Кімнің ұрпағы екенімізді ұмытпауға шақырды

Құрметті достар!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын оқығаннан кейінгі ойларыммен бөліскім келеді


Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мақаласында өзіне ғана тән парасаттылықпен, әлемде қалыптасып қиын жағдай кезінде, «жұртына ақ тілеулі сөзін» ерекше бір ықыласпен арнайды. Егер сіз патриотпын, отаншылмын деген адам болсаңыз Елбасының бұл мақаласын тебіренбей оқымауыңыз мүмкін емес. Қазақ халқының біртуар ұлдары хәкім Абайдың, батыр атамыз Бауыржан Момышұлының, Әйтеке би бабамыздың, данышпан Төле бидің баға жетпес өсиеттерін өзінің осы мақаласы арқылы тағы бір еске түсіріп, кімнің ұрпағы екенімізді ұмытпауға шақырғандай болады.
Достар Н.Назарбаевтың осы мақаласын міндетті түрде оқып шығыңыздар. Бұл мақалада Елбасының аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне, жаңа өскін – жас ұрпаққа, кәсіпкерлерге, әрқайсыларына жеке арнаған сөздері бар. Өз басым оның мына айтқандарын тебірене оқыдым: «Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді, сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар».
Елбасы жастарға айтқан өсиетін «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай атамыздың дана сөздерімен аяқтайды.

Жұлдыз ДУЛАТ.