Киелі орындарға тәу етті
Сәтбаев қаласындағы орта білім ошақтары Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған міндеттер аясында бірқатар тындырымды шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл бағытта алуан сипатты әлеуетті әрекеттер баршылық, десек те, бағдарламаның «Туған жер» тармағы бойынша танымдық маңызы зор мәдени экспедициялар ұйымдастыруға айрықша ден қойылуда.
Мәселен, №19 орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары Ұлытау төңірегіндегі киелі орындарға екі мәрте арнайы сапар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде 6-10 сыныптардың оқушылары Ұлт ұясы атанған өңірдегі Алаша хан, Жошы хан кесенелері мен Домбауыл мазарының қайталанбас сәулет ерекшеліктерін бағамдау мүмкіндігін иеленді. Қастерлі нысандармен танысу барысында бабалар рухына құран бағышталды, сондай-ақ, Ұлы Дала төсіндегі киелі жерлердің адам санасының рухани жаңғыруы мәселесіне ажырағысыз деңгейде қатыстылығы мен олардың мән-маңызы туралы әңгімелесулер өткізілді. Оқушылар ұрпақтан ұрпаққа беріліп, көне дәуірлерден көнермей жеткен есті аңыздарға құлақ түріп, өздерінің таным-өрелерін тың мәліметтермен толықтырды.
Қасиетті орындарға тәу еткен соң оқушылар мен олардың ұстаздары кең жазира дала алқабында қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, бастарынан айрықша бір серпіліс күйін өткерді.
Бағдарламада сонымен қатар, Хан Ордасы, Ұлт бірлігі мен мемлекет тұтастығы монументі, «Күмісбұлақ», «Ембұлақ», «Тасбұлақ» секілді ұлт тарихы мен бүгінгі қоғамда өзіне тән маңызы бар орындарға саяхат жасау жайы да қарастырылды. Бұлардан тысқары, жас буын өкілдері «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайында болып, көрме залдарындағы жауһар жәдігерлердің қыр-сырына қанықты.
Гүлдана РЫСМАҒАМБЕТОВА,
№19 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі.
СӘТБАЕВ қаласы.