АймақҚарағанды

«Әкімдер мектебі» мүмкіндіктерге жол ашады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы бойынша Мемлекеттік басқару академиясы тарапынан аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округтер әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы әзірленіп, «Әкімдер мектебі» жобасы бекітілген еді. Жоба жергілікті басқару міндеттерін тиімді орындау, ауыл халқының өмір сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту үшін қажетті негізгі құзыреттерді дамытуға бағытталып отыр. Бұл бағытта кеншілер өлкесінде де тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы жөнінде кеңірек білу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серікжан Байбосыновты әңгімеге тартқан едік.

– Серікжан Берікбайұлы, алдымен осы жоба туралы айтып өтсеңіз…

– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей сайланған әкімдердің жаңа санаты – сайланбалы басқарушылар пайда болғанын, олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ басқа да мамандар бар екенін атап өтіп, Үкіметке «AMANAT» партиясының тәжірибесін ескере келе, «Әкімдер мектебі» оқу жобасын іске қосуды тапсырған болатын.
Жоба «Әкімдер мектебі» деп аталады. Тың жобаны «AMANAT» партиясының сараптамалық орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүзеге асырады. Елдімекендердің әкімдері дұрыс шешімдер қабылдауы тиіс. Әрине, ол үшін білімді болуы маңызды. Жобаның негізгі мақсаты да – осы.
Жалпы, Мемлекеттік қызмет туралы заңның аясында кез келген мемлекеттік қызметші өз лауазымын сапалы атқаруы үшін қайта даярлау курстарынан өтуі керек. Сондықтан, халық сайлаған жаңа әкімдеріміз мемлекеттік қызметтің қыр-сырын, түрлі заңдылықтарды білуі үшін, сонымен бірге, халықпен, қоғаммен тиімді жұмыс істеу үшін осы қайта даярлау курстары жүргізіледі. Яғни, «Әкімдер мектебі» жобасы белгіленген заңдылықтар негізінде ауыл әкімдеріне арналған қайта даярлау курсы болып есептеледі.

– Жобадан күтілетін нәтиже қандай?

– Вице-премьер Қанат Бозымбаев «Биылдан бастап барлық ауданның әкімі тікелей сайлау арқылы ғана қызметке кіріседі. Бұған байланысты «Әкімдер мектебін» іске қосу уақытылы әрі орынды шешім деп санаймын. Біліктілікті арттыру бағдарламасы ауылдық аймақтардың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», – деген еді. Жобадан күтілетін негізгі нәтиже – әкімдердің білім деңгейін белгілі бір дәрежеге көтеру, олардың нәтижелі жұмыс істеуіне жағдай жасау. Бұл жобаның негізгі мақсаты – әкімдердің біліктілігін арттыра отырып, олардың жергілікті жерде мемлекеттің, Президенттің саясатын дұрыс жүргізуіне, ең бастысы халықтың сұранысын сапалы қанағаттандыруға бағытталған. Негізі күтілетін нәтиже де – осы.

– Жобаға тек ауыл әкімдері ғана қатыса ма? Биылға жоспар қандай?

– 2021 жылдан бастап, ауыл әкімдерін сайлау азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруға белсенді қатысуын қамтамасыз етті. Әкімдердің жауапкершілігі артты. Содан бері шамамен 2,5 мыңнан астам ауыл әкімі сайланған. Жаңа лауазымға келген әкімдердің көбісі бұрын әкім болмаған және мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Кейбіреулері кәсіп иелері немесе партия қызметкерлері. «Әкімдер мектебі» жобасына ауыл, кент әкімдері толығымен қатысуда. Қарағанды облысында бүгінгі күні 160-тан астам ауыл, кент әкімдері бар деп есептейтін болсақ, солардың 130-ы осы жоба бойынша қайта даярлаудан өтіп жатыр. Қалған 30-дан астам әкім бұл оқумен қамтылмады. Олардың өкілеттілік мерзімінің аяқталу уақыты жақын болуына байланысты ол әкімдер оқуға жіберілген жоқ. Жаңадан сайланған әкімдер егер жоба жалғасын табатын болса, алдағы уақытта оқуға шақырылады деп ойлаймын.

– Оқытудың мерзімі қанша?

– Оқыту мерзімі 240 сағатқа арналған. Оның ішінде, 120 сағат офлайн режимде және 120 сағат онлайн режимде. Олардың 100 сағаты «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы тарапынан ұсынылған. Курс 17 модульден тұрады, олар кәсіби және басқарушылық құзыреттерді арттыру үшін маңызды тақырыптарды қамтиды. Яғни, бұл аралас гибридті оқыту тәсілін таңдаған себебіміз – әкімдердің ұзақ уақыт ауылда болмауы белгілі бір деңгейде ауыл өміріне кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан, осы формат қабылданды. Облыста жалпы жаңадан сайланған әр әкім оқудан өтіп отырады. Биылғы жоспар бойынша осы жоғарыда айтып өткендей 130 әкімді оқудан өткіземіз. Енді осы жаз айларында сайлаулар өткен соң, жаңа сайланған әкімдер де қайта даярлау курстарынан өтеді.

– Оқудан өткен әкім өз өңірі немесе ауылын гүлдендіру үшін мемлекет тарапынан қандай құзіретке ие болады?

– Жалпы, оқу әкімге белгілі бір дағдыларды береді. Осы ауылды дамыту үшін ауылда селолық тұтыну кооперативтерін құру, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз қызметін дөңгелеткісі келетін азаматтарға жағдай жасау бойынша құзіреттіліктерге ие болады. Ауылдың шаруашылық экономикалық-әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету үшін осы оқыту процесі ұйымдастырылып отыр.

– Бұл жобаны бұрын Кеңес кезіндегі партия мектебі секілді ірі оқу жобасымен салыстыруға бола ма?

– «Әкімдер мектебі» жобасын Кеңес кезіндегі партия мектебінде оқытумен салыстыруға келмейді. Себебі, бұл жобаның өзіндік ерекшеліктері бар. Ауыл әкімдері осы жобаның аясында ауылды дамыту бағдарламасын жасап шығарады. Әр ауылдың әкімі өз ауылын дамытудың бағдарламасын жасайды. Яғни, арнайы бекітілген мамандардың басшылығымен бағдарлама дайындалады. Ол бағдарлама жоба аясында қорғалады. Сәтті қорғалған жобалар сол ауылдың дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын.

– Әкімдерді оқыту барысында неге басымдық беріледі?

– Курс барысында Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы қазіргі реформаларды, сондай-ақ, бюджеттеу және ресурстарды басқару мәселелерін зерделеу сынды маңызды мәселелер қамтылады. Қатысушылар ауылдық округ деңгейінде бюджетті жоспарлау және бөлу принциптерімен, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу және салық салу негіздерімен танысады.
Бұдан бөлек, бағдарлама коммуналдық меншікті басқару, экологиялық мәселелер, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту тақырыптарын қамтиды. Оқыту барысында мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологияларды меңгеру, оның ішінде, электронды қызметтер мен басқарушылық шешімдер қабылдау құралдары ерекше орын алады.
Әкімдер ең алдымен өз ауылдарының бюджетін анықтайды. Сондай-ақ, өнім өндіруден бастап, оны сертификаттау мен сатуға дейінгі тікелей тізбекті құруды үйренеді.
Оқыту 17 ақпанда басталды, оқу Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында өтуде. 13 мамырға дейін жалғасады. Курс соңында қатысушылар өздерінің ауылдық округтерінің экономикалық дамуы бойынша бағдарламаларын ұсынады.
«Әкімдер мектебі» жобасы әкімдер үшін үлкен қолдау болып отыр. Жоба аясында дайындалған әдістемелік ұсынымдардың арқасында жергілікті халықтың табысын молайту үшін көптеген жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Демек, жобаның әкімдер үшін берері мол.

– Уақыт тауып, тұшымды әңгіме өрбіткеніңіз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретте: 1. Серікжан Байбосынов,
2. Әкімдер оқу барысында

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button