«Кердең ғасыр түйісі…»
Мен қонақ үйлерді жек көрем,
Менің адами құқымды,
Қазақи құқымды шектеген.
Үш жұлдыз ба, не – бес жұлдыз ғажап-ақ,
Құдай сонда жалғыздықпен жазалап;
Ғалия жоқ…
Телефоннан түнімен,
Түртүсі жат бөгде әйелдер мазалап…
Қонақ үйге түнеп шыққан күні мен,
Ұйқтай алмай, өз-өзімнен бүлінем:
Түске кіріп тыржалаңаш әйелдер,
Гаремде осы жүрем неге түнімен?..
Отельдерде жетпей маған оттегі,
Күн шуағын, гүл мейірін төкпеді.
Ойы жаман ошағы жоқ пенденің –
Отаны жоқ!
(Орманы жоқ, өйткені…)
***
Не бір оттай құшақта балқығанмын,
Өзгермеген әлі сол қалпы қалдым.
Біреулері тәрк қып кетті мені,
Біреулерін ерінен тартып алдым…
Бәрі де әлі баяғы сері күндей,
Бала шақтың басылмас желігіндей.
… бал сорып ем бір тілден, қалай әлі ол
Алғаш сүйген әйелдің ерініндей!?
Зарланғаныай, жанымның, сандалғаны,
Қалай өшпей есімде қалған бәрі?
Тән күйдіріп қызуы, жан күйдіріп,
Қырықтағы біреуі жанды арбады…
Көк етегін өлеңмен түрген де едім,
Қаңқу менен қиқу ғой жүрген жерім.
Өмір – төрге шыққандай босағадан,
Сүйіпкүйіп бәрібір үлгермедім…
Билей алмай өзіңді осы арада,
Күмілжисің, көңілің хош аманда.
Жаңа еді ғой төрге кеп отырғаным,
Аяқ неге тартады босағаға?
29.01.2019 ж.
Алаш ақындары
(Бақытжан Қанапияновқа)
Бұл Алаштың ақыны,
Күннен тудым деуге де ол қақылы,
Ғұннан тудым деуге де ол қақылы.
Қарсы қарап сұм заманның бетіне,
Сөз айтуға жеткен ақыл, батылы.
Тірісінде еленбей ғап нарлығы,
Айтып кеткен бергіні де, арғыны.
Тар заманда ботадайын боздап бір,
Зар заманда ғұмыр кешті барлығы..
Жаны – көкте,
Тәні – мұнда,
Күй тынды,
(Қандырып ал, қайран боздақ, ұйқыңды?).
Кеткеннен соң бұл жалғаннан, қоғамға
Сенен артық болмайды ешкім сүйкімді…
Күннің нұры тұла бойын жайлаған,
Ғұнның рухы алдына сап айдаған.
Алпыс екі тамырынан ұстап ап,
Алла оны Алашына байлаған!
Алашындай азалы – Ғазалы!
Тілін байлап қойса біреу, бәрі бір
Ерегісіп ол орысша жазады…
Бұл Алаштың ақыны,
Алла ғана адамзатта – жақыны.
Күннен тудым деуге де сол қахылы,
Ғұннан тудым деуге де сол қахылы.
20.02.2019 ж.
Жарық-қали Айтман Қарқаралыға келгенде
Жалғыз арша – Қарқаралы басында.
Жалғыз әпкем қалды соның қасында.
Қарай-қарай, қимай-қимай қарайлап,
Мен де кеттім ілесіп ап Қасымға.
Кете бардым сол көкемнің ізімен,
Алматыға жете алмадым қызығы ең;
Оралға да барып, ойхой, дәурен-ай,
Билей алмай татарлардың қызымен…
Кімді сүйдім ет жүрегім езіліп?
Кеткім келіп елден, мүлде, безініп;
Жапандағы жалғыз арша секілді,
Жаһанда жоқ жалғыздықты сезініп…
Сан құладым төмен қарай құлдырап,
Бауырым деп, ал, көтерді кім, бірақ?
Жалғыз Қасым қалды менің алдымда,
Жалғыз қара көз ұшында бұлдырап…
Жан қайда деп сұрамаймын, мал қайда,
Жалғыз арша ылғи мені салды ойға.
Құдай өзі жолаушылап шыққанда,
Жалғыздықты жазған біздің маңдайға.
Кетіп барам әлі ілесіп Қасымға.
Жалғыз арша – Қарқаралы басында.
Соған жасын тұспесе екен, әйтеуір,
Қасым да жоқ, мен де жоқпын қасында?
Жалғыз арша – Қарқаралы басында.
Қалың орман қоршап оңы, солыңнан,
Қарқаралы шығады енді жолыңнан.
Елде қалған Үш жүз Алпыс Әулие,
Еріп бара жатыр ма екен соңыңнан…
16.04.2019 ж.
***
Оңы түгіл, сезбеуші едім солын да,
Не тұрғанын қайдан білем жолымда.
«Меніменен бір жүр» деген әкемнің,
Шайтан түртіп, неге қалдым соңында?
Дүниеде бар ма мендей шерменде?
Көз жас деген тамшы емес қой, сел – менде!
Әлем маған түнек болып кеткенді,
Әкем үйге табыт болып келгенде…
Ол кісіге енді қашан жолығам?
Құба жонға қараймын да торығам.
Мен жоқ кезде көрінердей бірдеңе,
Мен шешемнің қалмай қойдым соңынан.
Мені аяп ол мұнда біраз бөгелді.
Ел де көнген.
Сен де, Серік, көн енді:
Бақырайтып қойып екі көзімді,
Ол да мені тастап… ұша жөнелді!
Серікбол да тастап кетті көз іліп,
Берікбол да тастап кетті безініп;
Гүлғайын да –
Өлетінін сезініп!
Ауыр екен бес табытты көтерген,
Бауыр содан бара жатыр езіліп…
Мені тастап, бәрі көкке жөнелді.
Оралмайды ол енді.
Сол езіліп қалған қара бауырмен,
Қалай әлі жазып жүрмін өлеңді?
21.02.2019 ж.
***
Жүргенімде Көкбөрідей шалқып бір,
Мені өзіне магнитше тартып құр, –
Алтайдан – Күлтегіннің иісі бұрқырап,
Мұнайдан – Мұрын жыраудың иісі аңқып тұр!
Қиырқиыр дала маған – үй іші.
Келіп мына кердең ғасыр түйісі,
Көзді жұмып, көкке де ұлып кетер ем,
Жібермей жүр осылардың иісі…
23.02.2019 ж.
ЭКСПРОМТ*
«Манас» жыры жүрегінен,
Сүйегіне шапқан баланы,
Алпыс белден асырып,
«Абылайдың қамалы»;
Батыр болмақ сойдан-дүр»*,
Деп жазбауға қалмай қалды амалы.
Мынау оның заманы емес, қайтейін,
Қорқақтар мен қомағайдың заманы…
*Баянғали Әлімжанның «Батыр болмақ сойдан-дүр» атты эссесін оқығанда.
24.02.2019 ж.
***
Өңімде де ойға батып, түсімде,
Өмір сүрдім елең қағып құс үнге.
Құдай өзі елден ерек жаратқан,
Құпия бір қызық жұрттың ішінде.
Өзі – алаяқ, өзі – малай, өтімді,
Бір ұлысқа ұқсамайды ол нетүрлі.
Құрманғазы төкпе күйі немесе
Тәттімбеттің шертпе күйі секілді!
Мұнда да көп менен қырт,
Елім, бірақ, ерен жұрт;
Құрманғазы күйілеріндей асқақ ол,
Тәтекемнің күйлеріндей терең жұрт!
Осы екеуі шығар мені түзеген?
(Алаш – Анам, біз – жапырақ, сіз – емен.
Тереңіңе сүңгіп, Шықсақ жағаңа,
Таяз жерің кеп тұрады тізеден…)
25.02.2019 ж.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.