Приозерск қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр және ғұрып» жобасы аясында онлайн форматтағы «Тәрбие бастауы – анадан» келіндер байқауы өтті.
Сайыстың мақсаты – шаңырақтың шайқалмауын насихаттап, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты келіннің орнын, отбасының ұйытқысы екендігін ұғындыру. Қазақ қыздарын ұлтымыздың салт-дәстүрі арқылы ұяңдыққа, биязылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу, өнегелі отбасы ретінде көпке үлгі ету.
– Халқымыз ежелден «Келіні жақсы үйдің керегесі – алтын» деп босағадан аттаған жас келіннің тәрбиесі мен көрген-түйгеніне мән берген. Бабаларымыздан келе жатқан осы үрдіс бүгін де өз маңыздылығын жойған жоқ. Оған Приозерск қаласында 18 бен 29 жас аралығындағы 8 қатысушының арасында өткен келіндердің сайысы тағы бір мәрте дәлел болды, – дейді Приозерск қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Ж.Дулатова.
Жас келіндер байқаудың 4 кезеңі бойынша бақ сынады. Оның ішінде, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді байланыстырып сәлемдесу, «Салт-дәстүр», «Әйел үйдің жылуы», «Өз-өнері» бойынша түсірілген бейнежазбалар қазылар алқасының ерекше назарын аударды.
Сайыс соңында білімі мен ептілігінің, іскерлігінің арқасында өзгелерден оқ бойы озып шыққан Шұғыла Жұмахан Бас жүлдені және «Үздік келін» номинациясын еншіледі. Сондай-ақ, «Үлгілі келін» номинациясына – Таңшолпан Төкенова, «Өнерлі келін» номинациясына – Гүлжайна Тұрарова, «Сымбатты келін» номинациясына – Ақниет Қален, «Қонақжай келін» номинациясына – Әйгерім Ермекбай және «Парасатты келін» аталымына – Әзиза Тасмұратова, «Дана келін» номинациясына – Мереке Құдабаева, «Инабатты келін» номинациясына – Мөлдір Әлнияз лайық деп танылды. Жеңімпаздардың барлығына қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Қармысова аналық ақ батасын беріп, ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сыйлықтармен, қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы дипломдарымен марапаттады.
Нұрдос КӘРІМ.
ПРИОЗЕРСК қаласы.