Құлшылық пен тіршілік қабыспай

     Жапондар күріш егумен айналыспаса, құрдымға кетеді-міс. Аштықтан қырылмайды. Рухани өледі. Сөз өледі – өзі өледі. Жапондардың 70-80 пайыз сөзі күрішпен байланысты. Ұлтарақтай жер табылмағанымен, өліп-тіріліп үйдің қабырғасына дейін өсіруді ар көрмейді. Ар – сөз.Үлкен қатерден аман қалудың бірден-бір себебі – осы.

Көңіл көкжиегімді кеңейткен осы мысалды ақын Ұларбек Нұрғалымұлының «Сөз тапқанға қолқаның қандай қатысы бар?» атты мақаласынан оқыдым. Автор Жапон жағдаятын Ахаңның «Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғаладысынан» тарқатыпты. Дұғадай қайталап айта беретін осы сөздің астарына кім үңіліген? «Ана тілі» газетінің шекесінде де шегеленіп тұр. Ұлт ұраны болған ұлт ұстазының сөзі қара жерде кеме жүргізген хан қасындағы ақылды билердің де сөздік мүкәммалынан шығып жатады. Таза, дәл, ойлы сөзді сүйсіне тыңдайтын кездер жоқ емес, бар. Жылқы ішінде ала да, құла да болады. Кейбір көкелеріміз «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрады», барынша көмескі сөйлейді. Ертеректе ғалым Мәулен Балақаев айтты деген сөз еске түседі: «Мен университетті бітірейін деп отырған бір студенттің мемлекеттік емтиханда 20 минут сөйлеген сөзінде «жаңағы» дегенді 36 рет, бір үгітшінің 45 минут сөйлеген сөзінде «сонымен», «яки» деген, ойына қатысы жоқ, бұралқы сөздердің бірін 93 рет, екіншісін 75 рет айтқанын есіттім». Мінбердегілердің осы тізбектегі сөздердің орнына «сол үшін», «сондықтан», «әлбетте» сияқты сөздерді неше рет қайталап айтса да орынды екенін тілге тиек еткім келеді. Тіл мәселесі, тіл тағдыры, тіл болашағы секілді тақырыптар қозғала бастаса тоң-теріс, тоңырайып қалуымыздың сыры неде?

Әуелгі сөздің тоңын қайта жібіткім келіп отыр. Жапон жанұшыра жанталасады. Күріш егеді. «Күріш арқасында күрмек су ішеді», яки келешегі кемел. Түйенің қомында босанып, аттың жалында ұйықтаған ата-бабамның қылшығы қисайған жоқ. Әлі де ұпайы түгел. Сөздің анығы, кешегінің ізін басып, ісін жалғап жүргендер оты сөнген жоқ. Дегенмен, құлшылық пен тіршілік қабыспай, томпақ келген жерімізді де жоққа шығаруға болмайды. Дәлелге жүгінемін. «Тілін тапты», «тілге келді», «тілі күрмелді», «тілі сынды» сықылды тіркестердің миллиондаған түрі бар. Алысқа қараған адам жақындағысын көрмейді. Күнделікті күйбең тіршілікте өз ісімді таразылап отырамын, елдің, тобырдың тіл тазалығын қаншалықты дәрежеде сақтайтынын қадағалап жүремін. Бір тақырыпты белгілеп, ойталқы, сөз таластыру, мақал-мәтел жарысын ұйымдастырып немесе қатысып көрген боларсыз? Мен жиі араласамын. Жастардың жақ ашатыны сирек. Жоғарыда тізілген тіркестің мәніне бармақ түгілі, қайдан таптың дегендей ошарылып қарайтындар қарасы көп. Арагідік көсіп-көсіп сөйлейтіндер де бар. Өкініштісі сол, олардың көбі біраз уақыт өткен соң, көсілемін деп мипалау жасайды.

Дәрігер-кардиолог, тіл майталманы Мұхамбедия Ахметов ағамызбен кездесу кеші өтті. Әңгіме медицина мазмұнында өрби ме деп едім. «Дәрігердің дәріден бұрын қолданатын қаруы – тіл», – деп баяндамасын бастады да кетті. Таң-тамаша болыстық. Олпы-солпы аудармаларды алдыңа көлденең тартқанда «күлемін де жылаймын, жылаймын да күлемін» деп іштен тындық.

Күлтегін мен Тоныкөк тұсында тасқа бәдізделіп, қашалып қалған, дала абыздары жусан исіндей аңсап өткен туған тіліміздің тарихы мен тағылымы тереңде жатыр. Сақ пен ғұн дәуірінен бастау алған төл тарихымыздың бұл ұлы тұлғалары өздерінің өлмес мұралары арқылы тіліміздің ұлылығын дәлелдеп кетті, ұлылар есімі тарих бетінде алтын әріппен жазылды. Құнанбайдың Абайға таққан үш міні бар еді. Сол кезде Абай үш міннің үшеуіне де дау айтпайтын ба еді? Ел билейтіндердің мінезін мипаздай отыра: «Ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «ай» десе өргізіп, «шайт» десе жусататын болған. Одан кейін ел түйе… одан кейін жылқы сияқты болды. Ондай елді жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады…», – деп сөзін тәмамдаған-ды. Абайға таққан үш мінді елге тақсам, жауап таба алмас. Жалтарады. Көрбалалықтан, надандықтан арылған ел Абайдың заманында еді. Біз қандай елміз? Кім бағады?

Абай ОРАЗ,

Жезқазған медициналық колледжінің оқытушысы.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.