Баған

Киелі астың кепиеті ұрмасын!

«Нан қиқымын шашпаңдар,
Жерде жатса, баспаңдар.
Теріп алып, қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар!». 

Бала күнімізде біреу «тақпақ айт» десе, осылай «тақылдай жөнелетінбіз». Бұл шумақты хат танып, қалам ұстамай тұрып-ақ жаттаған шығармыз, тіптен. Үлкендердің әуел бастаақ санаға сіңіргені…

Әкей совхоздың қойын бақты. Анамыз таба-таба нан салады. Жазғы демалысқа жиналған ұлдар неге екенін білмеймін, нанның қыртысына таласушы едік. Туралған нанның қиқымын жеу үшін де қызыл шеке болғанбыз талай. «Өскенде бай боласың» дегенді естіп алғанбыз ғой.

Байқасақ, мұның астарында үлкен тәрбие жатыр. Жер-Ананың сыйы, астың атасы – нанға деген құрметтің белгісі екен ғой…

Халқымызда «Құранға шығып нанды алуға болғанымен, нанға шығып құранды алуға болмайды» деген ұғым бар. Қасиетті құран кітабының дәрежесін түсіруден мүлде аулақпыз. Бұл – нан аса қастерлі дәм деген ойды қуаттау.

Мысалы, адам өзге бір тағамды жей берсе, одан «шығып қалуы» мүмкін. Ал, нан мәзірімізден тыс қалған емес. Осындайда сықақшы Тұрсынбектің (Қабатов) «біз бауырсақты да нанмен жейміз» дегені еске түседі.

Тақырыпқа оралайық.

Түнеукүні қаланың шеткі аумағынан бөлке-бөлке нанның үйіндісін көз көрді. Құрылыс бетондарының арасына арнайы әкеліп төккен екен. Не себепті дейсіз бе? Қаладағы қаңғыбас иттерді тамақтандыру үшін. Құдай кесірге жазбасын! Әттегені, қастерлі асты қор қылғанды қандай да бір жауапқа тарту заң аясына сыймайды-ау.

Көшедегі ит-мысыққа осылай «қамқоршы» болып жүргендерді жиі кездестіреміз. «Сығарға биті жоқтай» көрінгенімен, олар әр күн сайын қаңғыбас ит-мысықтарды қоректендіріп тұрады. Аула-аулада, үй-үйдің бұрыштарында. Тағы да қасиетті нанмен. Және сол төрт аяқтыларды «қызғыштай қоритынын» айтсаңызшы. Қаңғыбас ит-мысықты аулайтын ветеринарлық станция мамандарына да қарсы шығатыны бар. Бұл ретте, жабайы жануарлардың қоғамға қаншалықты қауіпті екенін бағамдау қиын емес. Ол – өз алдына бөлек әңгіме…

«Естімеген елде көп». Шошқа асырайтын кейбір шаруашылық қожайындары қолындағы «түлігіне» жем-шөптің орнына нан береді дегенді де құлағымыз шалды. Өздерінің есебінше, қаржылық тұрғыдан тиімді көрінеді. Нанды қиқымдап емес, қап-қабымен шашады-ау сонда?!

Ас атасы – нанды аяққа таптау фактілерінің бір-екеуін ғана мысалға келтірдік.

Ұзақ жылдар бойы ел басқарған, ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол бір ағамыз өткенде «фейсбуктегі» парақшасына «Нанның бағасын еркін айналымға жіберу керек. Нарық өзі реттейді» деп жазыпты. Оқыдық, ойландырып тастады.

Сіз не дейсіз, қайтпек керек?..

Қуаныш АМАНҚҰЛ,
«Ortalyq Qazaqstan»
газетінің Балқаш, Приозерск
қалалары бойынша меншікті тілшісі

Басқа материалдар

Back to top button