Жаңалықтар

Әл-Машани есімі берілді

      Қарағанды қаласының №1 мешітіне ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының негізін салушылардың бірі, әлемге әл-Фарабидің қазақ топырағында туып-өскенін дәлелдеуші Ақжан әл-МАШАНИ есімі берілді.

Караганды мешити-1

Алаштағы көзіқарақты жұртқа Ақжан әл-Машани есімі етене таныс болса керек. Ұлттық ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі һәм академияның корреспондент-мүшесі оның геология, тау-кен ісі мен маркшейдерия ғылымдарына қосқан үлесі қыруар. Жазушылығы мен зерттеушілігі, діндарлығы мен сопылығы өз алдына бөлек әңгіме. Ленин орденін өңіріне қадап тұрған орыс басшы Ақжан атамызға «Бұдан былай намаз оқуды қоятын шығарсыз?» деп қалжыңдаса, ол кісі мінбеде тұрып «Онда мына орден, медальдарыңызды қайтарып алыңыздар» депті. Құдайды жоққа шығарған қоғамда дінді осылай қорғап қалған атамыздың есімі мешітке берілген күні мұнда Ақжан атамыздың ұрпақтары мен бірталай мұсылман қауым жиналып, сауапты шараның куәгері болды. Мешіт маңдайшасындағы әл-Машани есімінің ашылу салтанатында исламтанушы Ақжан атамыздың қазақ ғылымы мен әдебиетіне қосқан үлесі, тұлғалық сипаты жайындағы тұщымды баяндаманы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұхамедқали Баймұханов жасаса, облыстың өкіл имамы Өмірзақ Бекқожа ол кісі туралы естеліктермен бөлісіп, тақуалығы төңірегінде ой өрбітті. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов те жамағатқа деген бір ауыз жылы лебізін білдірді. Қалалық ғибадатхананың бұдан былайғы ресми атауын айтарлықтай атап өткен соң, Ақжан әл-Машани рухына ас беріліп, арнайы құран бағышталды.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button