Әлем Елбасын неге «КҮШТІ ЛИДЕР» дейді?
Кеңес кезінде қазақ деген елдің бар-жоғын білмейтін жаһан жұртшылығы қазір қазақты түстеп танып алды. Кеңес өкіметінің құрамындағы он бес уықты елдің ішіндегі экономикасы еңселі, абыройы асқаны да біздің ел.
Шыбығы қисаймай өсіп, түтіні түзу ұшқаны да. Бұл туралы шет ел БАҚ-ы былай дейді…
«1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан кешенді саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыру жөнінде көп табысқа қол жеткізді. Бүгінде ол көршілерге қарағанда неғұрлым сәтті экономикалық реформалар жүргізу жөнінде бұрынғы кеңестік кеңістікте нағыз көшбасшыға айналды. Елдегі экономикалық және әлеуметтік қатынастар жүйесі толығымен өзгерді. ЕҚЫҰ сарапшыларының пікірінше, Орталық Азияның барлық бес елінің арасында экономикалық реформалар жүргізуден ең көп табысқа жеткен нақ осы Қазақстан. Ал, Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша Қазақстан реформалар жүргізуде ТМД елдерінің ішінде көшбасшы болып табылады. Сондықтан, 2002 жылғы наурызда АҚШ сауда министрлігі оған ұлттық валютаның өтімділік дәрежесі, еңбекақының ставкаларын еркін анықтау, шет ел инвестицияларына ашықтық, мемлекеттік меншік пайызы және өндіріс пен қаражаттарды бөлуге мемлекеттік бақылау дәрежесі салаларындағы жетістіктері негізінде «нарықтық экономика елі» мәртебесін берді» («Россия»).
«Қазақстан бұрынғы кеңестік республикалар ішінде бірінші болып қажетті экономикалық реформаларды жүзеге асырудың тыңғылықтылығы жағынан алдыңғы қатарда тұр. Бұл көбіне-көп қазақ Президентінің шешімділігі мен көрегендігінің арқасында жасалған батыл қадам болды» («TravelMAG», Ұлыбритания).
«Қазақстан дамудың аймақтағы басқа мемлекеттер үшін үлгі бола алатын жаңа моделін жасап, дұрыс жол таңдады. Қазақстан басшылығы егеменді мемлекет құру кезінде батыстық оң тәжірибемен қатар, азиялық мәдениет пен ділдің ерекшеліктері мен дәстүрлерін де ескерді. Әсіресе, мұның анархия мен қоғамдық және экономикалық процестер мен сыйыспайтын демократия мәселелеріне қатысы бар. Қоғамдық өмір құрудың батыстық құндылықтарын күштеп таңуға болмаса керек» («Жэньминь жибао», Қытай).
Әлбетте, кем-кетіктер жоқ емес, бар. Бірақ, «ештеңе жасамаған адам ғана қателеспейді» дейтін нақылды негізге алсақ, біз үнемі ілгерілеп келеміз емес пе? Аузымыздан тәубеміз, қолымыздан қауғамыз түспеген елміз. Ел еңсесін көтерген соңғы жиырма жылдың ішінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік тұрғыда бағындырған белестерін жоққа шығару – білгірлік емес. Ішкі саясат пен сыртқы саясаттың таразы тасын тең ұстауда әлем елдері қазақты басқаларға үлгі етеді. Әріге бармай-ақ, бүгінгімізді айтсақ, жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың халықаралық тәртібін нығайтудағы Қазақстанның іс-әрекеті, ондағы бастамашылдығы, ЕҚЫҰ-ға еліміздің төрағалық етуі, Азия ойындарының Қазақстанда өтуі және осы секілді дүниежүзілік ірі шараларға қазақтың мұрындық болуы төрткүл дүниеге елдігімізді әйгіледі.
Сонау бір жылдары дүние жүзінде ядролық қаруды таратпау мәселесі бойынша Елбасы Н.Назарбаевтың «Кейінгі жылдары біз ядролық қару таратпау, ядролық материалдарды шығармау саласында БҰҰ аясында қабылданған шешімдердің табысқа жетпегеніне куәгер болдық. Бұл дүние жүзінде осы сала бойынша қазіргіден мүлдем өзгеше шешім қабылдануға тиіс екенін көрсетеді… Дүние жүзінде халықаралық құқықтың негізгі принциптеріне қайшы келетін бірегей ахуал қалыптасып отыр: біреулерге қаруды иемденуге және оны жетілдіре түсуге рұқсат берілсе, екінші біреулерге оған иелік ету түгілі жасау жөнінде ойлауға да тыйым салынады. Бұл дұрыс емес, бұл – әділетсіздік… Бұл мәселенің шешімі БҰҰ аясында қайта қаралып, ғаламдық шараларды қолдануға, барлық мемлекеттердің, соның ішінде ядролық қаруы бар елдердің осындай қару көлемін азайтуға және ондай арсеналды біртіндеп мүлдем жою жауапкершілігін күшейтуге қадам жасалады деп бағамдаймын. Ядролық арсеналды жою жөнінде ядролық державалардың өздері үлгі көрсетуі тиіс» деп бастама көтеруі тарихи оқиға ретінде орын алды. Сол себептен де басқа елдің саясаткерлері Елбасыны «күшті лидер» деп біледі. Ядролық қарусыздану ісіндегі Н.Назарбаевтың үлесі жоғары бағаланып, бұрынғы КСРО елдерінен бірінші болып ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуінің тарихи мәні бар екенін де АҚШ Президенті Б.Обама ашық мәлімдеген болатын.
Бір кездегі Қазақстанға ресми сапары барысында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бұрынғы Семей полигоны аумағын аралағанда «Мен барлық ядролық державаларды Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын» депті. Сонымен қатар, Пан Ги Мун Н.Назарбаевқа жаһандық ядролық тажалға қарсы қозғалысты басқаруды ұсынғаны мәлім. Оған қоса, «Жаһандық саммит қарсаңында ядролық қарусыз әлем құру туралы айтуға басқадан гөрі, Президент мырза, Сіздің моральдық құқығыңыз бар және ол жайында дауысыңыз жарқын шығуға тиіс. Осы мәселе жөнінде бұдан да зор нәтижелерге қол жеткізу үшін біздің бағдарымызды үйлестіруді ұсынамын. Ядролық сынақтарды тоқтату қажеттігі мен ядролық қаруды жою туралы мәлімдеуге Сізден басқа ешкім лайық емес деп ойлаймын. Өйткені, осы қарудың барлық қауіп-қатерін сіздің халқыңыз бастан өткерді, бірақ, оны тек Сіз ғана тоқтата алдыңыз», – дегені және аян.
Сырт ел – сергек. Қоғамдағы әр қадамды қалт жібермейді. Саралап, салмақтайды. Содан шығар, олар біздің Елбасына «Шығыс-Батыс» институты бекіткен Бейбітшілік және превентивтік дипломатия сыйлығын табыстады. «Шығыс-Батыс» институты 1980 жылы халықаралық қатынастарда «қырғи-қабақ» соғыстың келеңсіз салдарларын еңсеру, еуроатлантикалық аймақта шиеленісті бәсеңдету, азаматтық қоғам құндылықтарын алға жылжыту мақсатымен құрылған. «Шығыс-Батыс» институтының Бейбітшілік және превентивтік дипломатия сыйлығы АҚШ-тың ең беделді наградаларының бірі және ол мемлекеттік басқару, қауіпсіз әлем құру саласындағы ерекше жетістіктері үшін әртүрлі елдердің саяси және мемлекеттік қайраткерлеріне беріледі. Бұдан бұрын бұл наградамен АҚШ Президенті Дж.Буш үлкені, Чехия Президенті В.Гавел, Германия Канцлері Г.Коль және басқалар марапатталған.
Ең бастысы, бүгінгі ұрпақтың бізге қарағанда бағы бар. Біз мәңгүрт секілді ата-бабаларымызды білмей масқара бола жаздадық. Абылайды, Кенені танымай қара басты. Бүгінгінің баласы тарихын түп-тұқиянынан жіліктеп, мүшелеп айтады. Ойы да, жаны да, ділі де, тілі де – азат! Бақытты. Еркіндік деген осы емес пе?!
Қызғалдақ АЙТЖАН.