Рухани жаңғыру

Латын – әлемдік үдеріске сара жол

   Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда, анық бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе, міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Қазақ елінің болашақ даму стратегиясы айқындалды, соның ішінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіні туралы қорытынды пікір айтылды.

Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ, бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара.

Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Бұл өз тілінің болашағын ойлаған тіл мамандары мен тілге жанашыр зиялы қауымның көкейіндегі ойды дөп басқандай. Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен танылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Жазу — барлық халыққа ортақ, мәдениеттерді жалғастырушы, байланыстырушы  құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады.

Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһанмен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашпақ.

М.САЙФУЛОВА,

С.Елгезек негізгі мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button