Баған

«Әлемді өзгерткің келсе, өзіңді өзгерт»

Әне-міне дегенше Жастар жылының жартысы өтіп кетті. Еліміздегі саяси жағдайларға байланысты атаулы жыл ұмытылып қалғандай болып көрінгенімен, жастар мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Бірақ, Жастар жылында мемлекет бізге барлығын үйіп-төгіп беруі керек деген ойы бар жастарды көп кездестірдім.

Кез келген отырыста, жиында өзім құралпы жастардың әңгімелерін тыңдап отырсам, көбісі YouTube-тегі арандатуға пейілді бейнежазбаларды көріп алып, «саясаткер» болып кеткен. Оқуға, өзін-өзі дамытуға деген құлшыныстары жоқ. Өмірдегі бар мақсаты – несиеге көлік алу. Күнімен ұйықтап, түнімен такси болып сол көліктің несиесін жабу. Басқаша даму жоқ. Жұмыс десең жанын қинағысы келмейді. Бар айтар сылтауы «жұмыс жоқ».

Мен бұл ойларға қарсымын. Елімізде жастарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бағдарламалар жетерлік. Тек, ол бағдарламаларды жастар білмейді. Себебі, ізденіп, зерттемейді. Мәселе – осында. Мемлекеттің жастар алдындағы міндеті тегін үй беру, жұмыс тауып беру емес. Мемлекеттің негізгі миссиясы – халықтың барлығына (ауыл, қала жастарына, қарттарға, көпбалалыларға, ерлерге, әйелдерге) тамыр-таныссыз, сыбайлас-жемқорлықсыз білім алуына, жұмыс істеп ақша табуына, кез келген салада жетістікке жетуіне мүмкіндік жасау. Осыны көп жастар естен шығарып алған секілді.

Өзің қарекет жасамай, «мемлекет маған қашан береді?» деп қарап отыру жетістікке жетем деген жастарға лайық іс емес. Әлемді өзгерту үшін, алдымен, өзіңнің ойыңды өзгерт. Кейін ойың өміріңді өзгертуге сеп болады. Үйіңдегі мәселені шеше алмай отырып, мемлекеттік жүйені өзгертемін деуің бекер. Адамдармен тіл табыса алмай жүріп, қоғамды өзгертемін деуің артық.

Менің де Жастар жылынан күтерім көп. Соның бірі – елдің болашағы үшін білім бағдарламасына «IT» немесе «Бағдарламалау» пәндері енгізілсе деген тілек. Себебі, ақпараттық теxнология көбіне заманауи қоғамның дамуын анықтайды және жастардың ерте жұмысқа кірісіп, нақты пайда табуына ықпал етеді.

Жастар жұдырықтай жұмылса, жігерлі толқынның бағындырмас асуы да болмас еді. Олар қоғамның ең сенімді өкілдері болғандықтан, жаңашылдыққа әрқашан дайын. Оның үстіне, жалаң талпыныспен көп жетістікке жете алмайтынымызды түсінетін уақыт жетті.

Ержан ХАМИТОВ,

«Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастардың мәселелерін зерттеу және сараптау орталығы» КММ директоры.

Басқа материалдар

Back to top button