ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: тамсанған талқыдан талғамды талдауға
«…Өзiмiздiң елiмiздi сақтау үшiн бiзге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшiн, ең алдымен, әдебиет тiлiн өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзiнiң тiлi, әдебиетi бар ел ғана жарай алатындығын бiз ұмытпауға тиiспiз. Бұл мәселеде бiздiң халқымыз оңды емес. Осы күнi орыс школы мен татар мектептерiнде оқып шыққандар қазақ тiлiн елеусiз қылып, хат жазса, өзге тiлде жазып, қазақ тiлiнен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тiлге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, бiздiң ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тiлмен де, сол тiлге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгi қоштасқанымыз деп бiлу керек.
Егер оны iстегiмiз келмесе, осы бастан тiл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететiн уақытымыз жеттi».
Ахмет Байтұрсынұлы.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған кездерден бастап айтыла бастағанымен, Елбасының 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен кейін жолға қойылды. Ал, 2017 жылы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан соң қарқынды түрде қолға алына бастады. Бұл іс-шаралар үгіт-насихат, ұйымдастыру, түсіндіру, ғылыми-әдістемелік жұмыстарын қамтитын дөңгелек үстел, семинарлар, сұхбаттар, конференциялардағы пікір алмасу болса, оларда ой өзегіне айналған ең негізгі мәселе – әліпби жобасын жасау. Олардың негізгі мазмұны латын әліпбиіне көшуді талқыға салуға құрылды да жан-жақты ғылыми талдау жасау жағы қағаберісте қалып қойып жатыр.
Әліпбидің көптеген нұсқалары жасалғанымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес келуі, төл дыбыстарымыздың сипатын нақты беруі, тіпті әріп-дыбыс арақатынасына байланысты да әртүрлі көзқарастар орын алды. 2017 жылдың 11 қыркүйегінде Парламент мәжілісінде тыңдауға ұсынылған латын жазуы негізіндегі қазақ әліпбиінің нұсқасында 25 әріп ұсынылып, ә, ө, ү, ғ, ч, ж, ш, ң әріптері диаграф арқылы, яғни, әріп тіркестері арқылы берілді. Бұл әліпби нұсқасындағы көпшіліктің қабылдай алмаған мәселелерінің бірі де осыған байланысты болды, себебі бұл диграфтар арнайы таңбаны қажет етпегенімен, бір әріптің орнына екі әріп жазу арқылы мәтін көлемі ұлғаяды, әріптерді қабылдау қиындыққа соғып, сауатсыздық пайда болады деген пікірлер болды. 2017 жылдың 26 қазаны күні қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге қатысты талқы бітіп, Президент жарлық шығарды. Әліпбиді кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл әліпбиде 32 әріп беріліп, оның 9-ы апостроф арқылы ерекшеленген болатын. Әліпбидің диграф пен апостроф арқылы берілген нұсқаларына ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, мұғалімдер мен студенттер, жалпы көпшілік қауым өз пікірлері арқылы оңтайлы тұстары мен қиындық туғызатын жақтары туралы көзқарастарын білдірді. Яғни, жалпы халықтық сипаттағы талқылау кең өріс алды.
2018 жылдың 19 ақпанында «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» ҚР Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 жарлығына өзгеріс еніп, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы бекітілді. Жаңа қазақ әліпбиінде алдыңғы нұсқамен салыстырғанда 9 әріпте өзгеріс бар. Ол өзгерістердің қатарында апострофтың алынып тасталғаны, диакритикалық таңбаның енуі, екі әріптің диграф арқылы берілуін айтуға болады. Апострофтың диакритикамен алмасқан әріптердің қатарында ә, ғ, ң, ө, ү, у болса, алдыңғы нұсқада апострофпен берілген ш мен ч әріптері жаңа әліпбиде диграфпен sh, ch арқылы таңбаланған, ал i` түрінде белгіленген и (й) әрпі І сипатында (ноқатсыз) таңбаланған.
Жаңа әліпбиде апострофтың диакритикамен алмасуы мәтін көлеміне де, сөзге тасымал жасау кезінде де, ғаламтордан дерек іздеуде де қиындық туғызатыны көп айтылған болатын. Бұның барлығы – көп болып талқыға салудың жемісі. Қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі туралы мәселе көтерілгеннен бері жаңа әліпбидің жүздеген нұсқасы дайындалып, талқыға ұсынылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Жүнісбек әліпби мәселесіне байланысты өз пікірін білдіріп, әліпби жасауда қазақ тілінің өзіне тән заңдылықтарына баса назар аудару керектігін айтып жүр. Осыған орай «Қазақ әліпбиінің ұлттық жобасында» қазақ дыбыстарының әрқайсысына тән өз таңбасы бар екендігін көрсетеді.
Бұл әліпбиде 26 таңба, ал диакриталық белгі арқылы 6 әріп болса, дауысты дыбыс әріптерінің үстіне қос ноқат, ал дауыссыз дыбыс әріптерінің үстіне айшық қою арқылы белгіленген және в, х, ч, ф әріптеріне таңба берілмеген, басқа әліпбилермен салыстырғанда у – w, й – y арқылы таңбаланған.
Жаңа қазақ әліпбиі ретінде ұсынылған нұсқаларда таңбалануында әртүрліліктің орын алуы қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалайтын әріптермен қоса ж, у, ш, й-лердің таңбалануына және әріп санына қатысты болды. Қазақ тіліндегі ә, ө, ү, ұ, ғ, ң, і дыбыстарының таңбалануы қос әріп түрінде де, дәйекше арқылы да таңбаланса, ж-ның zh, j; ш-ның š, sh, c; у-дың w, u, y`, ý; й-дің y, і, ı әріптерімен берілген түрлері бар.
Әрине а, б, д, л, м, н, р, п, т тәрізді әріптердің таңбалануы ортақ сипатта, яғни, бұл әріптерді беруде әртүрлілік орын алмаған. Әліпби нұсқаларын жасауда латын алфавиттерді 26 әріпке сәйкестендіргендер де, диакритика, диграф, апострофты пайдаланғандары да, тіпті, қазақ тілінде дыбыстық сипаты жоқ әріптер енгізгендері де бар. Латынның 26 әріпіне артық таңба қоспай әліпби жасаған Арман Байқадам а мен ә-ні, қ мен к-ні, о мен ө-ні, ұ мен ү-ні, ы мен і-ні бірдей таңбаларға біріктіріп, сөздерді жуан-жіңішкелік жағынан ажыратушылық таңба қажет еместігін кез келген сөз жуан дауыстылармен жуан, жіңішке дауыстылармен жіңішке сипатта айтылатындығымен түсіндіреді де, кей сөздің жуан не жіңішке болуы ықтимал жағдайда жіңішке буынды сөзден кейін дәйекше белгісін (‘) қоюға болатындығын айтады.
Бұндай нұсқа келе-келе тіліміздегі кейбір дыбыстың жоғалып кетуіне әсерін тигізуі мүмкін. Орыс графикасына негізделген әліпбиде әрбір жуан-жіңішке дауыстыға арнайы таңба берілгендіктен, қарапайым халық жаңа әліпбиден қайткен күнде де сол әріптерді іздейтіні сөзсіз. Келер ұрпақ әжені – аже, әкені – аке деп айтпасына кім кепіл? Қ мен к, ғ мен г дыбыстарына да жеке әріп қажет еместігін көрсететін нұсқа – KGN нұсқасы. Бұл нұсқада 29 әріп беріліп, ә, ө, ү (ä, ö, ü ) диакритикалық белгі арқылы таңбаланған және ң дыбысының әрпіне де арнайы таңба (ŋ) берілген. Басқа әліпби нұсқаларынан айырмашылығы – ш-ны c, ы-ны ı, й-ді y түрінде көрсетуі. Г мен ғ-ны бір ғана g, к мен қ-ны бір ғана k әрпімен берілгендегінен, бұл жерде де төл дыбыстарымызды жоғалтып алу қаупі өте жоғары.
Ғаламтор арқылы танысқан әліпби нұсқасының бірі Жанат Аймахановтыкі. Бұл нұсқа авторы ә, ө, ұ, ү (á, ó, ú, ý) әріптерін диакритикалық сипатта, ғ, ш, ч (gh, sh, ch) әріптерін диграф арқылы таңбалауды жөн көрген және у – u , ұ – ú, ү – ý, й мен ы – y түрінде берілген. У мен ұ-ны u, й мен ү-ні y арқылы жеке өзін және апострофпен таңбалау немесе й мен ы-ны бірдей y әрпімен беру қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына сәйкес келе қоймайды. Кез келген диакритика немесе апостроф дыбыстардың жуан-жіңішкелік сипатын ажыратқан дұрыс сияқты. Бижомарт Қапалбектің бастамасы бойынша http://latyn.mtdi.kz/ сайтында мамандар «у» дыбысын талқылап жатыр. Оны латынның қай таңбасымен (U, W) белгілеу бойынша бірізді пікір жоқ екендігі байқалады. Кейбір ғалымдар у дыбысының дауыссыз екендігін ескеріп, оны латынның W таңбасымен белгілеуді ұсынады. Мұндай кезде бір ғана өлшеулі шекке (критерийге) сүйену жеткіліксіз. Сондықтан, болашақ орфографияда бұл дыбысты тек дауыссыз ретінде таңбалаймыз ба, әлде жазуды үнемдеу үшін екінші, үшінші буындарда ұу және үу қосарының орнына у-дың өзін ғана жазамыз ба? Сондай-ақ тілімізде латынша U таңбасымен орысша у таңбасы бар шеттен енген термин сөздердің саны қанша деген мәселелерді де ескеру қажет. Сондықтан орфография мамандары мен терминшілердің пікірлерін саралап алу қажеттігі туындап отыр.
Бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшудің 200-ге тарта жобалық нұсқасы ұсынылған, солардың 60-ы жалпы жұртшылықтың талқылауынан өтіп, артық-кемі сараланды. Өз нұсқаларын жасағандардың қатарында «мүйізі қарағайдай академиктерден» бастап, «түбіт мұрт» студент те бар. Мысалы Абзал Мырзаш есімді он екі жасар Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенті 26 әріптен тұратын әліпби нұсқасын жасап, 7 әріпті диграфпен және дауыстыларға да, дауыссыздарға да h таңбасын қосу арқылы көрсеткен. Диграфтың көптігі, оның дауысты, дауыссыз ретінде ерекшеленбеуі, қазақ тілінде дыбыстық сипаты жоқ ц-ны әліпбиге енгізуі, ч-ны таңбалауда ch диграфын, ал щ-ны таңбалауда қос ш емес, с мен ч сипатында sch түрінде көрсетуі қазақ тілі дыбыстық жүйесіне сәйкес келе қоймаған. Рас, талқыға түскен нұсқалардың осыншама көп болуы ұлт тіліне жанашырлық танытуға деген патриоттық сезімнен де туындап жатқан шығар. Бірақ қалай дегенмен де басқаларды былай қойғанда, ана тіліміздің болашағы мен ұлтымыздың келешегі мәселесіне келгенде лингвист ғалымдар мен мамандардың осындай келелі бастамада бір бағыттағы ауызбіршілікте табылмауы кімді де болса ойлантуға тиіс.
Әлеуметтік желідегі Алдажар Сейітұлының «Жаңа қазақ әліпбиі немесе латын жазуына «Ахметше» көшу» мақаласындағы мына пікірінің де айтары мол. «Үндестік заңы – киелі заң. Ол – қазақ тілінің жаны. Үндестік заңы бар болса, қазақ тілі де бар. Үндестік заңы жоғалса, қазақ тілі де жоғалады. Егер қабылданар жаңа әліпби үндестік заңын ескермей, дәл қазіргі қолданыста жүрген әліпбидің кебінін кисе, онда жаңа графикаға көшу – өз маңыздылығын жоғалтады. Кеңес жылдарында қазақ тілінде 13 дауысты бар деген филолог та, 14 дауысты дыбыс бар деген ғалымдарымыз да, тіпті 15 дауысты бар деген ағаларымыз да түрлі «академиялық» деңгейлерге жетіп жатты. Сол үшін, ғылыми академиялық атақтарын «кириллицамен» қорғаған кеңестік «тіл аталары» жаңа әліпбиге көшерде тағы бір шалыс қадам жасамай, тіл абыройы үшін өз лауазымдарын құрбандыққа шалса, тіл тұнығын сақтауға үлес қосса, кейінгі ұрпақтың алғысы мен дұғасынан басқа айтары жоқ». Өте дұрыс ой. Себебі, ғасырлар бойы үндестігін сақтап келген тіл жеке ғалымның ой-пікіріне емес, бүткіл ғалымдардың керісінше, тіл заңдылығына бағынғаны ләзім.
Қазақтың тілі туралы сындарлы еңбек жазған алаш азаматтарының бірі Х. Досмұхамедұлы «Ел тiлiнiң бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады» дегенді неге айтқанына ой жіберетін уақыт туды. Күні бүгінге дейін тәуелсіз жылдары дүниеге келсе де қазақша бір ауыз сөз қақпайтын, не шала сауатты будан буынның өкілдері билік сатыларындағы лауазымды қызметтерде кезігіп қалуының себеп-салдары неде жатыр!? Олар әу баста ана тілін бойына сіңірмеген соң, рухани кембағал болып қала беруде. Тіпті, осы тәуелсіздікпен түйедей құрдас жиырма бес жастағы жастардың қазақша білмеуін немен және қалай түсіндіруге болады?! Осы Х.Досмұхамедұлы «Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды, бөтен тілдің сөздерін ана тілдің заңымен айтамын деп шатасады», – дейді. Ал, дәл қазіргі ұрпақ оқуды өзге тілде бастап, кейіннен ана тілде сөйлеймін деп шатасып жүр. Сондықтан, бұл мәселе әліпби таңдаумен ғана шешіле салайын деп тұрған жоқ.
«Айтпаса сөздің атасы өлетініне» қарамастан асыл сөзді құлдық сананың ықпалымен тек өлтіріп қана қоймай, аяусыз қырып та салдық. Ендеше айталық, дәл осы латын әліпбиіне көшу мәселесіне келгенде Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкiлдерiнің БАҚ-тарында, әлеуметтік желілерде белсенділік танытпауының сыры неде? Ендеше үгіт-насихат, ұйымдастыру, түсіндіру, дөңгелек үстел, семинарлар, сұхбаттар, конференциялар секілді іс-шаралар тек қазаққа ғана тән және осы ұлтқа ғана керек науқаншылдыққа айналып бара жатқан жоқ па екен? Осыған сай орыс сатиригі И.Крыловтың әйгілі «Аққу, шортан һәм шаян» мысалы еріксіз еске түседі. Осында ақын логикалық тұрғыда қателікке ұшыраған. Шаян дегеніміз суда тіршілік ететін жәндік. Ол арбаны қара жерге емес, шортанмен бірге суға тартуы керек. Дәл біз сөз етіп отырған мәселеге байланысты алғанда, ертең шаян су керек екені есіне түсіп, ол шортанмен бірге арбаны суға тартып кетсе, жалғыз аққу «Крыловтың арбасын» ұстап тұра алар ма екен!? Негізі осы үшеуіне де арба неменесіне керек, бірігіп суға тартатын нәрсе қайық болуы керек! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының басты нысаны ұлттық сананы жаңғырту, ұлттық кодты қалпына келтіру емес пе еді!? Әрине, ол – арнайы сөз етілетін тақырып, өзгеше ойдың өзегі.
Бүгінгі күні алдымызда емле ережелерін бекіту, орфографиялық сөздік жасау, оқу-әдістемелік құралдар дайындау сияқты игі шаралар тұр. Оларда біріншіден, қазақ тілінің дыбыстары мен әріптерін жас буынға, шетел азаматтарына үйретудің оңай жолдары ескерілуі керек, екіншіден, жаңадан жасалған осы әліпбидің соны да соңғы нұсқасы арқылы қазақ қауымы дүниежүзілік интернет жүйесіне еркін қосылуының мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылуы қажет. Алдағы осындай елеулі істі оңтайлы шешуге жоспар жасай отырып, жаңа белеске көтерілген қазақ жазуының болашағы зор екендігіне сеніміміз де мол. Егер әлемдік болып саналатын тілдермен тайталаса отырып, қазақ тiлiн латын әліпбиі негізінде заман талабына орай қажетiмiзге жарата алсақ және оған елiмiздегi жүзден аса ұлт өкiлдерiн қарата алсақ, сонда ғана әлемдік деңгейге көтерiлгенi. Демек, алдымызда қазақ тiлiнiң бәсекелестік қабiлетiн арттыру мәселесі тұр. Бұл уақыт күттiрмейтiн маңызды мәселе. Өйткені, біздің жас мемлекет үшiн уақыттың әр сәті жауапты. Сол жауапкершiлiктiң жүгi баршамыздың мойнымызда екендiгiн ескеріп, өз талдау пікірімізді оқырман қауымға жеткiзудi жөн көрдiк.
Жандос СМАҒҰЛОВ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры,
филология ғылымдарының докторы.
Мархаба ТҰРСЫНОВА,
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың доценті,
филология ғылымдарының кандидаты.