Руханият

Өлкені сүюдің озық үлгісі

Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» өлкені танудан басталады деген ой орын тапқан. Мұның бәрі ата-баба тарихын аға буындардың өнегелі өмірі мен олардың өшпес еңбек туындыларын, игілікті іс-шараларын үлгі ретінде қабылдап, құрмет тұтуға бағыттайды. Республикамызға белгілі өлкетанушы Тұңғышбай МҰҚАННЫҢ «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы» туындысында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған өлкетану ісін дамыту мәселесі толықтай қамтылған. Өскелең ұрпаққа өлкетану бағытында қандай құндылықтарды басшылыққа алған жөн екені кітап беттерінде сайрап тұр. Әрбір азаматқа Отанын сүюді өскен өлкесінен бастауы керектігін осы еңбек үлгі етіп тұр.

Туған өлкені жан-жақты зерделеп, жіті зерттеп білу өлкетану ғылымының басты міндеттері болып саналады. Тәуелсіз Қазақстан тарихын білу әуелі туып-өскен өлкенің тарихын білуден басталады. Өзінің тегін, кіндік қаны тамған өлкенің тарихын білмеген адам өз халқының тарихын білуге ұмтылмайтыны хақ. Ал, мұндай адам ұлтжанды ел азаматы, тәуелсіз мемлекетіміздің шынайы патриоты атанып, ата-баба мұра еткен жерін қорғай алмайтыны анық. Конституциямыздың 1 бабында «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; қазақстандық патриотизм» делінген.

«Қазақстандық патриотизм» принципі қолданыстағы заңдардың ішіндегі ең жоғары пәрменді күші бар Ата Заңымыздың 1 бабында бекер қарастырылмаған. Мәнінің өте зор екендігін айқындап тұр. Орыстың философ-жазушысы А.Герцен: «Кітап – бір ұрпақтың екінші ұрпаққа қалдырар рухани өсиеті» деп жазған екен. Көбіне, аға буын ел, жер тарихын, шежірені терең білетіні анық. Ал қазіргі смартфоннан көз алмайтын қайсібір өскелең ұрпақтың қасиетті парызы туған өлкенің тарихын зерделеп білу, аялап қорғау, ұрпақ жалғастығын сабақтастыру, ұлт құндылықтарын қастерлеу болып табылады. Осыған орай, өлкетану ісін жетілдіру мақсатында риясыз еңбегі республикамызға белгілі өлкетанушы хәм қаламгер, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» ордені мен Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, «Білім беру саласының озық қызметкері», «Мәдениет саласының үздік қызметкері» Тұңғышбай Өміртайұлы Мұқанның қалың жұртшылыққа ұсынған, жақында ғана жарық көрген киелі өңірге арналған «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы» (Ақтоғайдың ғасырлық шежіресі. Деректі топтамалар) атты еңбегінің құндылығын айырықша атап өтіп, маңызды тұстарына назар аударайық.

Жыл бұрын Тұңғышбай Мұқан өзінің немересі Медеу Әбеузар екеуі Ақтоғай ауданының тарихи жерлерін 5 айда 5 мың шақырым жүріп өтіп «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы» атты танымдық деректі фильм түсіргені белгілі. Ол фильм көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, жұртшылықтың жоғары бағасын алған болатын. Ал бұл кітап сол фильмнің көріністеріне қосымша деректі түсіндірме іспеттес бола тұра, оның беттерінде тарихи мағлұматтар одан да дәйекті, терең және ауқымды түрде берілген. Ақтоғай аймағы талай тарихи кезеңдер мен оқиғалардың куәсі болған қастерлі өңір екендігіне көзімізді жеткізеді.

Кітаптың мазмұны мен мәні туралы автордың өзі «Оқырманға арнау» ретінде былай жазған: «Өткенді білуге құштарлық, болашақ үшін рухани нәр іздеу, өзімізден бұрынғылардың тындырғандарын тану да бағалау – өркениетті өмірдің өзекті өрісі, айшықтаушы арқауы… Дала даналарының ісінен тағылым алу – адастырмас темірқазық. Бір сәт артқа бұрылып толғану, болашақ үшін парыз. Тарихи-танымдық бұл кітапты аудан өмірінің жалнамалық мағлұматтар тізбесі іспетті туындылардың бірі деуге болады». Бұл кітап тарихи тізбектес мынадай тараулардан тұрады: «Ақтоғай аймағының дана бабалары мен рухты арыстары»; «Ақтоғайлық кеңес одағының батырлары мен еңбек ерлері»; «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы»; «Ақтоғай аймағының айшықты да айғақты деректері»; «Аудан тарихының жылнамалық деректері – ғасыр шежіресі»; «Жоғары марапат иелері мен ел ардақтылары»; «Ақтоғай аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштер». Осы аталған тақырыптар талай сырды ашып тұрғаны айдан анық. Бұл кітаптың басты мақсаты – үлкенді-кішілі қауым мен өскелең жастарға патриоттық тәрбие беру мен өлкетану ісін жетілдіру жолдарымен қоса, отансүйгіштікке тәрбиелеу бағыт-бағдары басымдылық танытып отыр.

Туған өлкенің өз ерекшеліктерін, табиғатын, тарихын, халықтың әлеуметтік тұрмысын зерттеп, оны жас ұрпақ тәрбиесінде пайдалану өзінің маңыздылығын жоймайды. Өлкетану іс-шаралары адамның дүниеге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру мен патриотизм сезімін ұштап, Отанға деген сенімін нығайтуға негіз болады.

Киелі Ақтоғай өңірі көрікті табиғаты мен тамыры терең тарихи мұраларға, кен қазбаларына бай өлке. Түлеп ұшқан тұлғалардың Қазақстан мақтан етер ғылым мен мәдениет салаларына қосқан үлестері ұшан-теңіз. Ең әуелі Қазақстанның тәуелсіздік идеясына бастарын тігіп, азаттық аңсап құрбан болған ақтоғайлық Алаш Арыстарын атап өткен жөн. Олар – Қазақстанда азаттық туын бірінші болып тіккен, Алаш Үкіметінің 15 мүшесінің үшеуі Ақтоғай топырағында дүниеге келген, Алаш Үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов, Лениннің алдына барып, қазіргі кең байтақ жеріміздің аумағын рәсімдеп шыққан Әлімхан Ермеков, жаңа құрылған мемлекеттің Конституциясын жазған заңгер, Үкіметтің Бас прокуроры Жақып Ақбаевтар болатын. Өнер саласында жасындай жарқылдаған ССРО Халық әртісі атағын 24 жасында алған жезтаңдай әнші Күләш Байсейітова, атақты әнші-композитор Манарбек Ержанов, күй өнерінің майталманы Мағауия Хамзин, ақынкомпозитор Әсет Найманбаев.

Ақтоғай өлкесі өнері жауһар тастардай жарқылдаған, сыңғырлаған күміскөмей әншілер мекені екені ертеден белгілі. Қазірде дарынды ізбасар әнші, ақын, айтыскер, спортшы жастар өнер сахнасында биіктен көрініп, жүлделі орындарды алып отыр.

Кітапта жазылған бірді-екілі мәлімет пен белгілі кейіпкерлерлерді көзім көргендіктен, екі ауыз естелік сөз қосуды жөн көрдім. Бірінде былай жазылған: «1930 ж. – Аудандық сот мекемесі құрылып, Күнтуар Сүлейменов соттың судьясы болып қызмет атқарған. Ол 1958-1962 жылдары Казақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы болған». Сонымен, Ақтоғайдың қасиетті топырағына қадам басқан К.Сүлейменовтың заң саласындағы ең жоғарғы лауазымды қызмет атқарғандығы туралы тамаша мысал. Ол кісіні сырттай білетінім, 1976-1985 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Философия және құқық институтына мен қызметтес болған баласы, кейінгі жылдары академик атағын алған, Майдан Сүлейменовке келіп тұратын. Ардақты ақсақалды институт басшылары және басқа да қызметкерлер үлкен құрметпен қарсы алатын. 1985-1990 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Сотына келіп жүргенінде ілтипатпен сәлем беретін едім. Ол кезде Құрметті заңгер аға пенсияда болса да, адвокат міндетін атқаратын. Өкінішке орай сол шақта, ағаның Ақтоғайда қызмет істегенін білмедім, әйтпесе естелік әңгімесін естіген болар едім.

Тағы бір қысқа естелік. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің І курсында оқып жүрген кезімде Алаш ардагері Жақып Ақбаевтың қызы, ұстазымыз Аспазия Жақыпқызы Жақыповадан (Кеңестік дәуірдің ол кезеңінде бұл жағдайды естімеген едік, өйткені алашордашыларды «халық жауы» санап, атын ауызға алғызбайтын) дәріс алып, емтиханды үздік бағаға тапсырғаныма қуанышты болған едім. Көп кейін білгеніміз, ол кісінің жұбайы – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, академик, жерлесіміз Хайдар Арыстанбеков екен. Ағамыздың қызы Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекова 1989-1991 жылдары Қазақ КСР Сыртқы істер министрі, 1992-1999 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі жоғары лауызымды да ардақты қызметтерін атқарған. Ақмарал Хайдарқызын білетінім, 1973-1983 жылдары ол Алматыда Қазақстан Жастар одағы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі кезінде жас ғалымдар кеңесінің кейбір іс-шараларын бірігіп ұйымдастыратын едік.

Аталмыш кітап туралы қорытып айтар болсақ, туған өлкеміз жайлы сансыз жылдар бойы естіп-білмеген талай маңызды тарихи мағлұматтарға көзіміз жеткені, ой-санамызды байытып, Арқа белі Ақтоғайдың қасиетті топырағына деген құрметімізді одан сайын арттырды. Сонымен, ықылым заманнан бастау алған, өнегелі тарихын тағылым тұтқан, өткенін жаңғыртып, өшкенін жандырған киелі Ақтоғайдың бүгінгі ұрпақтары оның өшпес тарихи құндылықтарының бәрін мұрагері ретінде мақтан етеді. Осы игілікті істердің басында еңбегі ерен, білікті маман, білімдар өлкетанушы, дарынды көсемсөзші, қаламы қарымды қаламгер, елдің адал азаматы Тұңғышбай Мұқан тұрғанын жұрт анық біліп, аса құрмет тұтады. «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы» атты кітабы соның бір айғағы.

Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,

заңгер, публицист.

Басқа материалдар

Back to top button