Рухани жаңғыру

Латын графикасына көшу – заман талабы

    Елбасы мемлекеттік тілдің өсіп-өркендеуіне, жас ұрпақтың саналы жетілуіне, әрдайым рухани жаңғырып отыруына ден қойып отырады. Әр жылғы Жолдауында замана көшіне ілесіп, бәсекеге қабілетті, іргесі бекем ел болу үшін күрделі мәселелер мен сындарлы, астарлы саясатын жан-жақты сараптап береді.

2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауында Президент «Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп латын әліпбиіне көшу туралы пікірін алға тартса, 2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», деп осы бір күрделі мәселенің шешімін табуға жол сілтеді.

Бұл мәселеге қатысты БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде көптеген даулы мәселелер туындап жатқаны белгілі. Ғалымдар, лингвистер, терминологтар жан-жақты пікір айтып, өз көзқарастарын білдіріп жатыр. Әрине, әр нәрсенің таразының екі басы сияқты өзіне тән салмағы бар. Салмақтысы – егер біз латын әліпбиіне көшетін болсақ, мұрағаттарда шаң басып жатқан (мәселен, халық фольклорындағы көптеген латын әліпбиінде жазылған тарихи жырлар мен тарихи өлеңдер әлі де толық аударылып, жарыққа шыққан жоқ) мұраларымызды жарыққа шығарар едік. Елбасының сөзімен нақтылай айтқанда әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатын едік. Қазіргі қолданыстағы 42 әріптің басы артық қазақ тіліне тән сөздерде кездесе бермейтін әріптерден арылатын едік.

Осы орайда, тағы да Елбасының сөзін негізге алсақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес». Расында да қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ өте дарынды, ұғымтал. Сондықтан, латын әліпбиін тез меңгеріп кететіндеріне күмәніміз жоқ. Дегенмен, бұл іске бірден көшіп кете қою оңай емес. Біраз уақытты талап етеді. Сонымен қатар, дәйектілікті, нақтылықты, байыптылықты, жан-жақтылықты қажет етеді.

Мақаламыздың әлқиссасын Елбасымыздың Жолдауымен бастасақ, соңында да «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген пікірімен нақтылағымыз келеді.

Әлемдегі өркениетті елдердің қатарына енеміз десек, қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Сондықтан, латын графикасына көшуді заманның өзі талап етіп отыр.

Жанар АХМЕТЖАНОВА,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button