Басты тақырып

Келелі келіссөзден – кәделі іске

   «ЭКСПО-2017» Көрмесін өткізуге әзірлік қарқынды жүргізілуде. Халықаралық деңгейдегі келіссөздер – соның дәлелі.

Мәселен, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы «National Geographic-пен» бірге арнайы жобаны жүзеге асыруда. Бұл туралы компанияның Ілгерілету және туризм департаменті директорының орынбасары Роза Асанбаева, «National Geographic Traveler» бас редакторы Ольга Яковина, Ілгерілету және туризм департаментінің бас менеджері Даниел Сержанұлының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

«Халықаралық «National Geographic Travel Awards» жүлдесі өзіндік туризм саласының Оскары болып табылады. Биыл жүлде серіктесі – «ЭКСПО-2017» атанды. Қазақстан бүгінде мейлінше әлеуеті зор бағыт. Оған деген қызығушылық күн арта өсуде. Сондықтан, біз халықаралық, ресейлік туризм мен саяхат туралы жетекші басылым ретінде оған назар аудармай тұра алмадық», – деді өз сөзінде Ольга Яковина.

Арнайы жоба екі байқаудан құралған. Бірі – «Қазақстан – жаңа ашылым уақыты», екіншісі – «Қазақстан – болашақ энергиясы».

«Қазақстан – жаңа ашылым уақыты» маршруттар байқауы 8 қыркүйек пен 6 қараша аралығында өткізілуде. Қатысамын деушілер nat-geo.ru мекен-жайына Қазақстанның көрікті жерлері туралы өз жұмыстарын жолдауларына болады. Бас жүлдеге лайық жұмыс «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне жолдама алады. Әрі жүлде 17 қараша күні Мәскеу қаласында өткізілетін «National Geographic Traveler Awards-2016» салтанатты шарасында табыс етіледі.

«Қазақстан – болашақ энергиясы» фотобайқауы 28 қыркүйекте басталып, 28 қазанға дейін өткізіледі. Оған да қатысамын деушілер nat-geo.ru сайтына Қазақстанның суреттерін жолдауы тиіс. Байқау қазылары ең үздік жұмыс иелерін 1 қараша күні атайтын болады. Жеңімпаздың еңбегі «National Geographic-тің» әлеуметтік желілерінде орналастырылады. Жеңімпаз «National Geographic» командасы және шеф-фотограф Андрей Каменевпен бірге 2017 жылдың мамыр айында фотоэкспедицияға қатысады.

♦ ♦ ♦

Жуырда «ЭКСПО-2017» көр­месінің жоспары Лондонда әлеуетті әріптестер мен демеушілерге таныстырылды.

Іс-шараға шамамен 500 ірі халықаралық ұйым мен қаржы институттары қатысты.

«Қазақстан – бұл әлемдік аренаға өзін қарқынды дамушы ел ретінде көрсетуде үлкен әлеуеті бар, Орталық Азияның дәл ортасында орналасқан мемлекет. Біздің бизнесмендер осы елге көңіл бөліп, бизнес және экономика саласымен танысқандары жөн деп санаймын», – деді презентация барысында BNEF бас редакторы Ангус Маккрон.

Кездесуде «ЭКСПО-2017»-мен әріптестік, өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Халықаралық бизнес қоғамдастығы өкілдері 2017 жылы Астанада өтетін көрме әріптестері және қатысушылары ретінде ынтымақтастықтың әртүрлі мүмкіндіктерін ұсынды.

Бүгінгі күні «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Көрмеге отандық және шетелдік әріптес компаниялардан 125,5 млн. еуро көлемінде демеушілік салым тартты.

Дерек үшін.

«Bloomberg» – Bloomberg New Energy Finances (BNEF) компаниясының халықаралық бөлімшесі энергетика, қаржы және саясат мәселелері бойынша ақпараттық-кеңес беру қызметтерін көрсетеді.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button