Қарағанды

Кездесуде келелі әңгіме өрбіді

Қарағанды қаласындағы №8 жалпы білім беретін орта мектепте белгілі суретші, “Атом” жаһандық жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковпен кездесу өтті. Тағылымды шараны жаратылыстану математика бағытындағы әдістеме бірлестігінің мүшелері ұйымдастырған. Кездесуге мектеп ұжымы мен оқушылар қатысып, өз сұрақтарын қойды.

 

ХХ ғасырда қазақ даласы ядролық қарудың зардабын көрді. Семей жеріндегі сынақ алаңы қоршаған ортаға орны толмас залал келтіріп, жергілікті халықтың денсаулығына кері әсерін тигізген болатын. Кештің қадірлі қонағы Кәріпбек Күйіков те – полигон азабын тартушы. Бірақ, ол қиындыққа мойымай, еңсере білді. Ол өз өмірін атом қаруының қасіретін тоқтатуға және әлемге бейбітшілік орнатуға арнады. Шығармашылығы да осы бағытта өрбіді.

– Еліміз тәуелсіздік жариялаған тұста біз ядролық держава атанған едік. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атом қаруынан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Және бұл өте дұрыс шешім болды. Өйткені, атом қаруы адамзатқа тек қасірет қана әкеледі, – дейді Кәріпбек Күйіков.

Кездесуде қоршаған ортаны қорғау, бейбітшілік, азаматтық ұстаным және шығармашылық туралы әңгіме өрбіді. Кеш қонағы балалардың сұрақтарына жауап беріп, өзінің балалық шағы, студенттік кезеңі туралы айтып берді. Сондай-ақ, мектеп оқушылары салған суреттерді бағалап, өзінің ақыл-кеңесін айтты.

– Алдына мақсат қойып, тас түйін бекінген жан кез келген қиындықты еңсереді. Ең бастысы ешқашан кері шегінуге, «мүмкін емес» деп күдер үзуге болмайды. Үнемі ізденісте болу қажет. Қиындық – уақытша нәрсе. Еңсеңді тік ұстап, қарсы тұрсаң жеңіп шығасың, – дейді суретші.

Кездесу кешінде мектептің өнерпаз оқушылары сахнада ән шырқап, мың бұрала би биледі. Ал, мектеп директоры Ықылас Мұстафин құрметті қонаққа уақыт тауып, оқушылармен кездесуге келгені үшін алғыс білдіріп, сонау Дубайдан арнайы алдырған естелік сыйлық табыстады. Мұның да өз мәнісі бар екен. Әлемнің көптеген елінде болған Кәріпбек Күйіков «Дубай ғажайыбына» ерекше қызығатынын айтқан. Өйткені, олар аз уақыттың ішінде шөл даланы жұмақ мекенге айналдырып, қала салды. Қаражатты қару-жарақ пен соғыс үшін емес, бейбіт өмір мен жарқын келешекке арнады.

– Мен Дубайды не үшін жақсы көремін? Өйткені, бұл елдің адамдарында мейірім бар. Олар «бейбітшілік үшін» деп соғысқан жоқ. Қаражатты, ғылым мен технологияны бейбіт өмір үшін қолданды. Сондықтан да, мен оларды құрметтеймін, – деді Кәріпбек Күйіков.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button