Мәселе

Кредит жыры: банкрот және оңалту

Халықтың банк алдындағы қарызы 11 триллионға жетті. Еліміздегі жалпы халық саны 19 миллион болса, оның тек 3 миллионында ғана несие жоқ. Жаның түршігетін жағдай. Сонда әр 100 адамның 94-де қарыз бар деген сөз. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың шамадан тыс қарыз жүктемесін азайту мақсатында «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы Заңға қол қойды.

Аталмыш заң белшесінен қарызға батып, төлей алмай жүрген борышкерлердің оң жамбасына келгендей. Дегенмен, ұсынылып отырған заң жобасының механизмі қандай? Заң аясында борышкерлер банк бұғауынан босай ма? Жалпы, бұл заң бізге керек пе деген сұрақтар туындады.

Қазір екінің-бірінде несие бар. Тіпті, басымыздағы баспана мен астымыздағы көліктің өзін айтпағанда, киетін киім мен күнделікті тұтынатын тамақты несиемен рәсімдеп отырған жағдай бар. Еріккеннен емес, әрине. «Дұрыс жүріп, дұрыс киінгің» келеді. Бәрін сау еткізіп алатын қалтаң қалың емес. Еріксіз несиеге жүгінесің. Бастапқыда ұсақ-түйек болғанымен, айналып келгенде айлығың шайлығыңа да жетпей қалады. Еліміз бойынша, бірнеше айлап қарызын өтей алмай отырғандардың саны 1 миллионнан асады. Яғни, әрбір 12 адам осындай жағдайда. Айлап төленбеген қарыздың өзі – 100 миллиард. Бұл көрсеткіш күннен күнге өсуде. Демек, бүтіндей бір мемлекет несиеге өмір сүріп жатыр.

Несиесі барлардың барлығы банкрот деген сөз емес. Несие бюросы алдында проблемалық қарыздары бар отандастарымыздың саны 2 миллионнан асып жығылады. Яғни, банкрот болатын азаматтардың саны да осынша.

Заңға сәйкес қарызын төлей алмай жүрген азаматтың несиесі кешірілуі үшін өзін «банкротпын» деп жариялап, өтініш беруі керек. Банкроттықты танудың үш тәсілі бар. Біріншісі – соттан тыс банкроттық. Егер берешек 300 мың мен 5 миллионның аралығында болса, мәселені соттың көмегіне жүгінбей-ақ шешуге болады. Бұл тәсіл, несие 12 ай бойы өтелмеген, меншігінде немесе ортақ меншікті мүлік тіркелмеген жағдайларда жүзеге асады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін несиесі алты ай ішінде және берешегі бес жылдан артық мерзімде өтелмеген азаматтарға ерекше жағдайлар көзделген. Өтініш «Электронды үкімет порталы» арқылы беріледі.

Екіншісі – сот банкроттығы. Сот шешімімен борышкердің мүлкі болса, ол аукционда сатылады да түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге жұмсалады. Бірақ борышкердің атында үйі болып, ол кепілге қойылмаса, онда оған тиіспейді.

Үшіншісі – борышкердің төлем қабілетін қалпына келтіру. Бұнда сот арқылы қарызды бес жылға бөліп төлеу қарастырылады. Сауықтыру жоспары деп аталатын жоспарда төлем кестесін борышкер мен қаржы басқарушысы бірлесе отырып жасайды. Оның артықшылығы – борышкер «банкрот» болып саналмайды. Банкрот үшін қойылатын талаптар қолданылмайды.

Заң жобасы қабылданғаннан бері елімізде борышкерлер саны анықталуда. Зерттеп, зерделеу барысында тиісінше үш рәсімге негізделмек. Аймақ бойынша банкрот деп танылған борышкерлер қарасы қалың.

– Статистикалық мәліметке сай, облыс бойынша 66 мың адам банкроттық рәсімге жатады. Соттан тыс банкроттық туралы арызды «E-salyq Azamat», «E-gov.kz» және халыққа қызмет көрсету орталығына және жергілікті кірістер басқармасына бере алады. Өтінішті қабылдаудан және қорытынды құжатты беруден бастап барлық рәсімдер автоматтандырылған, – дейді оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Айжан Абенова.

Заң аясында шешім қабылданып, банкрот деп танылып, несие кешірілгенмен іс бітпейді. Банкрот деп тануды сұрап отырған азаматтың әлеуметтік жағдайына үш жыл бойы мониторинг жүргізіледі. Осы жылдар ішінде борышкер қандай да бір мүлік сатып алса, немесе төлем қабілеті жақсарса, яғни берешегін өзі өтей алатындай болса, банкроттықты тоқтатуға өтініш беруге міндетті. Олай болмаған жағдайда 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Несиесі кешірілген азаматқа бес жылға дейін несие берілмейді, тауар ақысын бөліп төлей алатын банк қызметтерін қолдана алмайды. Үш жылға дейін шетелге шыға алмайды. Сонымен қатар, несие төлей алмай қалғандар туралы мәліметтер ашық болады. Яғни, кімдердің банкрот болғанын барлығы арнайы сайт арқылы біле алады. Сайып келгенде, өзін банкротпын деп жариялаған азамат аталмыш мүмкіндіктерді жеті жылдан кейін ғана пайдалануға құқығы бар. Банкроттықтың осындай салдарын ескере келе, жалпы бұл заң бізге керек пе деген сұрақ туады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінде проблемалық несиелердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам енді өз міндеттемелерін орындай алмайды. Олардың көпшілігі шарасыздық шегіне жетіп, ескісін өтеу үшін жаңа несие алуға мәжбүр. Сондықтан, 2023 жылдың 1 қаңтарынан «Жеке тұлғаларды оңалту және банкроттық туралы» заң күшіне енуі керек» деп атап өтті. Яғни, халықтың да төлем қабілетін қалпына келтіру мен борышкерлерді кешіру арқылы мәселені оңтайлы шешуге болатындығын көрсетті.

– Сіз банкрот болғаннан кейін ипотекалық бағдарламаларға қатыса алмауыңыз мүмкін. Несие тарихыңыз нашарлап, екінші деңгейлі банктер арқылы алдағы уақытта несие алу қиындай түседі. Сондықтан, банкроттыққа өтініш берер алдында ойлану керек. Оның салдарын түсіну керек. Ал, комиссияда банкроттық бойынша түскен әр өтінішті қарар кезде азаматтың экономикалық-әлеуметтік жағдайын қарастыруы керек. Ол үшін екінші деңгейлі банктер не микроқаржы ұйымдарымен өтініш жазған адамға талдау жасау керек. Болмайтын аздаған сома үшін банкроттыққа өтініш беріп, артынша оның салдарын көріп отырмауы қажет, – дейді экономист маман Мақсат Серәлі.

Дегенмен, «банкротпын» деп нақты шешім қабылдау кез келген азаматқа оңай емес. Бұл ешқандай амал-әрекет болмаған жағдайда баратын соңғы қадам. Әрі анықталу процесі де күрделі.

Алайда, қарыздан қажыған ел бұл Заң қарыздан құтқарады деп үміттенеді. Себебі анық болғанмен, салдарын назарға алар емес. 2019 жылдары төлем қабілеті төмен азаматтардың несиесі жабылды. Одан несие алушылардың қатары көбеймесе, азаймады. Заң солқылдақ болса, олқылықтың орны толмайды деген осы. Бұл «банкроттық» та құмға сіңген судай болмаса болғаны. Дегенмен, халық жақсылықтан үмітті.

PS: Тағы бір айта кетерлік жайт, аталмыш Заң туралы айтыла бастаған уақыттан электроника және тұрмыстық-техникалық заттар сататын дүкендерде несие рәсімдеу белсенділігі жоғары дейді. Адамнан қулық артылған ба? Қазір қажетті затты алып, төлемей қойсақ, банкротқа ілігерміз деген дәме де жоқ емес. Дегенмен осыған әуес болмаған жөн-ау…

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button