«Өлеңге орап уата алам ба?..»
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерқанат Кеңесбекұлының жаңа жыр кітабы жарық көрді. Атауы – «Сағыныш басқан». 10 баспа табақтан тұратын кітап мемлекеттік тапсырыспен шығарылған. Таралымы – 3000 дана. Ерқанат Кеңесбекұлының бұл екінші кітабы. Тұңғыш жыр жинағы 2015 жылы «Алиф» деген атаумен шықты.
«Сағыныш басқан» кітабы Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбайдың авторға жазған хатымен басталған. Хатта ұлттың қабырғалы қаламгері Ерқанат Кеңесбекұлының шығармалары оның талант иесі екенін айғақтайтыны айтылған. Әсіресе, «Түн көлеңкесінің ұйыған кезі» деген туындысына ерекше тоқталған. Осыдан-ақ Ерқанаттың қаламының қуатын аңғаруға болғандай.
«Сағыныш басқан» – сегіз желіден тұрады. Әр желіге тақырыптас, идеялас туындылар топтастырылған. Атауы айтып тұрғандай, кітаптың безендірілуі де, ішіне топтастырылған өлеңдердің де болмысы бөлек. Алайда, табиғи бояуы қанық жырлар сізге бірден құшағын аша қоймайды. Ол үшін аз да болса, ақынның болмысынан, киелі поэзиядан хабардар болуыңыз ләзім.
«Сағыныш басқан», «Алхоры қыз», «Шідер», «Ақыржалған», «Мистика», «Түйсіну», «Кәрі көктем» сынды сыршыл ақынның ел жатқа оқитын жырларын да кітаптан кездестіресіз.
Жалпы, жаңа жинақтың өн бойынан қаламға деген адалдық, өлеңге, өмірге деген іңкәрлік және соны ізденіс анық аңғарылады. Бұдан бөлек, Ерқанаттың аударма саласында да жемісті еңбек етіп келе жатқанын айтқымыз келеді.
«Дүрлігістерден, сүрлігістерден, Байқасам тірлік сабыры қашқан. Өлеңге орап уата алам ба, Қара жерді мен Сағыныш басқан?..» деп толғанады ақын жүрек. Иә, шайырдың өзіне көңілі толмауы құптарлық дүние. Десек те, Ерқанаттың қалам сілтеуінен оның ауқымды тақырыптарға құлаш сермеуге қанатын қомдап отырғанын сезгендей болдық. Дауыл алдындағы тыныштық…
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»