Кемел толғам – келешек кілті

   Жақында «Болашақ» академиясының оқытушылары мен студенттері Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылап, ой бөлісті.

Бұл – мақала ғана емес, қазақтың рухын қуаттап, руханиятты байыта түсуге бағытталған құнды құжат. Жазбадағы әр ұсыныс – ұтымды, идея – игілікті. Тек сол үлкен үндеуге әр отандасымыз үн қосып, ауқымды мақсат-міндеттің іске асуына күш салуы тиіс.

Мақаладағы бірегей мәселе – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесі басты міндет ретінде берілген. «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер» дейді Елбасымыз таяу жылдардағы міндеттерді саралай келе.

Елбасы атап өткендей, «VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі. V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді. Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды».

Тіл тарихында өткен ғасырдың өзінде төл әліпбиіміз 3 рет ауыстырылғанын білеміз. 1912 жылы ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы жасаған араб жазуы негізіндегі тұңғыш әліпбиімізді 1929 жылы латын жазуына ауыстырғанымызды бәрі біледі. Осы кезде еліміздің барлық құрылымы латын жазуын жатсынбай қабылдап, барлық баспасөз бен оқу-білім саласы латын ғарпін жаппай қолданған болатын. Кейін кеңестік идеология әсерінен 1940 жылы біздің республикамыз да кириллица негізінде жасалған қазіргі әліпбиге көшті. Бұл, әрине, ұлтты төл тарихы мен тілінен, ұлттық болмысынан адастыру мақсатында жасалған саясат болатын. Осыған ерекше мән берген Елбасы қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келе жатқанын баса айтты.

«Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім, – делінген мақалада.

– Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз». Елбасы тапсырмасымен біз енді биылғы жылдан бастап «2025 жылға дейін іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз». Қазақ тілінің жаңа даму дәуірінің бастамасы болатын латын жазуына негізделген қазақ әліпбиін жасау – заман талабы. «Ол кезең де таяп қалды, сондықтан, біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек», – дейді Елбасы. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс». Міне, осы міндеттерді орындау үшін біз, әсіресе қазақ тілі мамандары, бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Өйткені, біз үшін қазақ тілінің жаңа кезеңге бет бұруы, тілдік дәрежесінің көтерілуі жолында жан аямай еңбек ету – біздің басты мақсатымыз. Бұл ретте Елбасы мақаласы біздерді, қазақ тілі мамандарын дайындайтын білім ордасы қызметкерлері мен студенттерін – болашақ тіл мамандарын қанаттандырғаны сөзсіз.

«Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады», – деді Елбасы. Бұл дегеніңіз – жаңа әліпбиді қолданудан шошымай, бұрынғы жазуды негізге ала отырып, тезірек латын жазуына көшуге тиіспіз деген сөз. Дегенмен, жаңа әліпбидің тіліміздің биік тұғырға көтерілуі үшін маңызы зор болатынын түсінуге және басқаларға түсіндіруге тиіспіз деп ойлаймыз. Қазір баспасөз беттерінде және әлеуметтік желілерде латын ғарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиінің түрлі нұсқалары ұсынылып жатыр. Біз де осы жұмыстарға сергектікпен қарап, өз пікірімізді қосуға және қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалауда асыра сілтеушіліктің не кемшіліктің болуына жол бермеуге тиіспіз. Жуық арада орта буын өкілдерінің латын әрпімен жаза және оқи алуына мүмкіншілік беретін қысқа мерзімді курстар ашу да – Елбасы мақаласында көтерілген мәселелерді кезеңдеп іске асыруға үлес қосатын бағдарлы жұмыстарымыздың бірі болмақ.

Елбасымыз осы мақаласында басты бағыт ретінде көрсеткен тағы бір міндет – тамырын тереңнен алатын рухани жаңғыру мәселесі. «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – дейді Президент осы мақалада.

Шынында, ұлттық коды жоқ елдің иесі де болмайды. Елбасы нақты айтты. Ұлттық код – біздің болашақта гүлденуімізге жол ашатын, халықты рухани тоқыраудан, құлдық санадан құтқаратын бірден-бір құрал. Өйткені, Елбасы ұстанымы – еліміздің ертеңі үшін маңызды, Ұлы Дала мемлекетін мәңгілікке бастайтын өркенді жол. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – дейді Елбасымыз. Ұлт болашағын ойлаған ұлт ұлының қазақтың рухын көтерген, руханиятын байыта түскен осы бір сөздері біздің жүрегімізде жылы әсер қалдырды. Болашаққа деген сенімімізді нығайтып, көңілімізді орнықтырды. Бұрын да «Тарихи мұра», «Мәдени мұра», «Мәңгілік Ел» ұлттық идеяларын ұсынып, ел болашағын бағамдап көрсетіп келе жатқан Президентіміз ұлттық сананың кемелденуін білдіретін ұлттық жаңғыруға баса мән берілген осы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – делінгені көңілімізді бір желпінтті. Өткенді ұмытпай, болашаққа нық қадам басу үшін дәстүрдің озығын алып, тозығын тастау керектігі, біздіңше, өте дұрыс айтылған деп санаймыз.

Рухани жаңғырудың тағы бір сатысы ретінде көрсетілген міндеттердің бірі – дүние жүзіне танымал ғылыми-зерттеу еңбектерді қазақ тіліне аударып, ұлттың ұлы игілігіне айналдыру мәселесі. «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің міндеті» – деген Елбасы сөзі – бүгінгі күнгі басты мәселеге көрегендікпен көңіл бөлген сүбелі ой болды. Президенттің тапсырмасымен бұл жұмыстар 2017 жылдың жазынан бастап жүзеге аса бастайды. Ұлттық аударма бюросы құрылып, арнайы комиссия үздік авторлар шығармаларын таңдауға кіріседі. Әлемді мойындатқан ғылыми жетістіктер туралы еңбектер, Нобель сыйлығы иегерлерінің еңбектері аударылады. Бұл жастардың әлемге көзқарасын өзгертіп, жаһандық бәсекеге жақындата түспек. «Үкімет мұны аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі керек», – дейді Елбасы. Еліміздің ғалымдары мен қоғам қайраткерлері жұмылып, ең заманауи таңдаулы үлгілерді аудару ісіне жаз айларынан бастап кіріседі. Біздің ойымызша, бұл бір жағынан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, дамытса, екінші жағынан, ұлттық бояуды сақтап қалары сөзсіз. Біздің Академия оқытушылары да бұған өз үлестерін қосады деп ойлаймын.

Қазақ халқының бір ерекшелігі – туған жерді ата-анасындай қадірлеу, ұрпағының санасына туған жер, атамекен ұғымын жастайынан сіңіріп, «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп, кіндік қаны тамған жерге ерекше құрметпен қарауы. Халқымыздың осы бір бірегей қасиеті Елбасы мақаласында айрықша аталып отыр. «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын», – дейді Елбасы. Ата-бабамыз талай ғасырлар бойы аттың тұяғымен дүбірлетіп, «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» қорғап қалған жерімізді көзіміздің қарашығындай қорғап, қастерлеуіміз керектігін баса айтқан Елбасы Отанға деген сүйіспеншілік әр адамның өз туған жеріне деген махаббаттан басталатынына айрықша тоқталды. Туған жер – «кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» екенін айта келе, Елбасы «туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» екендігіне назар аудартады. Туған жерді сүю – туған халқыңды, мемлекетіңді сүюдің негізі екенін баса көрсеткен ол «Туған жер» бағдарламасы «білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді», – дейді. Туған жерінің әрбір қыры, тау-тасын жан-тәнімен сүйетін жас ұрпақты тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз болмақ. Мұқағали айтқандай, «Мен оның күнін сүйем, түнін сүйем… Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған, бәрі маған Отан деп сыбырлаған» деп туған жерін беріле жақсы көретін жастарды тәрбиелеу, біздіңше, тек мектепте ғана емес, жоғары оқу орны студенттерін оқытуда да қолданылуы керек. Өз елінің дамуына үлес қосқан тұлғаларын, білікті ұлдары мен қыздарын, қайраткерлерін таныту үшін арнайы даярлық жасамай-ақ іске кірісуге болады деп ойлаймын. Әрбір жастың жүрегінде туған жеріне деген сөнбес махаббатты ұялату, менің ойымша, әрбір оқытушының, мұғалімнің, қала берді, әрбір қазақстандықтың міндеті. Оған қоса, бұрынғылар айтқандай, «Маған елім не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп ойлайтын саналы ұрпақты тәрбиелеу де – біздің үлесімізде. «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы – жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегі. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», – дейді Елбасы. Талай жанның жүрегінен орын алған айтулы мақалада туған жерге деген сүйіспеншілік сезімімен қатар, жас ұрпақ бойында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру мәселесі де сөз болған. Қойнауы тарихи жәдігерлерге толы Ұлы Даламыздың киелі орындарын танып-білу – бәрімізге міндет екені даусыз. Жас ұрпақтың жан-жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру үшін туған жердің киелі мекендерін қастерлеуге, мақтаныш етуге баулудың маңызы жоғары. «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз», — дейді Көшбасшысы. Қазіргі заманда түрлі ұлттар мәдениетінің қым-қуыт араласуы кезінде ұлт ретінде жұтылып кетпеудің сара жолын, осылайша, көрсетіп береді. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз, — делінген мақалада. — Мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал. Төртінші, бұған ауқымды мемлекеттік қолдау жасалуы қажет». Заман көшінен қалмай, әлемдік даму жолынан ауытқымай отырып, біз өзіміздің ұлттық қазынамызды сақтап қалуға тиіс екендігімізге баса назар аудартады.

Осы ретте біздің «Болашақ» академиясында қыруар жұмыстар жүргізіліп келеді. Академия студенттері қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қатар, араб, түрік тілдерін де үйренуде. Бұл үшін араб, түрік тілдерін оқыту әдістемесін терең меңгерген, осы бағытта қосымша арнайы білім алып келген оқытушылар сабақ береді. Академияда қытай елінен келген қандастарымыздың білім алуы студенттерімізге тілдік орта қалыптастыруға зор ықпал жасап отыр. Болашақта қытай тілін оқуды және түркі елдерінің мәдениетін оқытатын пән енгізуді жоспарлап отырмыз. Осының бәрі ел болашағы жастарымызды жалпы адами құндылықтарды тануға, өмірдегі жаңалықтарға сергек қарауға ұмтылдыратыны сөзсіз. Елбасы мақаласында айтылғандай, «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».

Құрманғазы СЕМБИЕВ,

«Болашақ» академиясының

профессоры.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.