Жаңалықтар

Криптовалюта – қандай валюта?

        Әлем экономикасында кейінгі жылдары жиі айтылып, көп сөз болып жүрген мәселе – криптовалюта. Интернетте жария етілген ақпараттарға сүйенсек, бұл – «интернетте жасалып, сонда әрекет ететін орталықсыздандырылған цифрлық валюта. Ол криптографиялық (“құпия жазу” деген сөзден шыққан, өзгертуге келмейтін таңбалар жиынтығы) технологиялармен қорғалған. Атауы да содан шыққан». Былайша айтқанда, қолыңызға ұстап, қалтаңызға сала алмайтын виртуалды валюта. Тікелей тіршілігі электронға байланысты бұл валютаның тиімді-тиімсіздігін нақты тап басып айтқан әзірге адам жоқ. Бұл тұрғыда пікір қаққа айырылған. Ал, бұған дейін еліміздің Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев криптовалютаның ешбір құндылығы жоқтығын мәлімдеген болатын. Ал, оның алдында халық қалаулылары Ұлттық банктен криптовалюта нарығын қадағалауды жеделтетуді және тапсырған. Әр ел түрлі ұстаным ұстаған виртуалды валютаның жақсылығы мен жамандығы не?

Бұл ақша бірліктерінің физикалық баламасы жоқ. Олар, тек, виртуал кеңістікте ғана жүреді.
Қарапайым тілмен айтсақ, бұл онлайн-ойындағы тиын-теңгелерге ұқсайды, тек оны ойында ғана емес, ауқымдырақ мақсатта да қолдануға болады екен. Қазіргі таңда осы саладағы сарапшылар мен зерттеушілер криптовалютаның ішінде айдарынан жел есіп тұрғаны – Bitcoin (биткоин) дейді. Мұны 2009 жылы Сатоши Никамото ұсынып, математикалық есептеулерге негізделген көрінеді. Содан бері бірқатар елдер бұл криптовалюта ісіне назар аударып, заңнама тұрғысында қарастыруда болса керек. Мысалы, өзге де БАҚ-та жарық көрген деректер еуропа криптовалютаны экономикаға енгізудің түрлі жолдарын қарастырып, тәжірибелер жүргізуде екенін айтады. Чехия билігі криптовалютаға тыйым салмаса, АҚШ-тың да кей өңірі «кетәрі» еместігін аңғартқан. Көрші Қытай болса, криптовалютадағы бірқатар компаниялармен тізе қосып, әрекет етіп отырса керек. Ресейде Qiwi 2016 жылы “битрубль” тауар белгісін тіркегенін ресми мәлімдеп, өз криптовалютасын шығаратынын хабарлаған-тын. Технологиясы тоқтаусыз дамыған Жапония заңдастырып тастапты дейді. Әлем елдерінің бұл төлем құралына деген көзқарасы қилы-қилы. Айталық, АҚШ, Германия және Сингапурде биткоин азаматтардың мүлкі саналады және оны сатудан салық төлеу керек екен.
Не десек те, көзге көрінгенімен, қолыңызбен ұстауға келмейтін криптовалютаның келешегіне күмәнмен қараушылар да аз емес.
Жалпы, криптовалютаны ешкім бақыламайды. Интернетте дәстүрлі қаржы жүйесіндегі қандай да бір орталық банк жоқ. Эмиссия, яғни, жаңа “ақша” шығарылуы математикалық алгоритмдерді есептеуге арналған бағдарламаны қолданатын миллиондаған компьютердің жұмысы арқасында жүзеге асады. Ол процесс майнинг деп аталады.
Желіде жаңа блок пайда болуы үшін оған арнап криптографиялық қолтаңба генерациялануы керек.
2017 жылғы мамырда барлық криптовалюталардың жиынтығы 91 млрд. долларға бағаланыпты. Bitcoin үлесі – шамамен 70%, қалған бес танымал криптовалютаның үлесі (Ethereum, Ripple, Litecoin, Dash и Monero) – 20%, деп жазды Lenta.ru.
2014 жылы ҚР Ұлттық банкі қаржы ұйымдарына ғана криптовалютаны қолдануға тыйым салды. Реттеушінің өкілі Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында бұл құралдың еш кепілдігі мен қамсыздандыруы жоқ екенін, сондықтан, қолданушы кез келген уақытта барынан айырылып қалуы мүмкін екенін айтқан, әлі де айтып келеді.
Елдің бас банкирі Данияр Ақышев БАҚ өкілдерімен өткізген бейнемәслихатта аталған валютаны жарнамалайтын компанияларды заңмен шектеу қажеттігін де атаған болатын.
«Мұндай валюталарды сатып алмас бұрын жұртшылықтан әбден ойлануды сұраймыз. Рас, біз бұған тыйым сала алмаймыз. Әйтсе де, Үкіметке ұсыныстарымызды жібердік және олар қолдау тапты. Біз криптовалютаны теңгеге сатып алуды шектесек дейміз. Сонымен қатар, сауданың осы түрін белсенді жарнамалап жүрген компаниялардың әрекетін де шектегіміз келеді. Әлбетте, біз бұл салаға ықпал ете алмаймыз. Алайда, қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін белгілі бір шаралар қабылдауымыз керек», – деген-ді Д.Ақышев. Демек, криптовалютаның құндылығы һәм қауіпсіздігіне әлі де күмән қалың. Әзірге көкейге қонатыны – осы.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.
Сурет интернеттен алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button