Ұлдың ұяты әкеден
«Отбасы» деген сөзді алып қарасаңыз, «от» сөзінен басталып, «басы»-мен аяқталады. Мұнда «отағасы» деген сөздің төркіні жатқандай. «Сол үйдің әулет басы, отбасы, иесі» деген түсінік болса керек. Расында, оттың басы әке тәлімінсіз тұл көрінеді.
Қазақ ежелден ата мен әкеге құрметпен қараған. Әке бір үйдің асыраушысы һәм қорғаны. Тәлім-тәрбие мен ұлт сүйгіштіктің де қалыбы әкеден. Қазақта қарғыстан да ауыр сөз бар. «Тексіз» деген. Бұл сөздің түп төркіні әкесіз өскен, дәнсіз, тамырсыз, бастаусыз, қайдан шыққаны беймәлім дегенді білдіреді.
Жас баланың бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаған байырғылар оны, ең бірінші, әке мен ата тәрбиесінен көреді. Жақсы болса, «Тегіне тартқан, атасы текті еді. Көргенді бала» деседі. «Ата көрген оқ жонар» бір естігенге жай нақыл болғанымен, мағынасы тереңде. Ұл әкесіне қарап, бой түзейді. Әкенің мінезі мен жүріс-тұрысы – балаға танымдық мектеп. Оның сақал-мұртын басқанына, киінгеніне қарап, бала дәріс алуға көшеді. Тіпті, әкесі темекі тартса да, сол бір ісін мақтаныш көріп, қайталауға тырысқан талайымыз бар шығармыз. Әке – ұл айнасы қашанда. Қарап отырсақ, балаға қанша ақыл айтсаң да, оны қорытып, нәтиже шығаратын жан ілуде-шалу. Ал, өз мінезің мен жақсы-жаман қасиетті ұл-қызыңнан көргенде, айтқан ақылдан гөрі жүріс-тұрысты түзеу керектігіне көз жетеді.
Бауыржан Момышұлы ұлына айтқан өсиетінің бірінде «Көп тыңда. Аз сөйле. Сөзіңнің артынан ісіңмен үлгеруге жаныңды сал» – дейді. Бір ауыз сөздің артында қанша тәрбие мен мәрттік жатыр. Ердің ерлігі тек жау жайратып, түз тағысын аулау немесе өзгеге өзіңді өгіз күшің арқылы мойындату емес, сабыр мен жігер, берген уәде, айтқан сөзге берік болу арқылы танылса керек.
«Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деп Бұқар баба тегін айтпаса керек. Әр ненің негізі түпкі қалыбында. Ханнан туған түбінде хан, қарадан туған қара болары хақ.
Асылында, әке тәрбиесі қашан да, түгел ұлттың тура жолын салып, бағыт-бағдар беріп отырады. Бүгінге дейін Құнанбайдың Абайға берген тәрбиесі түгел ұлттың тәліміне айналған жоқ па?! Сол себептен қазақ халқында «Әкесі қой баға білмегеннің, баласы қозы баға алмайды» деген мағыналы мақалы туған. Мақал мәйегіне зер салып, тағылым алсақ, Абайдай бала тәрбиеленіп, Шәкәрімдей немерені жарыққа шығарған Құнанбайдың әкелігі мен аталығы. Өйткені, «Фатимадай қыз сүйгің келсе, Мұхаммедтей әке бола біл» деген тәмсіл бекер емес-ті.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»