-би ансамблінің балетмейстері Ләйла Төлеуқызы.

Сан тараулы жолда еңсесі түспей, «Нұрәсемнің» дамуына өлшеусіз үлес қосқан Венера Исинаны жолдасы Алмас және балалары үнемі қолдап, демеу беріп отырды. Отбасындағы өзара ұйымшылдық сән үйінің керегесін кеңге жаюына ықпал етті. «Саусақ бірікпей, ине қолға ілікпейді» деген осы болар, сірә. Қарағанды қаласымен қатар, Астана қаласында да бірнеше филиалдары жұмыс жасайды. Сән үйінің киімдеріне деген сұраныс артқалы қашан?! Ертеректе ұлттық киімді тек Наурыз мерекесінде ғана іздесе, бүгін жыл он екі ай іздеп жүретіндер қатары артқан. Венера апайдың да әу бастағы мақсаты орындалды. Көкейдегі осы арманы араға сан жыл салып, көз алдында жүзеге асты. Қазақтың оюлы шапаны мен зерлі тақиясын екінің бірі киіп жүреді. Төгілген тердің өтеуі осындай-ақ болсын.

Бүгінде іс тігетін шеберханалар көп. Әркім таңдағанына барады. Бірақ, басым бөлігі «Нұрәсемді» таңдайды. Себебі, жауапкершілік бар, сапа бар, бірін-бірі қайталамайтын киімдері көздің жауын алады. Кәсіпкерлік алаңында өзінің айшықты қолтаңбасымен белгілі. «Нұрәсем» – ісмерлер ұстаханасы. Отыз жыл ішінде осы жерден үйреніп, өз жеке кәсіптерін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер де баршылық. Бұл, әрине Венера Әбдіғалиқызының ұлттық өнерге деген жанашыр­лығының белгісі деп түсінген жөн.

– Венера ханымның бір ерекшелігі – еңбекқорлығы мен талапшылдығы. Ол кісі қолға алған ісін соңына дейін жеткізеді. Шығармашылық адамы болғаннан кейін үнемі ой үстінде жүреді. Салмақты, сабырлы жан. «Нұрәсемнің» ұлттық киімдер қоры өте бай. Әрі бірін-бірі қайталамайды. Бұл жерде барлық жағдай жасалған. Өзіңе ұнаған киімге тапсырыс бере аласың немесе жалға аласың. Барлық мүмкіндікті жасап қойған. Өте қолайлы. Бұл – әр адамның таңдауы ұлттық киімге түссе екен деген шынайы көңілден туған қолдау. Ұмыт бола бастаған ұлттық киімдеріміздің ортамызға оралуына 30 жыл ғұмырын саналы түрде арнаған адамға «Ұлттық киімнің жанашыры» деген атақ берсе де артық емес, – дейді әріптесі Ақмоншақ Әбеуова.

Отыз жыл аз уақыт емес. Осы жылдарда ұлттық ой-өрнек, ұлттық киімдеріміздің жаңғырып, жандануы еселі еңбектің жемісі. Мерейтой аясында сән үйіндегі ұлттық киімдер қатары «Жібек жолы», «Сәукеле», «Сарыарқа өрнектері», «Қызыл бұрыш» коллекцияларымен толықпақ. Әрқайсысы мағыналы мазмұнға ие. Шеберлердің өнер тамған он саусағынан шыққан әсем бұйымдар, оқалы шапан, оюлы қамзол, қос етек бүрмелі көйлекті кім кисе де, құлпырған түрге еніп шыға келеді.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button