Жаңалықтар

Келешегі кемел компания

Қарағандыда былтыр ма­мыр айында ашылған «Ютария ltd» ЖШС Тігін фабрикасының  ашылғанына көп болмаса да, компания бүгінде ісмер тігіншілерімен мақтанады. Тігіншілер таң­ғы сағат 8-ден бастап, Әлихан Бөкейхан ауданындағы жұмыс орындарында қаз-қатар тізіле отырады. Әр тігіншінің үстіндегі үтіктелген қы­зыл кеудеше мен  қалпақтан-ақ мұнда тәртіп пен ереже қатаң екенін бірден аңғаруға болады. 

«Ютария ltd» компаниялар тобының басшысы әрі құрылтайшысы Сәуле Шәуенованың да күнделікті ұстанымы – осы жұмыс тәртібінің сақталуы. Осынау бірегей ерекшелік арқасында еліміздің ірі кәсіпорындарының бірі «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-мен де байланыс тығыз. «Қазақмыстың» Қарағанды филиалының қатардағы қарапайым жұмысшысынан бастап, шенді басшыларына дейін, арнайы киімді дәл осы жерде тігеді. Бұл – Ұлытау облысын қоспағандағы жұмысы. Тек қана, арнайы киім емес, лауазымды басшыларға кеңсе киімдері, яғни, түймелі ақ жейде, тоқылған бешпент пен классикалық үлгідегі түймелі желеткелер де тігіледі екен. Бұл – астын сыза айтуға тұрар жаңалық. Талай кеншінің үстінде тігісі төзім берген арнайы киім жайын білмекке осынау тігін фабрикасына арнайы ат байладық. Бізге атқосшылық етіп, тігін ордасының тынысын «Ютария ltd » ЖШС Оқу орталығының басшысы Шолпан Әбілдина түсіндірді. 

Қазақ қызының қайраты

Сәуле Бақытжанқызы әсілінде жарнамаға зәру емес. Жолы жіңішке табиғатына қарамастан, кез келген ер-азамат тәуекел етіп, тас жұта алмайтын үлкен істерден толайым табысқа кенелуі  – оның сөзге емес, іске бекемдігін көрсетсе керек-ті. Кейде қазақтың осындай қайсар, өжет қыздарын көргенде, елге ұйытқы болған аналар Қарқабат, Домалақ ана, Зере, Ұлжан, Ұлпандар еске түседі. Алғашқы мамандығы педагог болғанымен, кәсіпкерлік – Құдайдың өзі бере салған қабілет пен қарымы екен. Жасында тігіншілікті  армандаған бала арманы ақыры адастырмай осы салаға алып келді. Алып келіп қана қойған жоқ. Тасын одан әрі өрге домалатып, мерей-мансабын арттырды. Өйткені, шағын цехты шартарапқа танытып, танымал компанияға айналдыру – екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келмейтінін мойындау керек. Осындай істің екі тізгін, бір шылбырын ұстаса да нәзіктік пен қазақ қызына тән ұяңдығын жоғалтқан емес. 

Бағындырған белестер

«Ютария ltd»  ЖШС компаниялар тобының даму жолы Қазақстанда кәсіпкерліктің қалыптасуымен өте тығыз байланысты. Елімізде өндірістерді ұйымдастыру арқылы шағын және орта бизнесті дамыту нақты өндірістік кешенді құруға ықпал етті.

Компания тобының тұңғышы – «Ютария ltd» ЖШС Өндірістік инновациялық компаниясы 2002 жылы құрылған болатын. Алдымен шағын цехтан басталған бизнес бүгін мынадай алып өнеркәсіпке айналатынын ол уақытта ешкім білген жоқ.

Ал, уақыт өте келе, қажымай-талмай еңбектену мен ізденістің арқасында кешегі шағын цех «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарына шикізат, маталар мен фурнитураны жеткізуші деңгейіне жетті. Бірақ бұл мақсаты айқын, қадамы нық ұйым үшін, шекара емес-ті. Біршамадан соң Жезқазған қаласындағы осынау бір тігін фабрикасы қала құраушы екі кәсіпорынның біріне айналғанына қалың ел куә болды. Бұдан кейін компания тобы құрылғанда, еңбектің бәрін жеңбек екеніне шүбәсіз сеніп, қол қойған-ды жұрт.

Бірінші белес

2012 жылы Жезқазғанда 350 адамды жұмыспен қамтитын қазіргі заманға сай автоматтандырылған тігін фабрикасы салынды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 1,8 млн. дана өнім шығаруға жетіп артылды. Кәсіпорындармен ұзақ мерзімді келісімшарттар аясында жыл сайын шамамен 730 мың жиынтықтағы арнайы киімдер тігіледі мұнда. Екі ауысыммен жұмыс істесе де, үш ауысым жасауға мүмкіншілік бар. Қазіргі таңда өндірістік аудан көлемі 4946 шаршы метр, өндіріс тікелей пайдаланған аумақ 3800 шаршы метр шамасында. Өндірісті кеңейтуге де еш кедергі жоқ. Бүгінде өндірісте жобалаудың автоматтандырылған шаблоны бар заманауи жүйелер қолданылады. Жаңа технологиялар мен білікті кадрлар еңбек қауіпсіздігі мәселелерін кешенді шешу механизмін жүзеге асыруға ықпал етіп келеді.

Компания арнайы киімдер нарығында кешенді жұмыс жүйесін ұсынған алғашқы ұйым. Яғни, өндірістен бастап, қызмет көрсетушіге дейінгі аралықтағы барлық қызметті қамтыды. Біле-білгенге, бұл қызметтердің ауқымы кең. Арнайы киімдерді жуу, химиялық тазалау, жөндеу, маркировкалау және тағы да басқа сіз бен біз сырын біле бермейтін тігін кәсібінің барлық қызметін меңгерген. Компания басшылығының айтуынша, мұндай тәсіл тиімділігін көрсеткен екен.

Екінші белес

«Қазақстанның индустриалды кар­тасында» «Астана – жаңа қала» ар­найы экономикалық аймағында «ASTANA Ютария Ltd» Өндірістік ин­новациялық компаниясы» ЖШС пайда болды. Бүгінде 7500 шаршы метр аумақта орналасқан компания 1500 атаулы өнім шығарады. Цехтарда жаңа, заманға сай автоматтандырылған, өнеркәсіптік және арнайы тігін машиналары, компьютерлік бағдарламалармен толық қамтылған пішу және кестелеу құрал-жабдықтары орнатылған.

Үшінші белес – Қарағандыда

Асылында, абыройы асқақ һәм беделі биік компания 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ірі кәсіпкерлік саласындағы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша «Парыз» сыйлығын алғаны барша бұқараға мәлім.

Ал, Қарағандыдағы «Ютария» жайлы бұрын естісек те, мамандарымен етене жақындасып, жүз жарастыра әңгімелесу бұйырмапты. Көптің көңілін күпті еткен басты сұрақ ол – аталмыш компания тіккен киімдер тұтынушы талабынан шыға ма екен?

– Әрине, көптің көңілінен шығу мүмкін емес. Десек те, біздің компанияның ең басты қағидасы ол тұтынушы денсаулығы һәм жұмысқа ыңғайлы ықшам киім тігу. Заманауи киім үлгілерінен де қалыс қалмақ емеспіз. «Тұтынушы денсаулығы» деп бақылаушы маман бекер айтпаса керек. «Денсаулық» дегені ол тек киімнің жылылығы ғана емес. Сонымен қатар, жылудан бұрын киім матасының адамға зияны тимейтіндей экологиялық таза болуы, етек-жеңдерінің тым келте пішілмеуі де жұмыскерлер денсаулығын ойлаудан, – дейді Техникалық бақылау бөлімі маманы Гүлнар Қарақұнысова.

Мысалы, алыстан арнайы белгі берер жолақтары бар кеудешені алайық. Қарап тұрсаңыз мұнда тігілгендердің етегінің артқы бел жағы ұзындау. Неге? Өйткені, кеншілердің көбінің белі ауырады. Кеудеше белінің ұзындау болуы сол суықты белге жеткізбеу, яғни, аурудың алдын алу. Сондай-ақ, белден жоғары болып келетін тартпалы шалбарларда бел мен жамбасты суықтан қорғау үшін арнайы тігілген. Мұндағы қыстық шалбардың бәрінің жамбасы екі-үш қабат синтепонмен сырылған. Ол іштегі жылуды сақтап, сырттың суығын өткізбейді.

Міне, қарапайым қағида қандай маңызды рөл атқарады. Тіпті, киімді тікпес бұрын, мата сапасына да қатты көңіл бөлетін көрінеді. Компанияның басты тұтынушылары кеншілер болғандықтан, қауіпсіздік пен денсаулық – басты орында. Сондықтан болар, мата сапасына жауап беретін технолог мамандар маталардың алдымен, отқа-суға сыналып, тексерілетінін айтады. Осындай жіті қадағалаудан соң ғана барып, матаның жарамды-жарамсыздығы анықталады.

Арнайы киімдерді кен орындарының өкілдері келіп, сынақтан өткізуге хақысы бар. Олар өз жұмыстарына керегін һәм өздеріне ұнаған киім топтамасын таңдап, оны жалпы дауысқа салады.

– Әр кеншінің өзіне тән тіркеу номері бар. Сол номер арқылы оған қысқы және жазғы киімдер беріледі. Қысқы сырт киім екі жылда бір рет, ал жаздық киім жыл сайын табысталады. Осындай жаңа тігілген киімді сол уақыты келген кеншінің бірі алады. Бұл – киімнің сынақ мерзімі. Егер аталмыш киім үлгісі жылылығымен, ыңғайлылығымен тұтынушы, яғни, кеншінің көңілінен шықса, онда ол киім сынақтан өтіп, сол кен орнының барлығына үлестіріледі, – дейді «Ютария» компаниясының Қарағанды қаласы бойынша инженер маманы Индира Байбосынова.

Маманның айтуынша, сапалы әрі заманауи үлгіде киім тігу – компанияның тек бір қыры ғана. Бүған қоса кенші киімі жыртылса, не кірлеген жағдайда олар жұмыс уақытынан соң арнайы орынға киімдерін тапсырады. Онда киімдер толық қаралып тексеріледі. Жыртығы болса жамалып, арнайы жуғыш ұнтақтар арқылы киімнің майы мен кірі кетіріліп, үтіктеліп иесіне дайын тұрады. Жұмысқа таңертеңгісін келген кенші еш алаңсыз өзінің таза киімін киеді.

Сапа – басты критерий

Компанияның маңызды бағыттарының бірі – корпоративтік арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдарын әзірлеу, дайындау, сату. Сондай-ақ, компания «ЭКСПО» халықаралық көрмесінде еріктілерге имидждік формалар дайындағанын атап өткен жөн. Компания жаңа жобаларды – медициналық киімдерді, күш құрылымдарына арналған киім-кешектерді, қонақ үй, мейрамхана бизнесіне арналған өнімдерді, үй тоқыма бұйымдарын, әйелдер мен балалар киімдерін, соның ішінде мектеп формасын тігуге батыл шешім қабылдай отырып, өз қызметінің аясын үнемі кеңейтіп келеді. Компания «Ең алдымен сапа» деген саясатты ұстанған.

Компанияның корпоративтік клиенттерінің тізімі ауқымды. Бұл – металлургия және мұнай-газ кешендері, тау-кен өнеркәсібі, химия және құрылыс индустриясы, әскерилендірілген күзет, тамақ өнеркәсібі, өрт сөндіру қызметі және басқа да салалардың жетекші кәсіпорындары.

«Біздің өндірісте ішкі нарықты бәсекеге қабілетті бағамен жоғары сапалы тоқыма және тоқылған бұйымдармен қамтамасыз ету үшін қажеттінің бәрі бар. Біз Қазақстан нарығына ғана тән жеңіл өнеркәсіпті дамыту саласындағы жаңа технологияларды, әзірлемелер мен инновацияларды пайдаланамыз. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің отандық өндірісін ұлғайту, жаңа биіктерге шығу, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, өткізу нарықтарын кеңейту қажет.

Қазақстанда тігін және трикотаж бұйымдары импортының үлесі әлі де көп, ал біздің кәсіпорындарымыз, әсіресе, шағын кәсіпорындар шетелдік жеткізушілермен бәсекеге түсе алмайды. Бұған сапалы отандық шикізаттың, маталардың, аксессуарлардың, кәсіби сәнгерлердің, дизайнерлердің кемдігі әсер етеді» дейді компания жетекшілері.

Бүгінгі таңда «Ютария» өндірісте отандық шикізат пен фурнитураны барынша пайдалануға тырысады. Бірақ, көбінесе қазақстандық нарықта қажетті техникалық сипаттамалары бар шикізат жоқтығы қолбайлау көрінеді. Я болмаса, өндірістің қажеттіліктерін жабу үшін отандық өндірушілер ұсынатын көлем жеткіліксіз. Осыған байланысты Ресей Федерациясынан, Беларусь Республикасынан, Түркиядан, Өзбекстан тауар өндірушілері мен жеткізушілеріне жүгінуге мәжбүр.

Жұмыстың тиімді ұйымдастырылуы, жоғары технологиялық жабдықтар мен кәсіби қызметкерлер сапалы киімдерді жылдам тігуге мүмкіндік береді. Дизайнерлер САПР TETRA CAD заманауи автоматтандырылған дизайн бағдарламасын қолдана отырып жұмыс істейді. Компанияның өндірістік қуатын өз ісінің білгірлері мен озық құрал-жабдықтар, тігін машиналары арттырып отырғаны да шындық.

Маман тапшылығын жоюға батыл қадам

Республикада жеңіл өнеркәсіп үшін кәсіби кадрлардың, оның ішінде жұмысшы ғана емес, сонымен қатар, технологтар, конструкторлар, инженерлер, дизайнерлер секілді инженерлік-техникалық қызметкерлер тапшылығы бар. Осындай маман қаттығын шешу мақсатында компанияда дуальды оқыту жүйесі іске қосылған. «Ютария ltd» компаниялар тобының өнеркәсіптік объектілерінде «Еңбек» бағдарламасы және «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламасымен кадрларды қайта даярлау бойынша аккредиттелген оқу орталықтары бар.

Расында, «Ютария» атауын тек тігінмен ғана байланыстыру қате. Сапа, денсаулық һәм оған жұмыспен қамтуды қосыңыз. Биылғы жылы ашылса да, қарағандылық тігін цехына бірнеше түлек қабылданған. Оның екеуі қазір осында қызмет етіп әжептәуір табыс табуда.

– Мысалы, «Бірінші жұмыс орны» және «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша бізде Ольга Венженовская мен Азиза Кәрімжонова жұмыс істейді. Ольга – технология және сервис колледжінің, ал Азиза – сән колледжінің түлегі. Колледж студенттері ретінде екеуі де бізде өндірістік тәжірибеден өтіп, оқуды бітіргеннен кейін қалуға ниет білдірді, жұмысқа орналасты. Бізде тағдыры әртүрлі әйелдер жұмыс істейді. Отбасында жалғыз асыраушы көпбалалы, жалғыз­басты аналар да бар. Көпбалалы ана Хафез Раушан нағыз еңбек торысы. Бес баланы тәрбиелеп отыр. Әйел болған соң, өзінің күнделікті күйбең тірлігі мен үй шаруашылығы бар. Күн сайын таңертең жұмыс алдында сиырын сауып, шаруашылығын дөңгелетіп келеді мұнда, – дейді  Шолпан Шәмшіқызы.

Қарап отырсақ, нағыз тағзым мен төрден түспес құрмет осы еңбек адамына тән. Мемлекет басшысының да басты назарға ұсынғаны осы қатардағы қарапайым жандар еңбегінің ескерілуі.

 – Қарағанды технология және сервис колледжінде оқып жүріп, осында іс-тәжірибеден өтуге келдім. Кейін жұмыспен қамту орталығы да оқуды тәмамдасымен мені осында жіберді. Жұмысым өзіме ұнайды. Мұндағы әріптестерім білмегенімді көрсетіп, өзіме жақын туыстай болып кетті. Жалақысы да мардымды, – дейді жас тігінші Ольга Венженовская.

Қарап отырсақ, қоғамға көмекті жасап жатқан қарапайым еңбек адамы. Оның ішінде тігіншілер еңбегі зор. Табыс пен денсаулық кепілі де дәл осы тігіншілер тізгіндеген тігін машинасы болса керек.

«Ютария» компаниялар тобы әлеуметтік жауапты жұмыс беруші қатарынан. Компания қызметкерлерін толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіп отыр. Тиісті төлемдер уақытылы жасалады. Жұмысқа тасымалдау жолға қойылған. Тегін тамақтандыру да бар. Сырттан келгендер үшін жатақхана жұмыс істеп тұр. Еңбек адамдарын ынталандыру үшін ақшалай әрі ескерткіш сыйлықтармен көтермелеу ұдайы іске асады. Мамандардың біліктілігін үнемі жетілдіру де басты назарда.

«Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз»

Шағын бизнестен орта бизнеске, одан кейін ірі бизнеске айналуға мемлекеттік қолдау зор әсер еткенін жасырмайды компания басшылығы.

– Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында «Даму» қоры арқылы тиімді қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Осылайша дамуға даңғыл жол ашылады. Біз жылдар бойы осындай қолдауға сүйендік. Ең бастысы – қорықпау, жасқанбау қажет. Жолды жүріп өту үшін алғашқы қадам жасау керек дейді ғой. Дәл солай. Біз күн сайын нық қадам жасап келеміз. Әзірге іркілу ойымызда да жоқ. ҮИИД бағдарламасымен Индустрияландыру картасына кірген екі жобаны іске асырдық. Екі жоба монақалада жүзеге асты. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы жаңа өндіріс кешені де біздің жобамыз. 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау және кепілдендіру бойынша Жезқазған қаласындағы «Ютария ltd» ЖШС тігін өндірісін кеңейту және жаңғырту жүргізілді. Бұл жоба – елдің Индустрияландыру картасындағы жобалардың қатарына енді.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасымен Сәтбаев қаласында жалпы ауданы 1800 шаршы метр болатын 2-ші жоба – «Индустриялық қызметтер комбинаты» іске асырылды. Комбинат «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қызметкерлеріне тұрмыстық қызметтер көрсетеді. Жаңа жұмыс орындары құрылды, жаңа мамандықтар ашылды. Атап айтқанда, «Қызметтерді автоматтандырылған есепке алу операторы» және «Индустриялық технологиялық орталықтың операторы» мамандықтары пайда болды. Біздің клиенттерге ұсынылатын тазалау және қызмет көрсету сервисінің өндірістік циклі автоматтандырылған. Индустриялық қызметтер жобасы сапалы қызмет көрсетіп, азаматтарымыздың тұрмысына ықпал ететіні сөзсіз, – дейді компанияның Жезқазған қаласындағы директоры Тұрсынай Ибадатова.

Түйін

«Ютария ltd» ЖШС-нің өткенін саралап, ертеңгі күнге межелеген жоба-жоспарларына үңілсеңіз, бұл кәсіпорынды келешегі кемел компания деп айтуға толық негіз бар.  Ілкімді жоба – іркіліссіз өндірістің кепілі десек, бұл кәсіпорында кенжелеп қалған отандық жеңіл өнеркәсіптің жолын жеңілдетер бастама баршылық. Иә, елімізде тігін-тоқыма саласына қажетті шикізат қоры (жүн, түбіт, мақта) мол бола тұра, жеңіл өнеркәсіптің жолы ауыр болып тұрғаны жасырын емес. Еңбек адамына төр ұсынып, әр тігіншінің әлеуметтік жағдайына мән беретін «Ютария» секілді компаниялар тұрғанда, бұл олқылықтың орны толары даусыз.

 Анасы тігінші болып істейтін баланың киімі бүтін болатыны сияқты, жеңіл өнеркәсібі дамыған елдің экономикасы еңселі болмақ. Тәуелсіз Қазақстан текстилінің алғашқы қарлығаштарының бірі «Ютария» осы мақсатқа ой жұмылдырып, ұлы мұратқа ұмтылған өндірістік желі ретінде көш бастап барады…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button