Жаңалықтар

11. Машина жасау: қанат жаяр өріс кең

Дуальді білім беру жүйесінің жемісін көрген жастың бірі – Арман ЫСҚАҚОВ. Қарағанды машина жасау колледжінде оқыған бозбала білім ордасындағы жылдарын тынымсыз ізденіспен өткізді. Түске дейін – теория, түстен кейін – тәжірибе. Кітаптан оқып, мұғалімнен естігенін қолмен ұстап, көзбен көрді. Және жыл сайынғы өндірістік тәжірибеге де жауапкершілікпен қарады. Қарағанды құю-машина жасау зауытында шеберлігін шыңдады. Тәлімгерлер тапсырмасын тыңғылықты орындап, темір жону машығына тереңдей бойлауға талпынды. Міне, бүгінде колледж бен кәсіпорынның ортасында жүріп игерген кәсібінің арқасында нан жеп отыр. Шаруаға ебі бар жас жігітті қаршадайынан тәрбиелеген зауыт бірден жұмысқа алды. Қазір Арман – Қарағанды құю-машина жасау зауытының 4-ші разрядты токарі…

1. Өндірістік бөлімнің бастығы Олег ПЕТРОВ, металл құрылымдары өндірісінің бастығы Ұлан ӘБЕКОВ және өндіріс бойынша директор Андрей САФОНОВ жұмыс бағытын айқындап отыр.

ӨНІМ КӨЛЕМІ 40 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

Арман сынды жүздеген жас орын тапқан Қарағанды құю-машина жасау зауыты фашистік Германия КСРО-ға соғыс ашқан жылы іске қосылды. Биыл – 80 жыл. Зауыт ұжымы мерейтой жылына толайым табыспен жетіп отыр. Мәселен, былтыр өндіріс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсті. Бұл – пандемия қос өкпеден қысқан кезде бағындырған белес. Яғни, зауыт отандық машина жасаушылар арасында ең алдыңғы қатарға шықты. Тоқырау тұсында тұралаған шаруашылықты түзеп, еңсе тіктеген кәсіпорынның жұртқа жария қылар жетістігі баршылық…

Кейінгі уақытта кәсіпорын басшылығы қоғаммен байланысты жандандырды. Әсіресе, қалам ұстаған қауымға құшағы ашық. Бір кездері тарс жапқан қақпасын ашуға әлі күнге асығар түрі жоқ өндіріс ошақтарына үлгі болса, қане. Әйгілі зауыттың есігі оңай ашылды біз үшін.

Тәртіп баршаға ортақ. Зауыт аумағына кіру үшін арнайы дәрістен өтесіз, қауіпсіздік ережелерімен танысасыз. Еңбек қауіпсіздігін қадағалау бөлімінің жігіттері жүріп-тұрар жөніңізді түсіндіреді. Жұмыс киімін беріп, басыңызға каска кигізеді.

Бұдан кейін сізді зауыттың кіреберіс қақпасынан қырағы күзетшілер күтіп алады. Құжатыңыз түгел болғаны өз алдына, ішімдік ішпегеніңіз де маңызды бұл жерде. Үрлейтін түтігі бар аппарат деміңізден «кінәрат» тапса, сіз үшін зауыт есігі сол күні жабық.

Сөйтіп, тиісті дайындық пен тексерістен аман өткен біз басқарма төрағасының кабинетіне жеткенде түс ауып үлгерген еді.

Басқарма төрағасы – Жәнібек Байғабелов. Зауыт басшылығына 2019 жылы тағайындалды. Сол уақыттан бері бар жігерін өндіріс көлемін арттыруға жұмсап келеді. 2019 жылдан бергі даму динамикасына қарап отырып түйдік бұл түйінді.

Зауыт тау-кен, металлургия саласына қажетті жабдықтарды өндіреді. Көмір таситын вагонеткалар, шахта түбіндегі суды соратын насостар, жүздеген тонна топырақты ұстап тұратын анкерлік бекітпелер, кеніштердегі ауыр техниканың бөлшектері, заулаған пойыздардың тежегіштері сынды мыңдаған бұйым жасалады. Барлығы 12 мың түрлі өнім бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, былтыр өнім көлемі 40 пайызға өсті. 9,4 млрд. теңгені еңсерді. Пандемия жағдайын ұтымды пайдаланды басшылық.

Жаһандық пандемия ешкімге оңай тиген жоқ. Отандық алпауыттар да қиын жағдайға түсті. Жасыратыны жоқ, барлық құрал-жабдықты шет елден сатып алатындар көп. Ал, коронавирустың кесірінен көптеген импорттаушылар жұмыстарын тоқтатты немесе өндіріс көлемін қысқартты. Тиісінше, отандық өндірушілер қажетті техникадан айырылды. Біз осы тұста өзіміздің әлеуетімізді таныттық. Шетелдік зауыттармен бәсекеге түсе алатынымызды көрсеттік. Тапсырыстар қабылдап, қазақстандық өнеркәсіптің сұранысын қанағаттандырдық, – дейді Жәнібек Алтынбекұлы.

Зауыттың өз конструкторлық-технологиялық басқармасы бар. 60 адам еңбек етеді. Барлығы – конструкторлар мен технологтар. Кез келген жаңа бұйымның сызбасы осында сызылады. Төлқұжаты түзіліп, кепілдігі де беріледі. Былтырғы еңбек майданының басында тұрды. Ал, жалпы, зауыттың Қарағандыдан тыс, Балқаш, Жезқазған қалаларында кәсіпорындары бар. Үш қалада 2 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Металлургия мен тау-кен саласынан бөлек, зауыт жаңа бағыттарды да игеруге күш салуда. Мұнай-газ саласына қызығушылық зор. Жақында «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын тапсырысын жеңіп алды. Яғни, мұнай алпауытына 78 ұңғыма бөлшегін әзірлеп беруі тиіс. Бұрын-соңды мұндай тапсырыс болған емес.

Қазақстанда машина жасау саласын дамытуға өріс кең, – дейді Жәнібек Алтынбекұлы. – Саланың өнім көлемі – 1,4 трлн. теңге. Ал, мұнай-газ секторындағы өндірушілер жылына 1,7 трлн. теңгенің жабдығын шет елден сатып алады. Яғни, отандық машина жасаушылардың әлеуеті жалғыз мұнай-газ секторын қамтамасыз етуге жетпейді. Біздің мақсатымыз – осы ен жатқан нарықты игеру.

Биылғы өндіріс қарқыны көңіл қуантады. Өткен бес айда 5 млрд. теңгеден асты. Зауыт басшылығы жыл соңына дейін 12 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.

2. Учаске шебері Орынбасар БЕКБОЛАТҰЛЫ мен токарь Арман ЫСҚАҚОВ.

ТЫҢ ИДЕЯҒА СЫЙАҚЫ БАР

Зауыт жұмыскерлері ресурс үнемдеуге, еңбек үнемділігін арттыруға баса көңіл бөледі. Бұл бағытта басшылық ынталандыру жобаларын қолға алды. «Идеялар генераторы» жобасын ерекше атап өтуге болады.

Аталған жоба аясында кез келген жұмысшы немесе ұжым өзінің соны ойын ортаға салады. Яғни, күнделікті атқарып жүрген жұмысын жеңілдету, материалдық шығынды азайту тәсілдерін ұсынады. Өндіріс бойынша директор Андрей Сафонов бұл жоба туралы тәптіштеп түсіндіріп берді. Біз металл құрылымдарын әзірлейтін №1 цехқа келгенде Андрей Александрович металл құрылымдары өндірісінің бастығы Ұлан Әбеков және өндірістік бөлімнің бастығы Олег Петровпен бірге жұмыс жүктемесін талқылап отыр екен.

«Идеялар генераторының» арқасында еңбек өнімділігі 2,8 есе артты. Және ресурс шығынын азайттық. Мысалы, жылдар бойы белгілі бір бұйымға станокпен тесік салу үшін төрт ауысым кететін. Жұмысшылар газ арқылы тесуді ұсынды. Яғни, төрт ауысымда істейтін жұмысты жарты-ақ ауысымда бітіріп тастамақ. Бұл – күнделікті жасалатын жұмыс. Біз жаңа әдістің арқасында бір жылда 30 млн. теңге үнемдедік. Осы 30 млн. теңгенің 10 пайызын әлгі ұжымға бөліп бердік, – дейді Андрей Александрович.

Сондай-ақ, жұмысшылар қыстың жылы күндері жазғы керосинді жарату, өнімді қаптауға ағаш емес, қатты полиэтилен пайдалану, станоктан түскен техникалық майды ұстахана пешіне тұтыну сынды елуден астам идея ұсынған. Бұл ұсыныстарды екшеумен арнайы құрылған техникалық кеңес шұғылданды. Қазіргі уақытқа дейін бірнешеуі мақұлданып, авторлары үнемделген соманың 10 пайызына иелік етті.

3. Балқытушы Ерлан ӘБІЛДИН кезекті шөмішті қалыпқа қотармақ.

ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

2014-2018 жылдары ауқымды модернизациялау жұмыстары жүргізілді. Лизинг арқылы механикалық өңдеу блогы жаңартылды.

Жаңғырту нәтижесінде еңбек қауіпсіздігі жоғарылады. Жұмысшының мүмкіндігі артты. Бір адам төрт станокта қатар жұмыс істейтін жағдайға жетті. Никита Рогожин есімді инженер-технолог 2016 жылдан бері автоматтандырылған дәнекерлеу машиналарын басқарады.

Никита контрукторлық-технологиялық басқармадан электронды желімен түскен сызбаны машинаға енгізіп, іске қосады. Болды. Автомат жұмысын аяқтағанын күтеді. Егер, жақындап, қауіпті қашықтыққа барса, «ақылды» станок қалт тынады.

Ұқсас станоктар №2 цехта жеткілікті Учаске шебері Орынбасар Бекболатұлы бұл цехта кез келген бұйымды дайындауға мүмкіндік барын айтты.

Вагонетканы алайық. Шикізатпен қамтушы «АрселорМиттал Теміртау» АҚнан темір табақтар жеткізіледі. Бұл табақтар конструкторлар сызған сызба бойынша кесіледі. Бұрынғыдай табанын бөлек, қорабын бөлек, қиып жатпайсыз. Лазермен кесетін «Ванад» машинасына саласыз. Мұндай машина цехта екеу. Темірді қалың-жұқасына қарай кеседі.

Дайын бөліктерді дәнекерлеушілер дәнекерлейді. Дөңгелек-білігін токарлар станокта жонып шығады. Соңында бөлшектер құрастырылып, тиісті түске боялады. Сыры кепкен соң вагонетка тапсырыс иесіне жол тартады.

Цехтағы майталман токарь – Иван Поляков. Механикалық құрау учаскесінің шебері Азамат Бегімбетов бастаған жігіттер Ваня ағайдың ақыл-кеңесіне жиі жүгінетіндерін айтады.

Өткен аптада Ваня ағай алпыстың төріне шықты. Сонау 1978 жылдан токарь станогынан бір елі ұзаған емес.

Нұра ауданының Байтуған ауылында тудым. Жастайымнан химияға, металға әуестендім. Сол әуестігім сүйреп, мектеп бітіре сала зауытқа келдім. Комсомол жастар бригадалары құрылып жатқан кез. Бригадалардың бірінің сапында еңбекке кірістім, – дейді.

Біз Иван Васильевичтің жас токарь Андрей Пономаревке насос құбырын жону әдісін көрсетіп жатқан сәтіне дөп келдік.

Қазір жастардың көпшілігі жұмысшы мамандықтарға барғысы жоқ. Әйтсе де, Андрей сияқты жігіттер де кездесіп қалып жатады. Біз осындай талапты жігіттерді іріктеп, токарлыққа, слесарлыққа баулуға жіті назар аударамыз. Әйтпесе, кеңес уағында келген біздің соңымызда мына станоктар бос қалуы ғажап емес, – дейді ардагер токарь.

4. Автоматтандырылған механикалық өңдеу цехы.

КӘСІПТІҢ ТӨРЕСІНЕ БАЛАЙДЫ

Зауыттың маңызды блоктарының бірі – металл балқыту цехы. Мұнда дайын модельдер бойынша түрлі бұйымдар құйылады. Құю учаскесінің шебері Дәрмен Амантай – жұмысына берілген маман. Цехтағы технологиялық процесті басынан бақайшағына дейін жілікше шағады.

Металдан бұйым жасау үшін алдымен модель қажет. Бұл модельді полистеролдан жасайды. Яғни, ұнтақ түріндегі полистеролды ваннаға салып, белгілі температурада «пісіреді». Қант тәрізді ұсақ ұнтақтың әр түйірі «піскенде» тарыға жетеғабыл түрге енеді.

«Тарыны» қысымдағы қалыптарға ыстық ауаның көмегімен үрлеп толтырады. Қалыптан қажетті форманы алып шығады. Алынған модель ыстық бөлмеде бір тәулік бойы кептіріледі. Кептірілген соң боялып, тағы да кептіру бөлмесіне жөнелтіледі. Ал, бөлмеден бірден ұстаханаға жол тартады.

Ұстаханадағы жігіттер модельдерді кварц құмы толы жәшіктерге салады. Жәшіктің жан-жағын полиэтиленмен қаптап, вакуумды насоспен сорып алғанда әлгі құм тасқа айналады. Әлгінде ғана алақаныңызда үлпілдеп жатқан құмға енді саусағыңызды батыру мүмкін емес.

Жәшіктің үстіне 1700 градусқа дейін балқытылған металды құяды. Сол уақытта метал полистеролды жағып жіберіп, кварц құмының арасымен ағып барып, бұйым қалыбын ұстап қалады. Үш сағат суиды, дүние – дайын.

Балқыту пешіне қажетті темір зауыт аумағындағы цехтардан жиналады. Яғни, станоктардан қалған қалдық. Бір ауысымда бір пеш төрт шөміш балқыма береді. Бір шөміштің салмағы – 250 келі. Сегіз сағатта бір тонна өнімді қоймаға жөнелтеді.

Әрине, 1700 градустың пештің жанында сегіз сағат байланып тұру жеңіл жұмыс емес. Әйтсе де, жүздерін жалын шарпыған азаматтар металл балқытуды кәсіптің төресіне балайды…

5. Майталман токарь Иван ПОЛЯКОВ жас маман Андрей ПОНОМАРЕВКЕ кеңес беруде.

«СТРУЖКА» ШЫРША СӘНІ БОЛҒАН

Зауыттан шығар кезде Иван Васильевич бір «стружканы» қолыма ұстатты. Металл жонғаннан қалған «жаңқа».

Мен зауытқа келгенде Ұлы Отан соғысының ардагерлері станоктарда тұрды. Шетінен мықты. Мінездері шәлкес, қан көрген солдаттар. Жоқшылықты да, ашаршылықты да өткерген. Бірақ, қазіргі бейбіт күндеріне риза жандар еді. Үзілісте жандарына отыра қалсаң, небір әңгіменің майын тамызар еді. Бірде сол шалдардың бірі мына «стружканы» шыршаға ілгендерін айтты. Жаңажылдық шыршаға ілер ойыншық жоқ заман болған. Әртүрлі металдан түскен «стружка» қызылды-жасылды түспен шыршаның сәнін кіргізіпті. Міне, аталарымыз сол «өндірістік қалдыққа» қуана білді. Ал, біз сол нәубет кезеңдерді ұмытпай, қазіргі күнімізге тәубе айтуымыз керек, – Ваня ағайдың бұл әңгімесі маңайдағы біраз жанға ой салғаны сөзсіз. Иә, «мың өліп, мың тірілген» ұлт бүгініне шүкіршілік етуден танбауы тиіс…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button