Бас тақырыпЖаңалықтар

Әлеуметтік жобаның әлеуеті зор

 

Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ пен облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Абай қалалық ауруханасының 13 дәрігеріне қызметтік пәтер кілтін табыс етті. Жас дәрігерлерді қоныс тойларымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

Тапсырылған 7 бір бөлмелі, 4 екі бөлмелі және 2 үш бөлмелі пәтер тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықталған. Күрделі жөндеу облыстық бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 78,5 млн. теңгеге жүргізілсе, жиһаз және тұрмыстық техника мәселесін аурухана өз мойнына алып отыр. Осыған дейін қараусыз қалған үйлер санатында болған нысанда жөндеу жұмыстарын мердігер «Наладочный центр Темиртау» компаниясы жүргізді. Бұл жұмыс биыл сәуірде басталып, тамызда аяқталды.

  • Еліміздің Ата Заңы мерекесі қарсаңында орын алған жақсы жаңалыққа өте қуаныштымын. Бұл жас мамандардың есінде қалатын елеулі оқиға болса, біз осы оң қадам арқылы Абай қаласындағы медициналық қызметкерлер тапшылығын жойып отырмыз. Елдің дені сау болмаса, толыққанды өмір сүруі қиын. Сондықтан да, біз осы мәселені шешу үшін республикадағы ең үздік жас мамандарды шақырып, бар жағдайын жасадық. Бел буып келген жас мамандар осы қалада өсіп-өніп, денсаулық саласына өз үлестерін қосады деп сенемін, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Пәтерге қол жеткізген дәрігерлердің тең жартысы – Абай ауданы төңірегінің тумалары. Төртеуі – Түркістан облысынікі, біреуі – Балқаш қаласынан. Жас мамандардың айтуынша, еңбек жолын осындай ордалы орталықтан бастап, тәжірибе жинақтаған өте маңызды.

Мен Тараз қаласының тумасымын. Қарағанды медицина университетін аяқтаған соң, Абай қалалық ауруханасына хирург-дәрігер болып орналасып отырмын. Жұмысқа кіріскеніме 1 айдай уақыт болды. Мемлекет тарапынан осындай көмек көрсетіліп жатқанына өте ризамын. Маған 2 бөлмелі пәтер бұйырды. Тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Енді, ештеңеге алаңдамай бар білімім мен күшімді жұмысыма арнамақпын, – дейді жас маман Әділжан Бекқұлиев.

Қоныс тойын тойлаушылар арасында төрт жалпы тәжірибе дәрігері, екі педиатр, екі анестезиолог-реаниматолог, онколог, травматолог-ортопед, офтальмолог, нефролог және неонатолог бар. 13 дәрігердің үшеуі 1-3 жыл аралығында еңбек өтілі бар мамандар болса, қалғандары – биыл бітірген түлектер. Олардың бесеуі резидентурасын облыстық бюджет негізінде жалғастырса, үшеуінің оқу ақысын Абай қалалық аруханасы төлейді. Бұған себеп – арнайы сала дәрігері болуы үшін 2 жыл резидентурада оқу қажет.

Түлектермен алдын ала әңгіме жүргіздік. Оңтүстік аймақта дәрігерлерге сұраныс өте көп. Бірақ, ол жақта жұмысқа орналасу да қиын. Ал, біз қолдан келген барлық жағдайларын жасап жатырмыз. Оның үстіне, алған пәтерлері қалалық аурухананың дәл қасында орналасқан, – дейді қалалық аурухананың директоры Маратбек Жұмахаев.

Осыған дейін Саран мен Шахтинск қалаларында жас дәрігерлерге ведомстволық пәтерлердің кілттері табысталған еді. Мұндай тәжірибе аймаққа биылдың өзінде 458 медицина мамандарын тартуға мүмкіндік берді, олардың 81-і ауылдық жерлерде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Тұрғын үйге мұқтаж барлық жас мамандарды қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау басқармасы алдағы үш жылда 281 пәтердің кілтін беруді жоспарлап отыр. Олардың 27-сін дәрігерлер осы жылдың соңына дейін алмақ.

Бұдан соң министр мен Қарағанды қаласының әкімі құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі отырған Қарағанды қаласындағы кардиооңалту орталығына ат басын тіреді. Онда жаңа технологиялармен, сауықтыру құрылғыларымен танысты.

Орталық 70 төсек орынға шақталған және кардиооңалту үшін барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Штатта 55 адам қызмет етеді, оның 16-сы дәрігерлер. Орталықта жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар науқастар амбулаториялық және стационарлық оңалтудан өтпек. Мекеме міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ашылды.

  • Біз жылына 3 мыңға жуық науқасты қабылдауға қауқарлымыз. Науқастар миокард инфаркті мен кардиохирургиялық операциядан соң алты айға дейінгі уақыт аралығында ем қабылдауларына болады. Медициналық сақтандырулары болса, операциядан кейін сауықтыру емін қабылдауға мүмкіндіктері бар. Бізге №2 қалалық ауруханадан пациенттер ауысып, 7 күн ем қабылдап шыққан соң амбулаториялық бақылауда болады. Кейін тұрғылықты мекен-жайы бойынша мультидициплинарлық комиссия тексеріп, қажет болса бізге қайта жібереді, – дейді «Тұлпар» кардиооңалту орталығы» ЖШС директоры Баян Екежанова.

Бір айта кетерлігі, әлеуметтік жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылды. Мекеме құрылтайшысының айтуынша, ол бұған дейін Денсаулық сақтау министрінің қабылдауында болыпты. Оған бармас бұрын көп ойланған. Медицина саласына қаржы салуға әуелде батылы бара қоймағанын да жасырмайды. Алайда, Елжан Амантайұлымен кездесіп, бар жағдайға қанық болған соң, жұмысқа кіріскен. Орталықта қабылдау бөлмесінен бастап, массаж кабинеті және рентгенге арналған орын, асхана бөлмесі қарастырылған. Енді орталық иелері емделушілерді түйе сүті арқылы сауықтыру ісін де қолға алмақшы.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button