“Ленин” кинотеатры Жастар үйіне айналады
“Ленин” кинотеатры жастарды жұмылдыратын орталыққа айналады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасы бойынша мұнда Жастар үйі ашылады.

Жастар кеңесінің биылғы бірінші отырысында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және шығармашылық ортаны дамыту мәселелері қаралды. Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова биылғы жоспарлары туралы айтып берді.
– Бағдарламада жастармен бұрын іске қосылмаған жобаларды күшейтуге және іске асыруға баса назар аударылатын болады. Ол үшін білім беру мекемелерін, билік органдарын, бизнес-қоғамдастықты және, әрине, жастардың өзін қоса алғанда, түрлі мүдделі тараптар арасында тиімді коммуникация орнату қажет. Жастардың өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуі және оның дамуына белсене қатысуға дайын болуы үшін сенім, ашықтық және өзара құрмет атмосферасын құру маңызды,– деп атап өтті Айсұлу Ерниязова.
“Талдау мектебі. QRG” жобасы жастар арасында талдау дағдылары мен сын тұрғысынан ойлауды дамытуға бағытталған. Ал «Ұлт қазынасы» жобасы талантты ауыл жастары үшін жаңа тиімді әлеуметтік лифт болады. Сондай-ақ, жас сарапшылар үшін “Elim deitin erler” пікірталас алаңын құру және “Saryarqa Jastary” брендін танымал етуге баса назар аудару жоспарда бар.
Облыс әкімі басқарма басшысының бастамаларын қолдап, қазір жастар мәселесіне жаңа көзқарас қажет екенін атап өтті.
– Еліміздің болашағы жастардың қолында. Жақында Астанада өткен Жастар форумында Мемлекет басшысы еліміздің болашағы ақылды, өткір, білімі терең және заманауи көзқарасы бар жастардың қолында екенін атап өтті. Сондықтан мемлекеттік саясат жаңа дәуірдің адамдарына бейімделуі тиіс. Ол үшін бізге мобильді, білімді және шығармашыл жастармен жұмыс істеу әдістерін өзгерту қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
«STARTKINO» ҚБ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Арман Әлімжановтың елдегі креативті индустрияны дамыту және өңірдегі осы бағытты қолдау үшін жасалатын қадамдар туралы сөзінен кейін облыс әкімі «Сарыжайлау» кинотеатрының базасында Креативті кеңістікті дамыту жөніндегі ресурстық орталық құруды тапсырды.
– Креативті индустрия – әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан саласы, ол қосымша құн мен жаңа жұмыс орындарын құрады. Біздің облыстың да осы тұрғыдан белгілі бір әлеуеті бар. Бізде дарынды және әлеуетті жастар көп. Біздің міндетіміз – оларға өз идеяларын дамыту және іске асыру үшін қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау,- деп атап өтті өңір басшысы.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.