Басты тақырыпРуханият

Ұлт ұғымы – ұланымен ұлы

       Бейбіт өмір біздің елге ғана тән болғандығын, қазақ халқының дана қасиеттерімен байланысты екендігін тарихымыз дәлелдеді. Бөтен демей төрге отырғызып, бауырына басып, дәмін ұсынатын қазақ ешкімге жаманшылық ойламаған. Ассамблея қоғамдық ұйым бола тұра елдің бірлігіне, тыныштығына өз үлесін қосуда. Елімізде әр этнос өкілінің санасында «Біз – Қазақстандықтармыз» деген патриоттық ұғым қалыптасып, елдің көркеюіне ерінбей еңбек ету керектігі, тыныштықты сақтау саясатын қолдауға шақыру жұмыстары жүйелі түрде атқарылып өз жемісін беруде.

Жеткен жетістіктерді әрі қарай дамыту, сақтау облыстық Ассамблея активінің, әрбір қоғамдық ұйымның міндеті екені анық. Соның бірі – Ассамблея жанынан құрылған Аналар кеңесі. Ананың рухани тәрбиедегі ролін арттыру, қоғамдық келісімді нығайтудағы орнын белгілеу Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы болып отыр.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Аналар кеңесінің жұмысына да үлкен серпін беріп, болашаққа деген нық сенім ұялатты. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» деп жырлаған дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың жер сарайын жаңғыртатын ұрпағы – бүгінгі күннің ұрпағы болмақ. Жаһандану дәуірінде батысқа еліктеп, ұрпақ ұлттық болмыстан айырыла ма деген қауіп туғанда, мақала Аналар кеңесінің жұмысын қайта бағдарлап, ұрпақ тәрбиесінде басты назарда ұстайтын тамаша ойтолғамдар айтты.

Елбасы, ел ұланының болашағы үшін барлық мүмкіндікті жасап, бағдар беретін елі бар кезде олар өздерін, өздерін ғана емес, Қазақстан атты «Мәңгілік елді» мойындату мүмкіндігіне ие болды. Бүкіл әлем төртінші өнеркәсіптік революцияға аяқ басып, техника атаулы бір ғана тілде сөйлейтін дәуірде баланы жастайынын ағылшын тіліне үйретіп, пәнді ағылшын тілінде оқыту үшін жасалып жатқан жаңашылдықтар көрегенділіктің бір парасы. Биылғы «ЭКСПО-2017» көрмесінің өзі жастар үшін үлкен мүмкіндік. Төрткүл дүниеден жиналып, озық технологиялар ел назарына ұсынылғанда, осындай айтулы шараға қатысу мүмкіндігін ұрпағына ұсыну кез келген мемлекеттің қолынан келе бермесі анық. Ал ағылшынша тіл үйреніп, техника тілін меңгерген жас өскін де өздерінің жаңалықтарын көрсетулері – технология әлеміне еркін бойлай алатын, жаңалықты таңсық көруден ада, солай бола ұлттық кодты алып жүре алатын ұрпақ өсіп келе жатқанының дәлелі.

Елімізде жүргізіліп отырған ұлттық саясаттың арқасында жиырма екі жыл тарихы бар Қазақстан халқы Ассамблеясы қарқынды дамып келеді. Ассамблея жұмысы әлемге таныс болып, келісім мен бірліктің «қазақстандық моделі» қалыптасты. Ассамблея –Тәуелсіздік жемісі, Ассамблея – қоғамдық келісімнің негізі деген бағаға ие болды. Аналар кеңесінің төрайымы ретінде Ассамблея жұмысына қатысымның барлығын сезініп, Елбасының мақаладағы айқындаған міндеттерін қолдаймын.

Көпұлтты өлкемізде 40 этнос өкілдерінің басын құраған 75 этно-мәдени бірлестік жұмыс жасайды. Кейінгі он жылдың ішінде бұлардың саны екі есе артып отыр. Облыста өтетін мәдени шараларға осы бірлестіктер белсенді қатысады. Неміс, корей, литва, еврей, украин бірлестіктері халыққа танымал ұйымдар. Олардың жетекшілері де облыс белсенділері қатарында, мемлекеттік марапаттарға ие болған сыйлы жерлестеріміз. Облыс тұрғындарының да кейінгі жылдарда немқұрайлықтары сейіліп, белсенділіктері артты. Мемлекеттік тілді де жақсы меңгергендер бар.

Облыстық Аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын, ең алдымен ана, әрі қазақстандықтар ретінде, еліміздің тұрақтылығы мен бірлігінің сақталуына үлес қосатын шараларды қызу қолдайды. Себебі, әрбір ана қай елде, қай жерде болмасын ұрпағы үшін тек бейбітшілікті тілейді. Бейбіт өмір – әр әйел-ананың арманы, оның табиғаты мен жүрегіне жақын үйлесімділік. Ана махаббаты нәсілге бөлінбейді. Өскелең ұрпақты көпұлтты қоғамда бейбіт өмір сүруге, Отанын сүйетін патриоттыққа тәрбиелеу – аналардың міндеті. Себебі, жастар болашағымыздың жалғастырушысы. Жалпы бірлікте, келісімде өмір сүру өнерін үлкенді-кіші болып үйреніп, дара жолды жалғастырып, алда тұрған мақсаттарға жетуге үлес қосамыз деп ойлаймын.

Сәлима НҰРМАҒАНБЕТОВА,

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button