Бас тақырып

Киелі жерді қопарып жатқан кім?

Өткен аптада «Біреулер Балқаштың жанындағы Бектауата тауының шоқыларын қазып жатыр» деген ақпарат тарады. Бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген санаулы тарихи орынның бірі. «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санатына еніп, мемлекеттік қорғауға алынғаны тағы бар. Әлеуметтік желіде таралған хабарламада тарихи нысанның шоқыларын «Қарағанды-Балқаш» күре жолының құрылысы үшін бұзып жатқаны, сонымен қатар ол маңдағы ескі қорымдардың да қазылып тасталғаны айтылды. Осыған қатысты «Ortalyq Qazaqstan» тілшісі оқиға орнына барып, мәселенің мән-жайын зерттеп қайтты.

 

Бірнеше рет facebook желісінде дабыл қаққан Төлеубек Дөнентаев есімді қолданушының жазуынша, жол салушы кәсіпорын Бектауатаның солтүстік-батыс сілемі – Қоңырқұлжа шоқысын бұзып, сол маңдағы бабаларының мазарын жермен-жексен қылған. Осы ақпарат желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Жұртшылық тарихи нысанды қорғауды талап еткен пікірлер жариялады. Осыдан кейін біз оқиға орнына арнайы барып, қалың жұртшылыққа мәселенің анық-қанығын жеткізуді жөн санадық.

Айтылған жерге барғанда шынымен қазу жұмыстарының жүргізілгенін көзіміз көрді. Шоқының етегінен бастап қопарып, бұзып, тасып жатқан жүк көліктерінің жүргізушілеріне жолықтық. Олар жалдамалы қызметкерлер екендігін айтып, сөзден жалтарды.

 Қоңырқұлжаның етегінен басталған қазу жұмысы үлкен аумақты алып жатыр. Қолымызда өлшегіш құралымыз болмаған соң, қазылған жерді адымдап өлшеп шықтық. Ені – 55 қадам, ұзындығы – 70 қадам, ал, биіктігі – 10 метрге жуықтайтын тау жынысы қазылып алынған. Тұрғын дардың айтуынша, осы маңайда ашаршылық жылдары қайтыс болған адамдардың тас бейіттері болған көрінеді. Біз көргенде айтылған жер тып-типыл болып жатты. Сұрастырып білсек, осыған дейін бұл жер «Айтас-2002» ЖШС еншісінде болыпты. Кейін, учаскені шаруа қожалығы мемлекетке өткізген екен.

Біз барғанда жұмыс тоқтаған жоқ. Шоқының жоғары бөлігіне бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, үлкен шөмішті экскаватор тасты қазып, жүк көліктеріне тиеп жатты. Ал, көліктер тау жынысын уату цехына дамылсыз тасымалдауда. Тас тиеген жүк көлігінің соңынан еріп, цехқа барғанымызбен, ішке қарай өткізбеді. Содан соң жүктің көлемі мен салмағын өлшейтін жерден қанша тонна тау жынысы әкелінгенін сұрадық. Сол күні таңғы сағат 08.00-ден, 15.45-ке дейін 61 рейс жасалған. Әр жүк көлігі 27 тоннадан бастап, 32 тоннаға дейін тау жынысын артып әкелген. 61 рейсті 27 тоннадан есептегеннің өзінде 21 қаңтар күні 1 647 тонна тау жынысы тасымалданды деп шамаладық.

Бұдан кейін 25 қаңтар күні облыстан келген арнайы комиссия құрамымен Бектауатаға екінші мәрте бардық. Тұрғындардың шағымына сәйкес, жұмыс тоқтап тұр екен. Осыдан кейін бұл жерді пайдаланған «Дәнекер-жол» ЖШС өкіліне сұрақ қойдық.

– Біз қазір бөлінген 8,5 гектар алқап шегіндегі жер учаскесінің шекарасынан аспай жұмыс істеп жатырмыз. Аталған аумақ, құрылысы және жобалық құжаттамаға сәйкес, арнайы белгілермен таңбаланады. Біз ол жерлерге алдымен зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, Үкіметтің берген рұқсаты аясында бұл аумақтардан қажетті материалдарды алып жатырмыз. Жер учаскесiн жалдау туралы шартты немесе уақытша тегiн жер пайдалану туралы шартты жасау кезiнде бекiтiлген үлгiлiк шарт негізінде жұмыс атқарылады. Жол құрылысы аяқталған соң, қазылған жерлерге тегістеу жұмыстарын жүргізіп, мемлекет қарамағына тапсырамыз, – дейді «Дәнекер-жол» ЖШС өкілі Мұхит Тұрсынбаев.

Сонымен қатар, «Дәнекер-жол» ЖШС өкілі, Ақтоғай ауданы әкімдігі жердің мемлекеттік актісін жасау барысында құжатты бекітуді 6 айға созғанын айтады. Ал, Ақтоғай ауданының осы салаға жауапты қызметкерлері актіні жасау жұмысының осынша созылуына құжатты әзірлеуші жеке кәсіпкерлер кінәлі деген уәж айтып отыр.

Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің бас маманы Дамир Рамаевтың сөзінше, құқық бұзушылықты сипаттайтын нышандар бар.

– Қазір біз тексерген жерді қар басып жатыр. Сондықтан, бірден шешім қабылдауға болмайды. Алдымен сараптамалар жасалуы қажет. Бірақ, өздеріңіз көріп тұрғандай, пайдаланған жер аумағында ауыр көліктің шиналары тау болып үйіліп жатыр. Бұл шиналарды кім әкеліп тастағаны белгісіз. Мұндай жерге қоқыс төгу – заңға қайшы. Мұны да, құқық бұзушылықты сипаттайтын нышандарға жатқызамыз, – дейді Дамир Рамаев.

Қоғам белсендісі Төлеубек Дөнентаев жерді заңды пайдалану мен қорғалуын бақылау жауапты адамдардың басты міндеттерінің бірі екендігін алға тартты.

– Бұл жұмыстар жалғаса берсе, Қоңырқұлжаның шоқысына үлкен залал келері сөзсіз. Бұған жауаптылар тау жынысын алуға рұқсат берілгенін айтып отыр. Тіпті, Ақтоғай әкімінің баспасөз қызметі тас алып жатқан жерді Бектауата тауынан 23 шақырым жерде деп анықтама беріпті. Сонымен қатар, 2019 жылы 26 шілде күні №41 лицензия берілгендігін мәлімдейді.

Тауы қопарылып, тасы тасымалданған аумақ Бектауата тауынан 23 шақырым жерде деген ақпарат қисынға келмейді. Қоңырқұлжаның қопарылып жатқан бұл төбесін «Жанұзақтың төбесі» деп атайды. Төбенің маңайында ашаршылық жылдарында қайтыс болған адамдардың бейіттері орналасқан. Тас үйіп жерлеген зираттар қазылып қалған. Бұған жауапты мемлекеттік органдарының жедел іс-шара қолдануын сұраймыз, – дейді Төлеубек Дөнентаев.

Ал, бұған жауапты мемлекеттік органдар аумақ толық зерттелмей шешім шығаруға болмайтынын жеткізді.

Айта кетейік, Бектауата тауы Балқаш қаласының оңтүстік-шығысында 60 шақырым жерде орналасқан. Бірнеше шоқыдан құралған тау солтүстік-шығыстан оңтүстікбатысқа қарай 7 шақырымға созылып жатса, ені 3 шақырым, ең биік нүктесі 1213 метрден асады. Ұлы Дала жауһарын індете зерттеген ғалымдардың сөзінше, Бектауата атылмай қалған жанартау көрінеді. Бектауата тауы ірі түйіршікті гранитоидтардан түзілген. Солтүстік-батыс шеті Қоңырқұлжа мен Қарашоқы шоқылары эффузивті жыныстардан тұрады. 1982 жылдан бастап, Солтүстік Балқаш өңіріндегі республикалық маңыздағы ботаникалық қорық Бектауатада құрылды. 30-ға жуық бұлағы болған. Қазір олардың көбісі тазаланбағандықтан көзі бітеліп, онға жуығы ғана ағып жатыр.

1938 жылы әлемді таңғалдырған зерттеуші В.А.Селевин Бетпақдала экспедициясын жүргізіп, соның барысында жалман кемірушісін тапқан. Содан ол «Селевин жалманы» аталып кеткен. Түн жануарының негізгі мекені – Бектауата бөктері. Бұдан бөлек, бұл жерде арқардан бастап, аңның бірнеше түрі бар. Өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралған, олардың 45-і сирек кездесетін болса, 8-і «Қызыл кітапқа» енгізілген. Бектауата тауының күнбатыс тұсында 80-100 метр биіктікте әлем туристерінің назарын аударған үлкен үңгір бар. Үңгірдің жалпы ұзындығы 45-48 метрге жуықтайды. Оған тас қорымы арқылы шығады. Кіреберіс қуысының биіктігі – 3, ені – 1,5 метр. Онда 15-16 метрге дейін еш қиындықсыз кіре аласыз. Бұдан кейінгі бөлігі, яғни, 29 метрден әрі үңгір түбін терең көлшік алып жатыр.

Жергілікті тұрғындар Бектауатаны «Әулиетау» деп те атайды. Бұл таудың атауына, қасиетіне байланысты ел аузында аңыздар көп. Біреулер, Бектау ата және Беғазы деген екі әулие паналаған жер десе, ал бірі Асан қайғы бабамыз аялдап, «Бектауата» деген атау берген деген аңыз бар. Тағы бір аңызда жауынан қашқан Атабек есімді кісі осы таудағы үңгірге жасырынып қалады. Ары-бері іздеген дұшпандары оны таба алмай, кері қайтыпты. Құдайдың құдіретімен сол үңгірдің ішінде мөлдір бұлақ пайда болған деседі. Жергілікті журналист Қуандық Сәденов: «Қазақстан өңірлеріне картография жүргізілген кезде Әулие ата атауының өзгеріп кететіндігінен қорыққан бір қария Бектау деп айтып жіберген. «Бек» деген сөздің өзі ерекше, тұлғалы мағынасында қолданғандықтан, таудың басқалардан өзгеше болғандығынан да осы атау лайық деп тапса керек. «1993 жылы жарық көрген «Қазақ бақсы-балгерлері» деген кітаптың 43 бетінде «…Бектау-ата Бек ата, Бекіш-ата, қолдай көр…» деген бақсы сарыны бар. Мұндағы «Бектау-ата Бек ата» осы әулие болуы әбден мүмкін. Бұл жағы әлі зерттелмеген» – деп жазады.

Жоғарыда айтып өттік, Бектауата – Киелі жерлер картасына енген нысан. Бұл жердің төңірегі – талай тарихи оқиғаның куәсі, әр тасы тұнған шежіре. Жыл сайын мұнда еліміз бен көрші елдерді айтпағанда, сонау Еуропадан туристер жүздеп-мыңдап келіп жатады. Қасиетті жерге тәу етушілер қатары да қалың.

Міне, осындай киелі нысанның қойнауы қопарылып жатқаны халықтың үлкен алаңдаушылығын туғызып отыр. Сондықтан, бұл мәселе жоғары деңгейде тексеріліп, шара қолдануды талап етеді. Біз бұл жайтты бұдан әрі тереңірек зерттеп, алдағы уақытта оқырмандарымызға жан-жақты ақпарат беретін боламыз.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button