Руханият

ӘЛІМХАН әлемі

Қарағанды техникалық университеті ұжымының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Әлімхан ЕРМЕКОВТІҢ 130 жылдығына арналған «Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясы жоғары деңгейде өтті.

Конференцияны Қарағанды техникалық университеті ұжымының ұйымдастыруы да заңдылық. Өйткені, Алаш Орда үкіметінің мүшесі, математикадан қазақтан шыққан тұңғыш профессор, алғашқы қазақ тіліндегі математика оқулығының авторы Әлімхан Ермеков 1955 жылдан 1961 жылға дейін Қарағанды политехникалық институтында (қазіргі Қарағанды техникалық университеті) Жоғары математика кафедрасында жұмыс істеді.

Шараға облыс және Қарағанды қаласы әкімдіктерінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, шетелдік (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Болгария, Словения, Словакия) және қазақстандық жоғары оқу орындарының ғалымдары, ғылыми орталықтардың, мұрағаттар мен мұражайлардың өкілдері, ҚарТУ профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.

Жер сатылатын зат емес

Мемлекет қайраткері, дипломат Төлеутай Сүлейменов конференциянының ашылу салтанатында: «Жер сатылатын зат емес. Ол – бізге ата-бабамыздың қалдырған аманаты. Алаш үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханов алаштықтардың арасындағы ең жасы болған Әлімхан Ермековке зор сеніммен ауыр жүк артты. 1920 жылғы 17-тамызда Мәскеуде В.Лениннің басқаруымен өткен Бүкілодақтық Халық Комиссарлары Кеңесінің отырысында Әлімхан Әбеуұлы Қазақ мемлекетінің шекарасы туралы баяндама жасады. Республиканың шекарасы туралы өткір пікірталас барысында ол Қазақстанға Каспий жағалауы, Ақмола және Семей облыстары сияқты өте маңызды бірқатар аумақты қайтарып алуға қол жеткізді. Біз мұны ұмытпауымыз керек. Мұндай конференцияларды өткізу жастарға серпін береді» десе, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы: «Қарағандылықтар үлкен істер атқаруда. Әлімхан Ермеков жас болса да Алаш Орда өкілі болып қызмет етті. Мәскеуде жер мәселесімен айналысты. Сол кезенде оның дипломатиялық қыры ашылды. Ғылым жолында аянбай еңбек етті. Конференцияға сәттілік тілеймін» деп ақжарма тілегін жеткізді.

«Әлімхан Ермековтың өмірі өте күрделі болды. Көптеген серіктес-алашордалықтардың қайғылы тағдырынан аман қалған. Ол он бес жылдан астам өмірін лагерьлерде саяси тұтқын ретінде өткізді. Сонымен қатар, өмірінің соңына дейін ол өзінің мақсаттарына адал болды. Әлімхан Ермеков мұғалім, тәлімгер, ғалым, азамат және патриот ретінде белсенді, мазмұнды өмір сүрген. Біз көрнекті жерлесіміздің есімін және оның еліміздің қалыптасуына қосқан баға жетпес үлесін мақтан ете аламыз», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Ермековтің немересі болу – жауапкершілік тудырады

Әлімхан Ермековтың немересі, MARY ADI EDUCATION (Ұлыбритания) компаниясының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Олег Ермеков: «Менің жолым болды. Балалық және жас кезімде мен Әлімхан Ермеков сияқты ерекше тұлғаның қасында болдым. Тек атам ғана емес, шынымен де керемет тәрбиеші және мұғалім болды. Менің туған атам ұлттық элитаға жататын, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы үшін көп жұмыс жасаған адам, қоғамдық саяси, қайраткер және оқытушы Әлімхан Ермеков болғанын ұғыну менің бойымда әрқашан мақтаныш сезімін емес, жауапкершілікті тудыратын. Атам өте кішіпейіл болды. Жас кезімде сол кісілердің үйіне барғанда осы қасиетіне көз жеткіздім. Жолдастары, замандастары, сонымен қатар қаладан да ауылдан да атамды іздеп келушілер көп болды. Ешкімді алаламайтын, айтқандарын тыңдап, мәселелері болса қолынан келгенше шешуге тырысатын. Әлімхан атам қандай жұмысқа кіріссе де ыждағатпен істейтін. Адамгершілігі мол еді. Бізді де азамат болуға тәрбиеледі», деп еске алды.

Аға буыннан тәлім алған, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Савет Сағынтаев өз баяндамасында Әлімхан Ермековтің өзіне қолдау білдіргені туралы айтты. «Әлімхан ағамыз математик, әрі ұлағатты ұстаз бола білді. Ол кісінің маған жасаған қамқорлығын ұмытпаймын. «Соңымнан ерген әріптесім» деп маған үлкен баға беріп, зор сенім артты» дейді Савет Сағынтайұлы.

Семейде де ізі қалды

Ал, Әлімхан Ермековтің Семей қаласындағы өткен өмір жолы туралы осы қаладағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева: «Іргетасы сонау 1903 жылы қаланған, 118 жылдық тарихы бар білім шаңырағында ұлтымыздың ұлылары М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Ш.Аймановтармен бірге Алаш арысы Әлімхан Ермеков те білім алды. Оқу орнының жарқын бір беті Қазақ Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, геология ғылымының ХХ ғасырдағы аса көрнекті өкілі, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты. Әлімхан Ермеков бұл оқу орнына 14 жасында түсіп, 21 жасында бітіріп шықты. Айта кету керек, Орынборда 1917 жылы желтоқсанның 5-і мен 13-і аралығында өткен Екінші Жалпықазақ құрылтайының қаулысында Семей қаласы Алаш автономиясының астанасы, Алаш Орда халық кеңесінің орнатылатын жері болып жарияланды. Нақты айтқанда, Алаш үкіметінің ғимараттары Ертістің сол жағасындағы Жаңа Семейде орналасқан. Жаңа Семейді ол кезде орысша «Заречная слобода» деп атаған, ал, қазақша халық оны аталмыш тарихи оқиғаларына байланысты Алаш қаласы деп жүрген» дейді.

Тарих жастарға керек

Ал, Томск мемориалдық мұражайының басшысы, академик Д.Лихачев атындағы сыйлықтың лауреаты, М.Шатилов атындағы ТОӨМ жанындағы тарихи жадты зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Василий Ханевич болса қудалауға түскен арыстарымыз жазасын өтеген «Следственная тюрма НКВД» туралы айтып берді. Томск политехникалық университетінің музейлер кешенінің экспозициялық және көрме жұмысы жөніндегі маманы Вадим Лобанов Әлімхан Ермековтің Томскіде оқығаны туралы тарихи деректерді алға тартты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ҚХА институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралина: «Алаш арыстары туралы көп айтылуы, жазылуы керек. Тарих жастарға керек. Ата-бабамыз армандаған ел еркіндігіне жетіп, Тәуелсіз мемлекет атандық. Осы жолда құрбан болған, қудаланған азаматтарымызды мәңгі есте сақтауымыз керек», – дейді. Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатының басшысы Жанагүл Тұрсынова қорда сақталған Әлімхан Ермековке қатысты құжаттар туралы сөз қозғады.

Жоғалып кеткен жазбалары табылса…

Еуразия гуманитарлық институтының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскембаев: «Әлімхан Ермеков қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш математикпрофессоры, Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі болды. Әлімхан Ермеков сондай-ақ көрнекті ұйымдастырушы-ғалым және көрнекті педагог ретінде ғылымға елеулі үлес қосты. Математика пәнінен сабақ беріп, сол курс бойынша қазақ тілінде тұңғыш ғылыми еңбектер жазды. 1935 жылы оның әуел баста екі кітап болып жарияланған «Ұлы математика курсы» («Курс высшей математики») атты кітабының 1-бөлімі «Қазақстан» баспасында жарық көрді. Редакторы Құдайберген Жұбанов. 10 мың данамен шықты. 180 бет және 80 сызбадан тұрады. 1936 жылғы 26 беттік «Математика басылымдарындағы ғылыми терминдер», 1937 жылғы «Детеринанттар теориясының негіздері» атты еңбектері математика тарихына өшпес мұра болып кірген. Өкінішке орай, осы еңбектердің бәрі кейін кітап сөрелерінен алынып, оның атын атауға мүлдем тыйым салынды. «Жоғары математика курсының» екінші бөлімі де әзірленді. Бірақ, кейінгі еңбек жарыққа шықпай қалды. Осы сияқты жоғалып кеткен жазбалары табылып жатса жақсы болар еді», – дейді.

Олимпиада қорытындысы шықты

Жалпы жиында барлығы тоғыз баяндама тыңдалды, содан кейін жұмыс секциялар бойынша жалғасты. Конференция қорытындысы бойынша іс-шараны ұйымдастырушылар 78 баяндамадан тұратын жинақ шығаруға уәде берді. Ұйымдастырушылар 7-14 сәуір аралығында өткен Жоғары математика пәні бойынша Республикалық студенттік олимпиаданы қорытындылады. Оған Қазақстанның 14 облысынан 20 ЖОО студенті қатысты. І орын Е.Бөкетов атындағы ҚарУ студенті Александр Ахметшинге берілді. ІІ орынды Е.Бөкетов атындағы ҚарУ студенті Антон Асқазков және Назарбаев Университетінен Мадина Өткел өзара бөлісті. ІІІ орынды ҚарТУ студенттері Дарья Матыцына, Әлема Толуғазы және Назарбаев Университетінің оқушысы Бақытжан Құрманбек иеленді.

Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференцияға қатысушылар баяндама жасағандарды тыңдап және талқылағаннан кейін:

«1. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендерді мәңгі есте қалдыру жөніндегі ҚР мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және қабылдау шеңберінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ә.Ермековтің 130 жылдығына арналған «Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясының жұмысы өзекті деп танылсын.

2.Білім және ғылым министрлігіне жаратылыстану ғылымдары саласындағы жетістіктері үшін жас ғалымдарға Ә.Ермеков атындағы стипендия тағайындау туралы ұсыныспен шығу.

3.«Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесіне жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы жетістіктері, сондай-ақ үздік үлгерімдері үшін ҚарТУ студенттеріне атаулы стипендия тағайындау туралы ұсыныспен шығу.

4. Қарағанды техникалық университетінің базасында тұңғыш қазақ математигі және профессоры – Әлімхан Ермековтың туған күніне орай гимназия, мектеп, лицей, колледж және жоғары оқу орындарының оқушылары арасында математика (жоғары математика) бойынша жыл сайынғы республикалық олимпиада өткізілсін.

5.Қазақстанның қазіргі жастарының бойында патриотизм сезімін тәрбиелеу мақсатында Әлімхан Ермековтың тұлғасы туралы толық метражды деректі және көркемфильмдер түсіруді қаржыландыру ұсынысымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығына шығу керек» деген шешім қабылдады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button