Кішкентай көрермендерге арналды

   Қарағандыда «Әлем халықтарының ертегілері» тақырыбын қамтыған облыстық театрлар фестивалі өтті. Халықтар ертегісі арқылы ұлттардың қалыптасуы мен даму құндылықтарын насихаттаған қойылымдар – К.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театрында сахналанды.

Фестивальге Қарағанды облысының кәсіби С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры, К.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театры, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры, С.Қо­жамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры, Теміртау қаласының балалар мен жасөспірімдер театры, сондай-ақ, халықтық және үлгілі көркемөнерпаз театр ұжымдары және облыстық конкурс лауреаттары қатысты.

Фестиваль театр фойесінде бүлдіршіндердің салтанатты шараның ашылуын тамашалауынан басталды. Көрермендер венгриялық драматург Д.Урбанның «Все мыши любят сыр» ертегісі негізінде сұр және ақ тышқандар арасындағы жаулық пен татуласу желісін көріп көзайым болды. Шара барысында ресейлік драматург Г. Махмудовтың «Песочница» (қоюшы-режиссер – О. Попиловская) ертегісінде әлемдегі оқиғаларды қуыршақтар арқылы көрді. Ертегіні «Ровесник» үлгілі балалар драма театры қойды.

Сондай-ақ, С.Цирюктың (автор және қоюшы-режиссер) заманауи қойылымындағы араб ертегісі «Алладин», Е.Пермякованың «Отпен ойнама» (қоюшы-режиссер – А.Қырықбаев) ертегілері сахналанды. Р.Киплингтің «Книга джунглей» желісі бойынша «Маугли» (қоюшы-режиссер – Т.Әб­дірәлім) ертегісін С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры қойды. Адал жүрек, қызғаныш пен дұшпандық жөніндегі «Молодильные яблоки» орыс халық ертегісін (қоюшы-режиссер – М.Маскалюк) Теміртау қаласының балалар мен жасөспірімдер театры ұсынды.

Шараның жабылу салтанатында қатысушыларға фестивальдің құрылтайшысы Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан дипломдар табысталды.

Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.