Басты тақырып

Латынның өзі жоқ, қарпі қалған

 Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары сегізінші класқа барғанда ғана латын қарпін таныдым. Қарқаралының сонау айдаласындағы Аққора ауылында. Аудан орталығындағы орыс мектебін ғана бітірген Зина Жүрсәлімова деген мұғалима неміс тілін оқытты. Бала сиясорғыш сияқты ғой. Бір тоқсанда латын қарпін танып, сегіз жылдық бітіргенде кәдімгідей немісше шүлдірлеуге жарап қалдық. «Ди киндер зинге» деп басталатын әнді айтуға тіліміз келді. Сол кезде үлкендер айтып отыратын, «қазақ пен неміс бірінің тілін бірі тез үйренеді» деп. Кейін білдім, неміс пен корей қазақ тілі сияқты бастауышын басына, баяндауышын соңына қойып, сөйлейді және жазады екен. Рас.

Содан аттестат алғанда шет тілін оқымады деп сызық қойып берді. КазГУ-де емтихан тапсырмадық. Автоматты түрде «үш» қойды. Әупіріммен оқуға түсіп кеттік. Елу студентті шет тілінің әр тобына бөліп қойыпты. Сәл кешігіп едім, араб, ағылшын толық. Амалсыз француз тілінің тобына тіркелдім. Төрт жылдай оқыдым ғой деймін. Керемет меңгеріп кете алмадым. Әйтеуір французша тексті жаттап алып, судыратып беретінмін. Ұстазымыз: «Сен мектепте французша оқығансың. Тілің келіп тұр. Жасырасың» деп үштен артық баға қоймады. Әйтеуір қарпі немісше сияқты латын алфавиті. Бір ұққаным – француздар «р» дыбысын қазақтардай көмейден келетін «ғ» деп дауыстайды. Осы орыс, өзіміз «Париж» деп сөйлейміз. Француздар «Пағии» деп жұмсақтап, әсерлеп айтады. Негізі дыбысталуы жағынан ең әдемі араб, содан кейін француз тілін айтады әлемде. Ал ең бай, шұрайлы тіл арабтікі, содан кейін қазақ тілі екен. М.Әуезовтің сөздік қоры ең керемет дейтін француз жазушыларымен (Бальзак, Гюго) иық тірестіреді.

Латын халқы болған тарихта. Италияға көшіп келген деген болжам бар. Латындар бақташылықпен, егіншілікпен күн көрген. Римнің негізін осы латындар мен сабин тайпалары біздің дәуірімізге дейінгі 754-752 жылдары қалаған. Ал латын алфавитін кім ойлап тапқаны белгісіз. Бізге белгілісі Цицерон мен Цезарь, Вергилий шығармаларын латын тілінде жазған. Медицина күні бүгінге шейін латынды қолданады. (О.Вейзеннің және С.Соболевскийдің зерттеулерін қараңыз).

Латын халқы жойылып кеткенмен алфавиті қалды. Ағылшын зерттеушісі Д.Дирингердің дәлелі бойынша латын алфавиті грек алфавитінің этрус тармағына жатады. Біздің дәуірге дейінгі жетінші ғасырда шығып, әуелде бір сөйлемі солдан оңға қарай, екінші сөйлемі оңнан солға қарай жазылған. Әуелде латынның 20 қарпі ғана болған. Кейін біздің дәуірдің 1-5 ғасырларында әбден қалыптасып, бүгінгі 23 қаріппен таңбаланып келеді. Ағылшын сөздік қорының жартысына жуығы латын тілінен енген.

Алфавиттерге шолу жасасақ, біз қолданып жүрген кириллица 42, Орхон-Енисейдегі көне түркі жазуында (руна-сына) 35, А.Байтұрсынов атамыз таңбалаған арабтың төте жазуында 32, арабта 28 қаріп бар. Қателеспесем корей тілінде 24 қана қаріп бар. Корейлер әуелде Қытай иероглифын пайдаланған. Содан Седжон деген ханы корей тілінің 14 дауыссыз, 10 дауысты қарпін жасап шыққан. Корейлер бұл хандарын қатты құрметтейді. Зәулім ескерткішін орнатып қойған. Тәу етеді. Төбелеріне көтереді. Жапондар тілдерін 50 жыл бойы Қытайдың кірме сөздерінен әзер тазартып алғанын М.Әуезов жазып кеткен.

СССР кезінде бес республика криллицаны қолданбады. Балтық жағалауындағы Эстония, Латвия, Литва латынды, Грузия мен Армения өздерінің көне алфавитін қолданды. 70 жыл орысша оқығанмен осы бес халықтың өздеріне тән, өздеріне жарасатын акценттері болатын. Сол қалыптарында әлі күнге шейін. Орысша таза сөйлейтін, сауатты жазатын бұрынғы СССР-дегі қазақтар ғана дейтін басқа жұрт. «Жеті жұрттың тілін біл» деген бабаларымыз. Тек өз тілімізді өгейсітіп алдық па деп алаңдайсың. Ұлы Мағжан Ақан сері ағасының парсы, араб ті­лі­мен шұбарланған өлеңдерін сынайтыны бар. Қауіптенгеннен, мұхиттай қазақ тілін ортайтпаудың, көздің қарашығындай сақтаудың қамымен жазған.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тілге байланысты толғамды пікірлері көңіл тоғайтты, сананы серпілтті. Мақсат-мұратымызға – Мәңгілік елге айналуға білек біріктіріп, бел шеше белсене кірісуге үндеп тұр. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген қазақпыз. «Шешінген судан тайынбайды»

Тілі тазаның – жаны таза!

Мағауия СЕМБАЙ

P.S. Алфавит Қазақ Совет энциклопедиясынан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button