Қарағанды

Кітапты неге ұмыттық?

     Қазір қол жетіп отырған ғылыми технологиялық прогресс игіліктеріне адамзат оқи-оқи кітап арқылы жетті. Сөйте тұра, бүгінгі жастардың кітапқа деген қызығушылығы күрт төмендеп кетті.

Қай халықтың қалай дамығаны, жетістігі, өндірістің қарыштағанын, рухани-материалдық игіліктердің барлығын кітап, газет-журнал оқу арқылы білеміз. Шаласауатты мақұрым жан иесінің тәрбиелі толық адамға айналуы да осы кітап оқудан. Бірақ, қазіргі балаға кітап оқыту қиын. Сондықтан оны отбасында ата-ананың өзі бастауы керек. Балаларын да өз кездегіміздей балалар газетіне, журналына жазғызу керек. Заман талабына сай даму сонда болады.

Мұны былай қойғанда, қатты қиналып, уайымдаған кезде оны оқу арқылы жеңілдетуге болады. Отағасы инсульт алып жатып қалғанда жалықтырмайтын, қызықты газет, кітаптар алып, келін, немерелерім, өзім оқып беріп отырдық. Әкесіне кітап оқып беріп жүріп, келінім Гауһар қазақша кітап оқуды үйренді. Мазмұн, мағынасын түсінетін болды.

Үлкен немерелерімізді кітаппен тәрбиеледік. Ол бөлек әңгіме. Кіші немерем – Бауыржан қазақша білмей келді. Қазақ мектебіне беріп тәрбиеледік. Екінші сыныпта кітапханада арнайы кітап оқитын болдық. Біртіндеп оған да кітап жазғызып алып, үйде оқи бастады. Оқығанын мазмұндауға әдеттендірдім. «Айналайын» журналына жазылып, оқытып, талдап отырдық. Біртіндеп ойын жеткізіп, шешім қабылдайтын болды. Өткен жылы үйдің мекен-жайына байланысты басқа мектепке баратын болды. «Жаздай мұғалім ескерткен кітаптарды оқисың» десем, «мұғалім бізге ондай сөз айтпады» – деді. Қатты ойландым. Өзім куә болған бір жағдай есіме түсті. Кітапханаға екінші сынып бітірген орыс баласы келді, қолында мұғалім жазғызған кітаптардың тізбесі бар. Сол кітаптарды алып, жаздай оқу керектігін айтып, атын жазды. Мен ұстазына да, анасына да қатты риза болған едім. Кітапханашының айтуынша, «кітап тізбесін орыс мектебінің орыс мұғалімдері береді, қазақ мұғалімдері бермейді» деді. Біздің мектептердегі бүгінгі күй – осы.

Немеремді оқытып, шығарма, диктант жаздық. Абайдың өлең, қара сөздерін жаттадық. Тілге байып шыға келді. Бесінші сынып оқып жүр. Мұны неге айтып отырмын? Кітап оқуды алдымен ата-ана бастауы керек. Сонда бала бойында кітапқұмарлық пайда болады.

Кітап оқығанның жасы ұзақ болады, туа біткен қасиет жетіледі. Көп жасағанға бір мысал: облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, «Алыптың (Бөкейхановтың) анасы» туралы мақаласы үшінші сыныптың Ана тілі хрестоматиясына кірген, кітапты ең көп оқығандардың бас жүлдесін Балқаш қаласының тұрғыны Қайырбек Байсеркин ағаның алғанын былтыр газеттен оқыдым. Биыл ағамыз 91 жаста.

Көп оқығандар тәуелсіздігіміздің қымбат қасиеттерін ұрпаққа насихаттап келеді. Тәуелсіздікті алу да, оны ұстап тұру да үлкен білімділікті қажет етеді.

Өз бетімен іздену дағдыларының бірінші сатысы кітап оқу екенін ұмытпайық.

Манат ӘБЕНОВА,

ардагер ұстаз.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button