Ресми

Әлемдік нарыққа жолдама

Өңірдегі өндіріс өкілі жаңа белесті бағындырды. «Мaker» машина жасау зауыты «АРІ Q1» деп аталатын халықаралық сапа сертификатын иеленді. Бұл сертификат кәсіпорынның мұнай-газ индустриясының заманауи әлемдік талаптарына сәйкес келетіндігін және өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ететіндігін растайды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды зауыты үш жыл бұрын «API Q1» талаптарына сәйкес келетін сапа менеджменті жүйесін әзірлеуді бастаған еді. API – «American Petroleum Institute», қазақшаласақ, американдық мұнай институты дегенді білдіреді. Бұл – АҚШ-тағы мұнай және газ саласына қатысты мәселелерді зерттейтін және реттейтін ең ірі үкіметтік емес ұйым. Сертификат барлық сынақтар мен тексерулерден кейін берілді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев зауыт қызметкерлерін жетістіктерімен құттықтады.

– Бұл сертификат – диплом іспеттес. Оның ішінде, зауыттың барлық қызметкерлерінің орасан зор еңбегі тұр. Бұл құжат – халықаралық деңгейге шығу үшін зор мүмкіндік. 100-ден астам ел АРІ сертификатының тиімділігін мойындайды. Біздің облыста бұл – сертификаты бар екінші кәсіпорын. Оны бірінші болып, Теміртаудағы «КазАрматура» компаниясы алған еді. Бұл біздің өндірісіміздің көкжиегін кеңейтеді, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

«Мaker» ЖШС басқарма төрағасы Жәнібек Байғабелов сертификат алу NCOC компаниясының қатысуының арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

– Бір кездері мұндай сертификатқа қол жеткізу біз үшін мүмкін емес сияқты көрінетін. Тек NCOC компаниясының арқасында біз оған қол жеткізе алдық. Қарағанды облысы – бірлескен өндіріс үшін басқа кәсіпорындарды тарта алатын үлкен өнеркәсіптік алаң. Бүкіл аймақ үшін үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Қазақстан сатып алатын мұнай-газ жабдығының көлемі жыл сайын барлық кәсіпорындармен 1,4 трлн. теңгеге бағаланады. Бұл Қазақстанда материалдар мен қосалқы бөлшектер өндірісін оқшаулау үшін өте үлкен үлес, – деді Жәнібек Байғабелов.

KLMZ-де мұнай-газ жабдықтарының номенклатурасы кеңейеді. Қарағанды зауытының басты әлеуетті тапсырыс берушілерінің бірі NCOC компаниясы болмақ.

Кәсіпорын Қашаған кен орнын игеріп, еліміздегі ең ірі мұнай компанияларының үштігіне кірді.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button